Студенттер мен ұстаздар ұйғарымы

Қостанай таңы, 29 желтоқсан (№ 153), 2010 ж.

Елбасының Президенттік өкілеттілігін 2020 жылдың алтыншы желтоқсанына дейін ұзартуға байланысты референдум өткізу идеясы еліміздің әр өңірінде қолдау табуда. Осы мақсатта Өскеменде бастамашыл топтың ұйымдастыруымен өткізілген шараға біздің Қостанай облысынан да отыз бес делегат қатысып қайтқан болатын. Солардың арасында Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры Қуат Баймырзаев та бар екен Осы шараға атсалысып қайтқан ректор институт ұстаздары мен студенттер қауымының басын қосып, ғылыми кеңес өткізді. Қуат Маратұлы бұл референдумды ел болып қолдап жатқандығын, Елбасының сындарлы саясатына бүкіл халықтың көңілі толатындығын, яғни ел экономикасының қарыштап дамуы Елбасы-мен байланысты екендігін, сондықтан өкілеттілікті ұзарту қажеттігін ерекше атап өтті.

- Өскеменде бас қосқан бастамашыл топтың арасында болып қайтқан қостанайлық делегаттардың арасында мен де болған едім. Бұл айтулы шарада еліміздің әр өңірінен жиналған ынталы топ Елбасының Президенттік өкілеттілігін 2020 жылдың 6 желтоқсанына дейін ұзартуды көтерген еді. Бұл бастаманы ел болып қолдап жатыр. Біздің ұжым да, яғни ұстаздар мен студенттер қауымы бұл референдумды бірауыздан қолдайды, - дейді ректор Қуат Маратұлы.

Ғылыми кеңесте сөз алған студенттер мен жас мамандар да өздерінің халықпен тілегінің бір екендігін тілге тиек етті. Ғылыми кеңестің мүшесі ретінде сөз алған аталмыш оқу ордасының студенттер Альянсының төрағасы Ерлан Тулетаев та Елбасының жастар үшін жасап жатқан қамқорлығының ұшан теңіз екендігін әрі өзінің де осындай көреген басшы басқарып отырған тәуелсіз елде өмір сүріп жатқандығын зор мақтанышпен жеткізді.

- Мен өзім осы институтта грантта оқып жатырмын. Біздің елімізде жастарға, жас мамандарға қамқорлық таныту ешқашан назардан тыс қалған емес. Елбасымыздың тікелей қолдауымен қазір еліміздің талантты да білімді жастарының тегін білім алуына, одан қала берді шетелдерде білім алуына да жағдай туғызылып отыр. Осындай егеменді елде тегін білім алып, жақсы да жай-лы өмір сүріп жатқан біздер бақыттымыз. Елбасымыз да еліміздің ертеңі - жастарға зор сенім артады. Олай болса, біз студенттер қауымы Елбасын қолдаймыз, - дейді Е. Тулетаев.

Сондай-ақ, ғылыми кеңесте тарих және өнер факультетінің деканы, профессор Е. Рубинштейн, студенттер кәсіподағының төрағасы С. Манасбаев, жас маман Р. Байдалы сөз сөйлеп, бәрі де бірауыздан Елбасының Президенттік өкілеттілігін ұзартуды қолдайтындығын жеткізді.


Карлығаш Оспанова

Наши координаты

110000, г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, 118

  • Тел./факс: +7 (7142) 51-11-57

Мы в социальных сетях

Вы здесь: Главная Библиотека СМИ о нас Студенттер мен ұстаздар ұйғарымы