Студенттер үшін барлық мүмкіндіктер жасалды
Қостанай таңы, 2013 жылы, 23 қантар, №9
Еліміздің көптеген жоғары оқу орындары аталған халық-аралық талаптарға сәйкес өз міндеттерін орындауда Бұл орайда, әрине білім беру саласына, әсіресе, кәсіптік мамандар даярлау саласына ерекше назар аудару қажеттігі анық. Сондықтан да еліміздегі білім сапасы жоғары оқу орындарының қатарына география ғылымдарының докторы, профессор Қуат Баймырзаев жетекшілік етіп отырған Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтын айтуға болады.
Соңғы жылдары "мектеп бітірушілер мамандықтарын дұрыс таңдайды ма?" – деген сауал ой мазалайтын сұрақтың біріне айналды. Бұл сұраққа жауап іздейтін болсақ, мектеп бітіруші алдымен өзінің таңдайтын мамандығына деген қызығушылығымен қатар болашақта қоғамдағы рөлім қандай болады, еліме қандай пайдамды тигіземін, таңдаған мамандығым тиімді ме? – деп ойлануы қажет.
Мамандық таңдап отырған мектеп бітіруші түлектерге бүгінгі күні "педагог" мамандығын таңдау, тиімді әрі пайдалы екенін айта кетуге болады. Себебі, соңғы жылдары еліміз-де педагог мамандықтарына көптеп білім гранты бөлінуде, мұғалім мәртебесі көтерілуде. 2012 жылы Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтын бітірген кейбір студенттеріміз магистратураға грант есебімен оқуға түсіп, қазір Астана, Алматы т.б сияқты ірі қалаларда білім алуда. Тіпті докторантураға грант есебімен білім алып жүрген оқытушылар да бар.
Қостанай мемлекеттік педагогика институты – үлкен білім және ғылым ордасы – деп айтсақ, артық емес. Бүгінгі күні алты ғылым докторы, жетпіс алты ғылым кандидаты, он екі білім беру саласының құрметті қызметкері, тоғыз Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгінің иегері, жеті ҚР-ның Білім және ғылым дамуына еңбек сіңірген үздіктер, алты үкіметіміздің орден және медальдарымен марапатталған білікті профессорлық оқытушылар құрамы студенттерге жоғары деңгейдегі білім беруде. Институтта оқытушыларға барлық жағдай жасалған.
2012 жылдың 13 қарашасында ҚР Білім және ғылым министрлігінің тарапынан тәуелсіз комиссияның ұйымдастыруымен мемлекетіміздің барлық жоғары оқу орындарында студенттердің оқу жетістіктерін сырттай бағалау жүргізілді. Нәтижесінде, Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты студенттерінің білімдері жоғары бағалануы – оқу орнымыздың сапалы маман даярлайтынын дәлелдей түседі.
Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтында түрлі үлкенді-кішілі шаралардың өткізіліп тұратыны белгілі. Өткен жылы институтымыздың ректоры Қуат Баймырзаевтың ұсынысымен оқу және әдістемелік жұмыстар жөнін-дегі проректоры, з.ғ.к., профессор Төлеген Мұхтардың ұйымдастыруымен өткен "Үздік студенттер слетін" айтуға болады. Бұл шараға "үздік" оқитын студенттеріміз қатысты. Ректорымыз Қуат Баймырзаев үздік студенттерге ақшалай сыйлық, ата-аналарына алғыс хат, сертификат тапсырды. Мерекеге Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтын үздік бітірген түлектер, Қостанай облысының білім беруді бақылау саласы департаментінің директоры, п.ғ.к., доцент Бәтима Даумова, облыстық "Нұр Отан" ХД партиясы филиалы төрағасының бірінші орынбасары, п.ғ.д., профессор Римма Бектұрғанова қатысып, студенттерге тілектерін айтып, институтымызға өз алғыстарын білдірді.
"Өрлеу" білім жетілдірудің Ұлттық орталығының аясында оқытушыларымыз шетелдерден тәжірибе алуда. Атап айтатын болсақ, Кембридж университетінде – Виктория Коваль, Марина Ильященко; Германияда – Әлия Нұрышева; Цукуба университетінде (Жапония) – Анжелика Ткаченко, Гүлшат Хамзина, Ольга Полевая.
"Электронды журнал" – білім беру ісінде жақсы көмекші құрал екені бәрімізге белгілі. Бұл құрал студенттер және ата-аналар үшін өте ыңғайлы болып отыр. Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтында студенттердің білімдеріне айқындылық таныту мақсатымен ұйымдастырылған бұл тегін электронды журналда, студенттің сабаққа қатынасуы, білімдерінің бағалануы айқын көрсетіледі. Сырттай оқу бөлімдері үшін "қашықтықтан оқыту" жүйесі енді. Бұл алыста тұратын студенттер үшін өте тиімді. Сырттай оқитын студент ғаламтор көмегімен білім беруші оқытушымен байланысу арқылы ұсынған тапсырмаларын орындап, алған бағаларын үйлерінде отырып-ақ біле алады. "Қашықтықтан оқыту" жүйесі бойынша студент қазір емтиханын институтқа келіп тапсыруда. Институтымызда академиялық ұтқырлық бағдарламасы белсенді жүргізілуде. 2012-2013 оқу жылында институтымыздың жеті студенті Перпиньян (Франция) қаласындағы ВИА Домисия университетінде білім алып оралды. Шетелде білім алған студенттеріміз институтымыздың беріп отырған білімі ол жердегі оқу орнынан кем емес екенін әңгімелейді. Алдағы уақытта АҚШ-ғы Батыс Вирджиния университетіне студенттерді білім алуға жіберу мақсаты көзделіп отыр.
Еліміздің жедел дамуына сәйкес, Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтында тегін электронды журналдың енуі, академиялық ұтқырлықтың белсенділігі, "қашықтықтан оқыту" жүйесінің енуі, "Өрлеу" білім жетілдірудің Ұлттық орталығымен тығыз байланыста болуы, көптілді орталықтың ашылып, көптілге бет бұруы біздің жоғары оқу орнымызға жаңа леп әкелгендей.
Мектеп түлектері және олардың ата-аналарына айтарымыз, Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтын таңдаған студенттің болашағы жарқын екеніне сенім артуға болады.