Халықаралық көрмеге дайындық – Қостанай өңірінде де басталды

Учительская плюс, 15 марта 2013 г., № 10 (52)

Қазақ елі Тәуелсіздігін алғаннан бері қуатты мемлекет ретінде қалыптасып, әлемнің алдыңғы қатарлы еліне айналу жолында талай белестерді бағындырды, тамыры тереңде жатқан төл тарихымыздың жаңа беттері ашылды. Осы қысқа ғана уақыт ішінде экономикалық және әлеуметтік маңызы зор жобаларды қолға алып, әлемдік деңгейдегі іс-шаралардың өтуіне ұйытқы бола білдік. Жаһандық мәселелер талқыға түскен кешегі ЕҚЫҰ-ның саммиті, Астана экономикалық форумы, Инвестициялық форум, Дүниежүзілік ислам экономикалық форумы жас мемлекетіміздің мерейін үстем етіп, абыройын асқақтатты. Осы оқиғалардың тарихи жалғасы ретінде Орталық Азия өңірінде ғана емес, ТМД аумағында алғаш рет «ЕХРО-2017» халықаралық көрмесі Елордамыз Астанада өтетін болды.

Франция астанасы Париж қаласында Халықаралық көрмелер бюросы Бас Ассамблеясының 152-ші сессиясында әлемнің 161 мемлекеті жасырын дауыс беру арқылы халықаралық көрмелер бюросының 103 қатысушы-мемлекеті Астананы қолдап, 44-і қарсы дауыс берді. Осылайша Белгияның Льеж қаласымен бәсекеге түскен Қазақ елі астанасы айқын басымдықпен жеңіске жетті. «EXPO» көрмесінің Астанада өткізілуі – жаһан жұртшылығының Қазақстанды мойындай білгендігінің белгісі.

Астана EXPO-2017-нің басты ұраны – «Болашақ энергиясы». Бүгінде бұл бүкіл саналы адамзатты толғандырып отырған түйінді мәселе екендігі даусыз. Жұмыр жерді мекендейтін 7 миллиардтан астам халық болашақта қуат көздеріне деген тапшылықтың аса күрделі болатындығын бүгіннен-ақ қатты сезінуде. Қасиетті қазақ даласының қойнауындағы мұнай мен газдың мол қоры бола тұра және уран өндіруден әлемде бірінші орынға шыққанына қарамастан Қазақстан қазірдің өзінде адамзат болашағын айқындайтын баламалы қуат көздерін дамытуға айрықша ден қойып отыр. Қазірдің өзінде Қазақстан бұл көкейкесті мәселе бойынша бірқатар ғылыми жаңалықтар мен озық ойларды алға тартуда. Әрине, «Болашақ энергиясы» – жел, күн, су, ғарыш баламалы энергетика, биомасса энергиясы, атмосфераға СО2 қалдықтарын төмендету мәселелерін терең қозғайтын өте ауқымды түсінік.

Астанада EXPO-2017-ні өткізу елорданың, жалпы, бүкіл республикамыздың экономикалық және инфрақұрылымдық дамуына жаңа серпін береді. Көрме кешенінің құрылысын салу елімізге жаңа инвестициялар әкеледі. Көрме кешені орналасатын аймақтың инфрақұрылымы дамып, қоғамдық көліктердің жаңа бағыттары ашылады. Атап айтқанда, көрме өткізу қарсаңында қаламызда аспалы жеңіл рельсті (LRT) көлік іске қосылатын болады. Астанадағы шағын және орта бизнес саласы дамиды. Қызмет көрсету және қонақ үй бизнесі мол қаржылық қолдауға ие болады. Астананың мәдени және рухани дамуына жаңа мүмкіндіктер ашылады. Еліміздің өндіріс саласына мол инвестициялар тарту мәселесі күн тәртібіне қойылады. «EXPO-2017» көрмесін өткізу нәтижесінде еліміз энергетика саласында озық технологияларды өндіріске енгізу идеяларын қабылдап, бұл саланы дамыту мақсатында әлемдік инвесторлардың қолдауына ие болады. Елімізде туризмді дамытуда тың серпілістер жасалады. Туристтермен көрмеге қатысушылардың көп саны оларға қызмет көрсетуші жеке қызметтердің белсенді дамуына жол ашады. Өйткені келушілерге тұратын орын, сапалы тамақ, аудармашылар, экскурсиялар мен ойын-сауық қажет болады. Сондықтан қосымша жұмыс орындары мен табыс табу мүмкіндіктері пайда болады. Қазірдің өзінде осы үлкен науқанға дайындық басталып кетті. Елордасы Астанада экскурсовод, гид-аудармашылардың біліктілігін арттыруға арналған республикалық үш күндік семинар ұйымдастырылды. Оған Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтынан дене шынықтыру, спорт және туризм факультетінің туризм және спорт менеджменті кафедрасының аға оқытушысы И.Гурская және «Туризм» мамандығының ІІІ курс студенті Н.Шкваренко қатысып келді.

Астанада өткен басқосудағы көтерілген тағы да бір мәселе – «EXPO-2017» дүниежүзілік көрмесі барысында еліміздің туризм саласына мамандар дайындау. Оған қазірден бастап туризм саласындағы гид-аудармашы, экскурсоводтарды дайындауды қолға алу – басты бағыттардың бірі. Міне, елордамызда өткен жиыннан осы және басқа да әсерлерімен бөлі-сіп келген сала мамандарының сөзіне құлақ түрсек.

И.Гурская, Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының дене шынықтыру, спорт және туризм факультетінің туризм жәнеспорт менеджменті кафедрасының аға оқытушысы өз пікірмен бөлісті:

– 150 жылдық тарихы бар халықаралық көрмені өткізу құқығына ие болу біздің мемлекетіміздің жоғары мәр-
тебесі мен беделінің әлемдік қоғамдастыққа танылуына және Қазақстанның халықаралық деңгейде алға жылжуына ықпал ететін болады. Қазақ елі әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекеттеріндей туризм алпауыттарының қатарына ене ала ма, осы мәселе қазір баршамызды ойландырып жүрген өткір сұрақтардың бірі. Басқосудың мақсаты да халықаралық көрме кезінде шартараптан келетін 5 млн астам адамдарды қазақи қонақжайлықпен қабылдап, оларға Қазақстанның ең көрікті орындарын көрсету, тарихи ескерткіштер, жәдігер-мұраларымызбен таныстыру барысын жеткізу болатын. Қазақстан – небір табиғаты сұлу өңірлері бар елдердің бірі. Бүгінгі таңда экономикамызды арттыруға бағытталған үкіметтік деңгейде көтерілетін өзекті тақырыптардың бірі де – осы республикамыздың көрікті орындарын мақсатты туризм орталықтарына айналдыру болып отыр. Үш күнге созылған семинар барысында еліміздің басқа өңірлерінен келген білікті мамандар теориялық тұрғыдан дәрістер оқыды. Олар еліміздің тарихи құндылықтарын, мәдени жәдігерлері жайында айтты. Келешекте еліміз «EXPO-2017» дүниежүзілік көрмесі кезінде ғана емес, одан кейін де туризм орталықтарының біріне айналатынына сенімдімін.

Н.Шкваренко, «Туризм» мамандығының ІІІ курс студенті:

– Барша қазақстандықтарды Астанамыздың әлемдік деңгейдегі жеңісі жігерлендіріп отыр. Студенттер мен жоғары сынып оқушылары үшін бұл көрме өзге тілдерді үйренудегі тіл жаттықтыруға, жетекші әлемдік ғылыми мектептермен танысып, бұдан былай кәсіби өсу үшін идеялар табу мүмкіндіктерін бермек.

Мен осы ел тарихындағы аса маңызды шараның қайнаған ортасына түскеніме өзімізді бақытты санаймын. Бұл біріншіден, мені жастайымнан өзге халықтың тілдерін білуге баулыған ата-анамның, екіншіден, қазір жоғары білім нәрімен сусындатып отырған Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты басшылығы мен профессорлық-оқытушылар құрамының арқасы деп білемін.

Осы семинарға қатысу мүмкіндігіне ие болғандықтан, жауапкершілік жүгін жақсы түсінгендеймін. Себебі, алда әлі 4 жыл уақыт болса да, мен сол сәтті асыға әрі қобалжи күтемін. Дайындық науқаны мені сол уақытқа бір табан жақындатты. Білікті мамандар бізге Астана қаласында танымдық экскурсияны кәсіби тұрғыда жүргізе білуге, шетелден келген қонақтарды қарсы алып, ұйымдастыру шараларын өткізуге үйретті. Танымдық жағынан көптеген мағлұматтар алдық. Менің ойымша, бұл тек бастамасы ғана. Қызу дайындық науқаны – әлі алда. Осы жолда бәріміз жұмыла еңбек етуіміз керек. Мәселен, жуырда аталмыш халықаралық көрмеге дайындық науқанының аясында Қостанай қаласы мектептерінің 10-11 сынып оқушыларының арасында «Жас экскурсоводтар» конкурсы Қостанай облысы әкімдігінің білім басқармасының «Балаларға қосымша білім беретін өңірлік оқу-әдістемелік орталығының» көмегімен біздің Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты қабырғасында ұйымдастырылады.

Аталған конкурстың мақсаты – жас өлкетанушы-экскурсоводтарға өз ісіне қажетті әдіс-тәсіл көрсету арқылы оқушылардың кәсіби біліктілігін шыңдау, туған өлкесіне деген патриоттық сезімдерін ояту, еліміздің тарихи-мәдени құндылықтарын үйрету және оны бағалай білуіне жол ашу. Мектеп қабырғасын бітіргелі отырған оқушылар арасында болашақта экскурсовод, гид-аудармашы болуға талабы бар таланттарды анықтау. Сол арқылы еліміздегі сала мамандарының тапшылығы турасындағы проблемаларды шешуге аз да болса үлес қосу. Қабілеті бар оқушыларды шыңдай отырып, алдағы уақытта өз мамандықтарын сүйіп оқитын, және сол жолда ел игілігі үшін еңбек ететін кәсіби мамандарды дайындау болмақ.

Қуатты Қазақстанды құру үшін қуатты экономика керек, ендеше «ЕХРО-2017» біздің елдің дамуына зор серпіліс беретін аса маңызды шара болмақ. Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан-2050 даму стратегиясы аясындағы Халыққа Жолдауында: «...кейінгі толқын жастарға айтарым: Сендер – болашаққа деген үкілі үмітіміздің тірегісіңдер. Біздің бүгінгі атқарып жатқан қыруар шаруаларымыз тек сендер үшін жасалуда. Сендер тәуелсіз Қазақ елінің перзенттерісіңдер.Тәуелсіз елде туып, тәуелсіз елде тәрбие алдыңдар. Сендердің азат ойларың мен кемел білімдерің – елімізді қазір бізге көз жетпес алыста, қол жетпес қиянда көрінетін тың мақсаттарға апаратын құдіретті күш. Мен барша халқымды жарқын болашаққа жол бастайтын адамзат баласының мәңгілік құндылықтары – ерік-жігер мен еңбексүйгіштік, мақсаткерлік қасиеттерді бойға сіңіруге шақырамын. Мен XXІ ғасыр Қазақстанның «алтын ғасыры» боларына сенемін. Бұл бейбітшіліктің, тұрақтылық пен гүлденудің ғасыры болады. Қазақстан халқы ұлы тарихтың иесі атануға лайық. Біз көздеген мақсатымызға міндетті түрде жетеміз. Мәңгілік Ел болу жолындағы ұлы істеріміз жаңа дәуірлерге жол ашсын!» деген болатын. Олай болса, Қазақ елінің жасампаз жастары жасасын!

Дидар ЖҰМЕКЕНОВА,
Айнұр ПАНИЯЗ,
Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының
аға оқытушылары, география магистрлері

Наши координаты

110000, г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, 118

  • Тел./факс: +7 (7142) 51-11-57

Мы в социальных сетях

Вы здесь: Главная Библиотека СМИ о нас Халықаралық көрмеге дайындық – Қостанай өңірінде де басталды