Білім ордасындағы тағылымды кездесулер
Учительская плюс, 19 апреля 2013 г., № 14 (56)
Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтында студенттер мен ұстаздар үшін тағылымды кездесулер жиі болады. Жақында белгілі меценат және қоғам қайраткері Сапар Ысқақов институт қонағы болды.
Өмірі өнеге адам
Алдымен студенттер қонағы туралы бірер сөз. Сапар Ысқақов – еліміздегі танымал тұлғалардың бірі. Ол 2005 жылы «Жыл адамы», 2006 жылы «Алтын адам», 2006 жылы «Жылдың іскер адамы», 2008 жылы «Жыл патриоты» атағын алды. «Құрмет» орденін кеудесіне тақты. 2007 жылы Мәскеу оған «Жүзжылдық меценаты» атағын берді, сонымен қатар Сапар Ысқақұлы Ресейдің «Золотой компас» кубогінің екі рет иегері, Ресейдің «Держава», «Рубиновый крест», Ұлыбританияның «Королева Виктория» ордендерінің кавалері. Қазақстан Республикасы Президентінің құрмет дипломымен, Швейцарияның халықаралық «Алтын медалімен» марапатталды.
Атымтай жомарттығымен танылған Сапар Ысқақов «Халықаралық меценат академиясының» және жер шарындағы алты континетте орналасқан жүзден аса елді аралаған ол «Халықаралық туризм және спорт академиясының» да академигі атанды. 2007 жылы Оңтүстік полюсті, яғни Антарктидаға, 2008 жылы Солтүстік полюске – Арктикаға Қазақстанның көк Туын қадады. Оның есімі Мәскеудің 850 жылдығы атындағы парктегі «Национальное достояние» гүл-зарына мәңгілікке жазылды, сонымен қатар Қазақстанда шыққан «Олар Отанымыздың даңқын асырды» кітабынан орын алды. Осы марапаттардың өзі Сапар Ысқақұлының еліне сіңірген еңбегінің дәлелі болса керек.
Міне, осындай жан-жақты, өмірі өнеге адаммен кездесу жастар үшін өте қызықты болды. Педагогика институтындағы туризм және спорт менеджменті кафедрасы студенттері мен ұстаздары қонаққа туризм жөнінде көптеген сауалдар берді. Оның себебі бар. Алдымен Сапар Ысқақұлы дүниенің төрт бұрышын кезген турист екенін айттық. Жас кезінен ұшқыш болуды армандаған Сапар Ысқақұлы егде жасына қарамай, стратосфераға ұшып, көк жүзін де көріп қайтты. Ал аспанның бұл қабатына туристер түгел кез келген ұшқыш та тәуекел ете бермейді. Әсіресе, Сапар ағаның жастық шағы туралы айтқан әңгімесі студенттер үшін тек тағылымды ғана емес, әр жастың өміріне темірқазық етіп алардай үлгі еді.
– Мен Қарағанды политехникалық институтына түскенде бір ауыз орысша білмейтін ауыл баласы едім. Мен қалада өскен жігіттер мен қыздардан көп артта қалғанымды сезіндім. Бұл менің намысымды оятты. Мен кітапханадан шықпайтынмын. Маркстің «Капиталын» 3 рет. Энгельстің «Анти-Дюрингін» 2 рет қайталап оқып шықтым. Қарағандыға келген концерттерді, спектакльдерді қалдырмайтынмын. Білуге деген құштарлық менде әлі сейілген жоқ, – деді Сапар Ысқақұлы.
Сапар аға жастарға өмір бойы оқуға, өзіне рухани байлық жинауға кеңес берді. Өзі мектепті тек «бес» деген бағамен бітірді, институтты да өте жақсы аяқтады. Телегей-теңіз білім жинады. Өмірдегі табыстарына білімнің арқасында қол жеткізді. 90-шы жылдардан бастап құрылыс бизнесімен айналысып, артық қаржысын қалтаға салмай, қайырымдылықпен айналысты. Онан кейін қазақ музыкасының әлемге танылуына үлес қосты. Дамаскдегі Әл-Фараби мен Бейбарыс сұлтанның кесенелерін жөндеуге атсалыс-ты. Оның меценаттығымен Лондонда, Токиода, Нью-Иоркте және әлемнің басқа қалаларында қазақ музыкаларынан концерттер берілді.
Ол жастарға Қазақстанда кенжелеп отырған туризмнің проблемалары жөнінде айтты. Қазақстанды әлемге танытатын мұнай, өндіріс емес, халқымыздың өнері, жастардың спорттағы табыстары және туризм екеніне тоқталды. Еліне қызмет етуде өзіндік қолтаңбасы бар адаммен кездесу әр студенттің ізденісін оятар деп ойлаймыз.
Чемпион туған ұясына келді
Мұнан кейін тағы бір кездесу Сочидегі әлем чемпионатында конькимен сырғанаудан үздік көрсеткішке жеткен жерлесіміз Денис Кузинмен өтті. Оны жақында қостанайлықтар аса зор қуанышпен күтіп алған болатын. Ал педагогика институтының ұжымы Кузинді мақтаныш етеді. Себебі Денис – біздің студентіміз. Ол дене шынықтыру спорты және туризм факультетінің 4-ші курсында оқиды.
Денис жастарға спорттың тек еңбектен тұратындығын әңгімеледі. Ол он бес жылдан бері спорттың осы бекзат әрі күрделі түрімен айналысады. Талай жарыстарда Қостанайдың, одан қалды еліміздің намысын қорғап келеді. Дайындық жаттығуларын тынбай жасады. Әлем чемпионатында еліміздің көк Туын желбірету Қазақстан тарихында тұңғыш рет Денистің еншісіне тиді. Ол чемпионаттың алдында жараланып, ауыр операцияға да түскен болатын. Соған қарамай, жаттықтырушыларының кеңесін тыңдап, әлем чемпионатына тәуекел етті. Ол 1000 метр қашықтықты 1 минут 9,14 секундта сырғанап өтті. – Мен үшін маусым нашар басталып, жақсы аяқталды. Әрине, маңдай тердің арқасы, – деді чемпион ағынан жарылып. Кездесуде институт ректоры Қуат Баймырзаев чемпионды құттықтап, оған алдағы уақытта мұз айдынында еліміздің даңқын асыра беруіне тілектестігін білдірді. Дениске өзінің білім алып жатқан институты атынан телевизор сыйлады.