Ғылымның биік шыңына

Қостанай таңы, 2014 жыл, 18 ақпан, С. 5

18.02.14Елбасы Нурсултан Назарбаевтың биылғы жылғы "Қазақстан жолы - 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ" атты Жолдауы туралы пікірімді айтпақпын. Маңызды құжаттың мағынасы терең, мазмүны бай.

Жолдауды мен қызмет істейтін Қостанай мемлекеттік педагогика институтының ұстаздары мен студенттер қауымы қызу қуаттауда. Жолдау баспасөзде жарияланысымен талдап, талқылауға кірістік.

Маған Жолдаудың, әсіресе, әсер еткен тұстарына келсек, онда: "Таяудағы екі, үш жылда дуальдік, техникалық және кәсіптік білім берудің ұлттық жүйесінің негізін қалыптастыру керек. Келешекте жастардың техникалық білім алуын мемлекеттік кепілдендіруге көшіруді қарастыру қажет" деп атап көрсетілген. Меніңше, бұл нағыз бүгінгі күннің сұранысы. Кәсіптік және техникалық білім берудің ұлттық жүйесін жетілдіруді заман талап етуде.

Мен осы мақалада Қостанай мемлекеттік институтының алда келе жатқан 75 жылдық мерейтойына орай химия кафедрасының жеткен белестері туралы ой бөліспекпін.

Алғашында биология-химия факультеті болып аталған факультет 1961 жылдан жұмыс жасай бастады, ал химия кафедрасы жеке кафедра болып 1968 жылы ашылды. Міне, биыл 46 жыл бойы облысымызға, арғысы Қазақстанның түкпір-түкпіріне химия мамандарын даярлауға үлкен үлес қосып келеді.

Институт басшыларының қолдауымен, кафедра ұжымы былтыр қыркүйек айында осы кафедраның алғашқы меңгерушісі Людмила Слепцованың 90 жылдық мерейтойын атап, студенттерге өнеге боларлық сол кісінің еңбегі жайлы мағыналы іс-шара өткізді. Бұл да ұстаз еңбегінің ешқашан ұмытылмайтынының бір дәлелі.

Кейін, 1973 жылдардан бастап химия кафедрасы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің бір кішкене жалғасына айналғандай, сол университетті бітірген мамандармен толыға бастады.

Сол жылы кандидаттық диссертациясын қорғап, университет жолдамасымен Утина Зәуреш Есімханқызы келді. Бір жылдан кейін химия ғылымдарының кандидаты Ханапин Қартай Ғаббасұлы келді. Бұл кісілер-белгілі ғалым, химия ғылымының докторы, Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, КазГУ-дің химия факультеты ширек ғасырдан артық басқарған Бірімжанов Батырбек Ахметұлының алғашқы аспиранттарының бірі болатын. Зәуреш Утина 1975 жылы кафедраны меңгеру жұмысын қабылдап алып, 20 жылдан артық басқарды.

Осындай ғұлама ұстаздан тікелей дәріс алған Зәуреш Есімханқызы да кафедраның материалдық базасын нығайтып, күндізгі және сырттай оқитын аспирантуралар арқылы кадр даярлау мәселелеріне көп көңіл бөліп, қазіргі күнге дейін жемісті жұмыс атқарып жүрген химия ғылымдарының докторы Владимир Важев, ғылым кандидаттары Наталья Важева, Қалимаш Әбдіқалықова, Гүлжан Тауырбаевалардың ғылым кандидаттары аталуына тікелей септігін тигізді. Кейінірек кафедра тағы сол КазГУ-дің түлектері ғылым кандидаты Бәтжан Жұмағалиева, магистр Әлия Нұрышева сияқты мамандармен толықты. Бүгінгі химия кафедрасы Б.А. Бірімжанов мектебінің жалғасы іспетті.

Соңғы буын - ұстаздар Рсалды Шәкеева, Максим Губенко, Ерлан Байкенов, Эльмира Ерғалиева осы институттың түлектері.

Осы 40 жылдан астам уақыт ішінде химия кафедрасынан тәлім алған шәкірттер ішінен химия ғылымдарының докторы, ғылым кандидаттары, мектеп басшылары, жоғарғы санатты мұғалімдер шықты.

Бүгінде химия ғылымдарының докторы Марат Ибраев Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің профессоры, Индира Бейішова ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, Қостанай мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, 2012 жылғы Меценаттар клубының "Ғылым" номинациясы бойынша "Шабыт" жүлдесінің иегері. Бұлардан да басқа кафедра мақтанышына айналған шәкірттеріміз жетерлік.

Соңғы жылдары білгір басшы, география ғылымдарының докторы, Қуат Баймырзаевтың қолдауымен шәкірттеріміз шет елдерге барып, республика көлемінде пәнаралық олимпиадаларға қатысып, арнайы гранттар арқылы магистратураны аяқтап, өздерінің кәсіби деңгейлерін жетілдіріп жүр. Ақтебе қаласында химия пәнінен өткен IV Республикалық олимпиададан біздің студенттеріміз бірінші орынды иеленіп қайтты.

Қалимаш ӘБДІХАЛЫҚОВА,
химия ғылымдарының кандидаты, профессор.
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.

Наши координаты

110000, г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, 118

  • Тел./факс: +7 (7142) 51-11-57

Мы в социальных сетях

Вы здесь: Главная Библиотека СМИ о нас Ғылымның биік шыңына