Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтына 75 жыл толды
Егемен Қазақстан, 2014 жыл, 23 қазан (№ 207), Б. 8
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына жолдаған «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында: «XXI ғасырдағы дамыған ел дегеніміз – белсенді, білімді, денсаулығы мықты азаматтар» деген болатын. Болашаққа темірқазық етіп ұстанып отырған 30 елдің қатарына қосылу мақсатымыз жас ұрпаққа сапалы білім, тәлімді тәрбие бергенде ғана шынайы шандыққа айналады.
Қуат БАЙМЫРЗАЕВ,
Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры,
география ғылымдарының докторы, профессор.
Жаһанданудың иірімінде кетпей, ұлттық бәсекеге қабілетті болу да елдің білім деңгейіне байланысты. Сондықтан білім беру жүйесін халықаралык биікке көтеру, әлемдік білім кеңістігіне ену еліміз дамуындағы басты мәселелердің бірі. Осы күрделі, маңызды шаруаның шешімін табуы ұстазсыз мүмкін емес. Елдің ертеңгі тізгінін ұстайтын ұрпақтың тәрбиесі де, сапалы білім деңгейі де ұстаз колында.
Мектептерді кадрмен қамтамасыз етіп отырған педагогикалық институттар білім беру жүйесін, білім сапасын жақсартудағы ауқымды жұмыстардың бастау бұлағында тұр. Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты да 75 жылдан бері Қазақстанның солтүстік өңіріндегі ұстаздар ұстаханасына айналған білім ордасының бірі. Негізі Қостанай педагогикалық институтының тарихы әріден басталады және ерлікке пара-пар игі істерден тұрады. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін, бастауыш мектепке мұгалім дай-ындау мақсатында орта білімді мамандар дайындайтын бірнеше оқу орындары ашылды. Солардың бірі Қостанай қаласындағы қазақ педагогикалық училищесі негізінде 1939 жылы мұғалімдер институты ашылады. Бұл елде саяси тұрақсыздык орнаған, халқымыздың жақсыларын, білімділерін қынадай қырған 1937-1938-ші қасап жылдардың қан иісі кете қоймаған, қаһарлы соғыстың басталуына көп қалмаған, халықаралық жағдайдың қылпылдап тұрған тұсы болатын. 1941 жылы 27 шілдеде институттың алғашқы түлектері мемлекеттік емтихан тапсырып, дипломын алады да, ертеңіне - 28 шілде күні манданға аттанады. Олардың басым көпшілігі соғыстан қайтып оралған жоқ. 1944 жылы мұғалімдер институтына батыр Амангелді Имановтың есімі беріледі. Педагогикалық институт құрыларда оның құжаттарын дайындаған да, жаңа оқу орнының алғашқы директоры да азамат ұстаз Дәулет Ыбыраев болған екен. Соғыстан кейінгі жылдары елге мектеп мұғалімдеріннің сапасын арттыру мақсатында Қостанай мұғалімдер институты педагогикалық институт болып қайта құрылды. 1972 жылы А. Иманов атындағы оқу орны КСРО-ның 50 жылдығы атауына өзгертіледі. Білім ордасын әp жылдары білікті ғалым, ұстаз, ұйымдастырушы кісілер басқарды. Олардың арасында И.Терновой, З.Алдамжаров бар.
Өткен ғасырдың 80-ші жылдары педагогикалық институтты жыл сайын 700-900-ге тарта түлек бітіріп, Қостанайды, онымен іргелес облыстарды барлық мамандықтағы мұғалімдермен қамтамасыз етіп отырған. 1990-1991 жылдары Қостанай педагогикалық институтында 34 кафедра, онда ғылыми дәрежесі бар 93 оқытушы, 3 профессор мен ғылым докторлары жемісті еңбек еткен. Тәуелсіздігіміз қолға тиген соң, экономика да, әлеуметтік сала да түрлі өзгерістерді бастан кешкен кезде, жоғары білім жүйесі де онан сырт қалмады. Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің қаулысымен 1992 жылы Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты Қостанай университеті болып қайта құрылды. 2004 жылы Үкімет республикада 5 педагогикалық жоғары оқу орнын, оның ішінде Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтын құру туралы шешім қабылдағаннан кейін, 1 сәуірде Қазақстан Республикасындағы заманауи жоғары оқу орны ретінде педагогикалық институт өзінің жұмысын қайта бастады. Бүгінгі танда институтта 7 факультет, 13 кафедра, 2 оқу-тәрбие орталығы 23 түрлі педагогикалық мамандық дайындауға атсалысады.
Алаш ардақтысы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов: «Мұғалім қандай болса-мектебі де сондай болмақ» деген екен. Кемеңгер ағартушының бұл сөзі қазір де мәнін жойған жоқ, қайта «XXI ғасырдың мұғалімі қандай болуы керек?» деген сауалға жауап іздеуге, сол жолдағы ізденістерге итермелейді. Қоғамның қазіргі заманғы даму беталысы инновацияны талап ететіндіктен, педагогтар дайындайтын жоғары оқу орны жұмысының басты бағыты белсенді, жаңашыл, шығармашыл, креативті мұғалім тұлғасын қалыптастыру болып отыр. Білім ордасы әлемдік білім кеңістігіне шықпай, бағытын айқындап алмай бұл мақсат үдесінен шыға алмас еді. Сондықтан 2008 жылы Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты Болония университеттер ұлы хар-тиясына қол қойып, білім беру саласындағы басты бағыттарын айқындап алды. Білім және ғылым министрлігі тарапынан өткізілген пәннің оқу жетістіктерін сырттай бағалау кезінде Қостанай облысы бойынша біздің институт кешбасшы атанып, орташа 116 баллға қол жеткізді. 2013-2014 оқу жылы институтымызды 1375 түлек тәмамдаса, соның 205-і уздік дипломмен аяқтады. Жалпы, білім сапасы көрсеткіштеріне тәуелсіз шетелдік мамандар мен мемлекеттік органдар жоғары баға беріп отыр. Жақында шыққан Қазақстан Республикасы Жоғары оқу орындары ұлтгык рейтингісінде педагогикалық оқу орындары арасында төртінші орынға ие болдық.
Жақсы мұғалім қалай қалыптасады? Ол үздік оқушыдан, ізденгіш студенттен шығады. Осы бағытта педагогикалық институт пен мектептердің әлеуметгік әріптестігін тең дәрежедегі жаңа деңгейге көтердік. Педагогикалық оқу орнының білім беру ұйымдарымен әлеуметтік әріптестігі дарынды балалармен жұмыс жасауда ерекше байқалады. Институтта әртүрлі деңгейдегі интеллектуалдық жарыстарға дарынды ба-лаларды дайындауда «Қостанай дарыны» облыстық орталығымен өзара байланысудың біркелкі жүйесі қалыптасты. Институттың ғылыми кеңесінің шешімімен 2013-2014 оқу жылында пәндер бойынша откен облыстық олимпиада жеңімпаздарына екі грант бөлінді. Оны Ы. Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың түлегі, химия мамандығын таңдаған Медет Сегізбаев және физика-математика лицейінің түлегі Евгений Боченков иеленді.
«Қазақстан Республикасындағы білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына» сәйкес, бүгінде 12 жылдық білім жүйесіне дайындық жұмыстары қызу жүргізілуде. Бұл істе негізгі тұлға тағы да мұғалім болары хақ. Сондықтан института 12 жылдық білімді дамыту стратегиясына сәйкес мұғалімдер даярлауды жетілдірудің іс-шаралар жүйесі жасалып, жүзеге асырылуда.
Соңғы үш жылда күндізгі оку бөлімінде оқыған 6809 түлек диплом алды. Олардың ішінде мемлекеттік грант бойыиша оқыған студенттердің саны 4158-ге жеткен болатын. Бүтінгі күні «Дипломмен - ауылға!» жобасы бойынша біздің институт түлектерінің 90 пайызынан астамы шалғай аудандар мен ауыддарда еңбек етуде.
Биыл елімізде республикалық «Серпін-2050» бағдарламасы бастау алды. Бұл Қазақстандағы көптеген әлеуметтік мәселелерді ішкі көші-қон, қайта қоныстандыру арқылы шешуді ойластырған дұрыс бағдарлама деп ойлаймын. Оңтүстік облыстарда халықтың тығыз орналасуы себебінен жұмыс орнының жетісней жататынын да көріп-біліп отырмыз. Біздің институт осы бағдарламаның сәтімен жүзеге асуына өз үлесін қосатын болады. Міне, биыл Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Алматы, Жамбыл, Маңғыстау облыстарыиан Бірыңғай ұлттык тестілеуде орташа алғанда 70-78 балл жинаған 150 жас келіп білім алуда.
Қостанай мемлекеттік институтында ТМД елдерінен де студенттер оқиды. Ресейден келген студенттердің біреуі қазақ, үшеуінің ұлты орыс, бірі ингуш, бірі украин халқының өкілдері. Сондай-ақ, Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан, Украинадан да келіп білім нәріне сусындап жүрген студенттер бар. Олардың ойларына бөліп-жарылу деген түсінік мүлдем келмейді, біздің еліміздегі баянды бейбітшілікті, ұлт саясатын біліп, сезініп жүреді.
Қазақстанның дамыған елдер қатарына қосылуы үшін уақыт алдымызға үлкен міндеттер жүктеп отыр. Өмірдің барлық саласындағы атқарылар қыруар істердің негізі білімге келіп тіреледі. Осы тұрғыдан алғанда жас ұрпактың бойына білім дәнін егетін мұғалім дайындайтын Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты уақыт үдесінен шығып келе жатқан білім ордасы. Оқу орнынын 75 жылда қол жеткізген жетістігі болашақ игілігіне айналуы қажет. Жан-жақты дамыған ұстаз тұлғасы - мұратымыз.
Француз тілі маманын тек біздің институт дайындайды
«Білімсіз ғылым жоқ» деген даналар сөзіне тәнті боламыз. Сонымен қатар, қазір жаһандық деңгейдегі даму кезінде ғылымсыз білім жоқ екеніне де көзіміз жетіп отыр. Бүгінгі уақыттың сипаты да, талабы да халықаралық байланыстарды, шетелдік жоғары оқу орындарымен, ғылыми орталықтармен іскерлік қарым-қатынастарды нығайту болып отыр.
Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтындағы ғылым мен білім және жастарға тәлімді тәрбие беру ісінің лайықты бағалануы тек бұл емес. 2006 жылы білім ордасы Халықаралық іскерлер кеңесі бекіткен «Ұлттық экономика лидері – 2006» құрметті атағына ие болды. Бүгінде институт Ресейдің, АҚШ-тың, Францияның, Германияның және басқа да елдердің жоғары оқу орындарымен білім беру ісінде және ғылыми тығыз байланыс орнатқан. Биыл сәуір айында білім ордасы Францияның VIA DOMITIA университетіндегі француз тілін оқыту орталығының директоры Паскаль Казанова мен сол университеттің халықаралық байланыс жөніндегі проректоры Жан-Луи Мартиді күтіп алды. Қонақтар институт аудиторияларында кездесулер жасап, олармен студенттер тек француз тілінде сөйлесті және Франциядағы оқу жүйесі, француз мәдениеті, қазіргі әдебиеті, жастар өмірі туралы көптеген сауалдар қойды. Қонақтар біздің студенттердің француз тілін жақсы меңгергеніне риза болды, таңданысын да жасырмады.
Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты Қазақстандағы жоғары оқу орындары арасында француз тілінің маман мұғалімдерін даярлайтын бірден бір білім ордасы болып табылады. Институт жанынан бірнеше жылдан бері Француз мәдени-оқыту орталығы жұмыс істейді. Мұнда студенттер француз тілін тереңдеп үйренумен қатар, Франция елінің мәдениетімен, әдебиетімен кеңінен танысып, жалпы осы ел туралы мол мағлұмат алады. Мұнда француз тілі мен мәдениетіне қатысты шаралар да өткізіледі. Бұл студенттердің француз тілін үйренуіне жақсы мүмкіндік жасайды. Біздің студенттер мен оқытушылар білім мен біліктілікті көтеру мақсатында Францияның Перпиньян қаласындағы және Американың Огайо штатындағы университеттерінде бір семестр бойы оқиды. Шет тілдері факультетінің деканы Елена Дорошок, француз тілі кафедрасының меңгерушісі Марина Кудрицкая және Айша Оспанова бастаған ұстаздардың бастамашыл жұмыстары студенттердің тіл үйренуге деген ынтасын арттыра түседі.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлытау жерінде берген сұхбатында тіл мәселесіне тағы да тоқталды. Әсіресе, Қазақстан тұрғындарының барлығы да қазақ тілін – мемлекеттік тілді білумен қатар, «мемлекетімізді алға сүйреп, экономикасын көтеріп, өркендеп-өсіп, озық отыз елдің қатарына қосыламыз деп отырғанда» көп тіл білуі, бизнестің, халықаралық қарым-қатынастың тілі – ағылшын тілін білуі керектігін айтты. Мұны ол кісі жастарға қаратып айтты. Біздің Қостанай педагогикалық институты Мемлекет басшысы айтқан осы бағытта көп жұмыстар атқарып келеді.
Институттың профессорлық құрамы ғылыми ізденістермен ерекшеленеді. Олардың ғылыми мақалалары алыс және жақын шетелдердегі беделді, импакт-фактор белгісі бар журналдарға жарияланады.
Еркін ӘБІЛ,
Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының ғылым және халықаралық қатынастар жөніндегі проректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор.
Ғылымдағы қос тарлан
«Қазақстан тарихы» оқулығын жазған
Қандай білім ордасы да профессорлық құрамымен мықты. Шынайы ғалымдардың орны тіпті ерекше. Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты ғалымдарымен мақтанса мақтанғандай. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Аманжол Күзембайұлының есімі республикадағы ғылыми ортаға жақсы таныс.
Тәуелсіздігімізден бұрынғы жылдары «Қазақстан тарихы» оқулығының қандай екенін сол жылдары білім алған мектеп түлектері, студенттер де ұмыта қойған жоқ. Ар жағынан күн көрінетіндей жұқа оқулықты оқыған бірнеше ұрпақ қазақ даласының, қазақ халқының дара тарихы болмаған деген түсінікпен өсті. Оның ішіндегі тарихтың барлығы да Қазан төңкерісімен, Коммунистік партиямен байланыстырылатын. «Қазан төңкерісіне дейін қазақтардың 2 пайызы ғана сауатты болды» деп, ғылыми айналысқа түскен мәліметке имандай сендік. Өткен ғасырдың 80-90-жылдары, яғни Қазақстан тәуелсіздігін алғанға дейін Аманжол Күзембайұлы «Қазақстанның тарихы пышақтың қырындай бір кітап ғана емес, терең» деген пікірді батылы жеткенінше айтып жүрді. Оны ісімен дәлелдеді. 80-ші жылдары Қазақстандағы жоғары оқу орындарында тек Алматыдағы Қазақ мемлекеттік және Қарағанды мемлекеттік университеттерінде ғана «Қазақстан тарихы» кафедрасы болды. Қарағандыдағы кафедраны Аманжол Күзембайұлы басқарды. Ол уақыттың өлшемімен алғанда «кішкентай ғана» кафедраны басқарған тарихшы ғалым жанкештілікпен қаншама жұмыстар атқарды.
Қазақстан тәуелсіздігін алып, халқымыз өзінің рухани мұраларына жаңа көзқараспен қараған кезде, Аманжол Күзембайұлы елімізде бірінші рет Тәуелсіз Қазақстанның «Қазақстан тарихы» оқулығын жазды.
Ғалым Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты жанынан жекеменшік зерттеу институтын ашты. Мұнда аймақтық тарихты зерттей бастады. Ол Қазақстан, Батыс Сібір, Оңтүстік Урал сияқты үлкен аумақты қамтиды. Соның аясында соңғы бес жыл ішінде облыстық тілдерді дамыту басқармасының келісімімен «Тарихи топонимика» атты ғылыми жобаны жүзеге асыруда.
– Қазақстанның Қостанай облысы тарихта ірі оқиғалардың орталығы болды. Алайда ол туралы бүгінгі ұрпақ хабарсыз. Алтын Орда, Сібір хандығы, қазақ-қалмақ қатынастары кезіндегі дәуірлерде қазіргі Қостанай өңірі көп нәрсені бастан кешті. Археологиялық ескерткіштер бар, бірақ ол жеткілікті зерттеліп жатқан жоқ. Әсіресе, ортағасырлық тарих көмбе күйінше тұр. Торғай өңірі мүлде зерттелмеген. Осының барлығын бүгінгі ұрпақ білуі тиіс, ол үшін зерттеу керек, – дейді ғалым.
Аманжол Күзембайұлы шәкірттерімен зерттеген еңбектер облыс өңіріндегі ономастикалық мәселелердің ақиқатын айырып беруге мүмкіндік жасайды.
Брагина – бір әлем
Биология ғылымдарының докторы, профессор Татьяна Брагинаның есімі тек Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты, облыс емес, одан тыс жерлерге де белгілі. Науырзым қорығында ширек ғасыр ғылыми қызметкер болып істеген Татьяна Михайловна оның ЮНЕСКО-ның «Бүкіләлемдік мәдени және табиғи мұралар тізіміне» енгізілуіне тікелей атсалысқан болатын. Ғалым Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтына келген соң, ұстаздықпен қатар ғылыми жұмыстарды жалғастыра берді. Оның бастамасымен қазақ даласының көркі киіктерді қорғап қалу мақсатымен Торғайда «Алтын дала» резерваты құрылып, жұмыс істеп тұр. Қазақстанның оңтүстік өңірінде Түркістан табиғи паркі мен Қызылқұм кіші қорығының құрылуына түрткі болған Татьяна Брагина болатын. Сырдария – Түркістан аймақтық табиғат паркі құрылып, оған Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры (WWF) тұқымы жойылып бара жатқандықтан торда өсірілген бұхар бұғысын еркіндікке жіберуге берді. Сөйтіп, бір кездері тұқымы құрып кеткен бұхар бұғысы қазақ даласына қайтып оралды. Осы жұмыстардың барлығы биолог ғалымның жанкешті жұмысының арқасы деуге болады. Ол бүгінде – Біріккен Ұлттар Ұйымы Конвенциясының шөлге айналған жерлер бойынша тәуелсіз сарапшысы.
Брагинаның халықаралық табиғат қорғау одағы қаржыландырған «Негізгі даланың виртуалдық энциклопедиясы» деген қанатқақты жобасы арқылы аймақтық сайт құрылды. Халықаралық тырналар қорының қаржыландыруымен «Тырна және аңшылық» жобасы Қазақстанның солтүстігінен ұшып өтетін тырналар популяциясына мониторинг жасады.
Профессор Брагинаның тікелей бастамасымен Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтында экология және биология проблемалары бойынша ғылыми-зерттеу орталығы, Қазақстанда тұңғыш рет студенттердің бедвотчерлік клубы құрылды.
– Жастар терең білім алып, білікті маман болуы тиіс. Біздің еліміздің дамуы үшін білікті мамандар қажет. Оның орнын ештеңе алмастыра алмайды, – дейді Татьяна Михайловна. Оның шәкірттері ғылыми жұмыстарға ден қояды, ұстазға қарап бой түзейді.
Менің болашағым жарқын
Бірде мен «Серпін-2050» атты әлеуметтік бағдарлама елімізде бастау алып, жатқанын білдім. Бағдарламада Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Алматы облысының талапкерлері үшін солтүстік аймаққа грант бөлінгені айтылған екен. Аталған бағдарлама да Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұзақ мерзімді стратегиясын іске асыру мақсатында қолға алынған. Бұл бағдарламаның мақсаты мені қатты қызықтырды. Себебі, бұл бағдарлама мемлекеттік деңгейде бақылауға алынатындығы, ерекше әлеуметтік қоғамдық орны бар, әрі ұзақ мерзімді жоба екенін түсіндім. Бұл бағдарламаның мүшесі болғым, елдік іске мен де қатысқым келді. Өйткені, Оңтүстік Қазақстан облысында халықтың жиі орналасуына байланысты әлеуметтік қиындықтар жоқ емес. Соның бірі жоғары білім алған жастардың кейін мамандығы бойынша жұмыс таба алмай қиналатыны бар. Мен қасиетті Отырар жерінде туып-өстім. Ол ауданда да әлеуметтік мәселелелер мен айтқан көріністен алыс емес.
Болашақ мамандығым және оқу орным жайлы көп ойландым. Ақпарат құралдарынан солтүстік облыстардағы жоғары оқу орындары туралы мәліметтер алдым. Нәтижесінде, мен Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының педагогика және психология мамандығын таңдадым. Өйткені, болашақ ұрпақ тәрбиесі үшін бұл мамандықтың берері мол. Таңдаған оқу орнымды көруге келгенше асық болдым. Біз «Серпін» жастары мұнда келгенімізде ректорымыз Қуат Баймырзаев бастаған ұжым бізді өте жақсы қарсы алды. Жатақханаға орналастық, студенттік өмірге қадам бастық. «Серпін» жастарына деген концерттік бағдарламалар, жиналыстар, тәрбие-сағаттар біздің мұнда білім алуға деген құштарлығымызды арттырды. Оқу орнымызбен таныстық, мұндағы кітапхана мен мұражай ұнады. Мен «Серпін» бағдарламасының мүшесі болғаныма, осында білім алуға келгеніме қуаныштымын.
Райхан ЫСРАЙЫЛ,
психология және педагогика факультетінің 1-курс студенті.
«Серпін» берген сенімнен шығамыз
Еліміздің экономикасы мен әлеуметтік деңгейін көтеру үшін Үкімет тарапынан бағалы бағдарламалар, жобалар жасалуда. Соның бірі «Серпін-2050» бағдарламасы. Бұл бағдарламаны білім беру саласындағы серпіліс десек қателеспейміз. Оңтүстік Қазақстан облыстарында, оның ішінде Қызылорда өңірінде де бала туу деңгейі жоғары. Халық тығыз орналасқан. Бұл жұмыссыздықтың көбеюіне әсер етеді. Диплом алған жастар мамандығы бойынша жұмыс таба алмай жүреді. Керісінше, еліміздің кейбір өңірлерінде кадр тапшылығы өте өзекті мәселе болып тұр. «Серпін-2050» бағдарламасы оңтүстіктегі жұмыссыздық пен солтүстік облыстардағы кадр жетіспеушілік проблемаларының шешімін табуына ықпал ететін болады.
Аталмыш жоба маған көп мүмкіндіктер мен жеңілдіктер берді. Мәселен, «Серпін-2050» бағдарламасы маған беделді институтта жоғары білімді тегін алуға керемет мүмкіндік берді. Таза, барлық тұрмыстық жағдайы жасалған жатақханада тұрамыз.
Перизат ДӘРІБАЙ,
шет тілдері факультетінің 1-курс студенті.
Бетті дайындаған «Егемен Қазақстан» газетінің Қостанай облысындағы меншікті тілшісі Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА.