Қазақ руханиятында өзіндік орны бар

Наш Костанай, 2017 год, 14 марта (№ 20), Б. 7. | «МӘҢГІЛІК ЕЛ» ПАТРИОТТАРЫ

Қ.Т. ОРМАНОВ

Көрнекті қаламгер, өлкетанушы Қуанышбай Орманов жөнінде

Қостанай өңірінде де руханият саласында жемісті қызмет атқарып, аты-жөні бүкіл халқымызға танымал тұлғалар жеткілікті.

ӘКЕНІҢ ҚАДІРІН БІЛІП ӨСТІ

Солардың бірегейі бүгінгі кейіпкерім Қуанышбай Төребекұлы Орманов дер едім.

Солардың бірегейі бүгінгі кейіпкерім Қуанышбай Төребекұлы Орманов дер едім.

Осынау жан-жақты әрі зиялы жанның облысты айтпағанда, елімізге сіңірген еңбегі өлшеусіз. Бүгін бұл туындымызда оның осы уакытқа дейінгі өмір жолдары, ұлағатты ағаларынан алған өнегесі, кейінгілерге ғибрат болар жарқын істері баяндалады.

Қуанышбай аға ақырын жүріп, анық басатын азамат. Ол ешқашан да мақтануды, өзін-өзі әсерлеп сөйлегенді жаны сүймейді. Қашан да «Тура биде туыс жоқ» деген қағиданы берік ұстанады. Ғұмыр бойы тынбай ізденгендіктен де шығар, айтары да мол.

Онымен бірде өзі қызмет атқаратын Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтында арнайы болып, сөйлестім. Сонда байқағаным, оның әріптестері және қалың қауым біле бермейтін қырлары жеткілікті екен.

Сымбатына ақылы сай қаламгер осы өзіміздің облысқа қарасты Жітіқара ауданындағы Милютин деп аталатын елді-мекенде дүниеге келді. Онымен бұдан бұрын да талай рет жүздесіп, әңгімелескенімде өзінің кіндік қаны тамған жерін жер жәннатына балайтынын естіген едім.

Қақаң жайлы сөз болғанда оның ата-анасына тоқтала кетпесек жазған дүниеміз де толыққанды шықпайтын секілді. Сондықтан орайы келіп тұрғанда осынау асыл жандар жайлы да аз-кем баяндап өткеніміз жөн. Оның әкесі Төребек өз заманындағы айналасына сөзі өтетін сыйлы жан-ды.

Бірақ кейіпкеріміз осынау асқар таудай әкесін көрмепті. Себебі, бұл дүниеге келгеннен кейін екі айдан соң, яғни 1942 жылы ол Ұлы Отан соғысына аттанды. Оған топырақ сол жат жұрттан бұйырды. Сол себептен де бұл әулеттерінің ақылшысын тек қана оның замандастары, туған-туысқандарының сөздері арқылы ғана біледі.

Оның анасы Жұмақия апамыздың да ғұмыры қысқа болды. Қуанышбай аға 11 жасқа толғанда ол да кенеттен қайтыс болды. «Басқа түссе баспақшыл» деген ағасы Дүйсенбі екеуі жетімшіліктің зардабын әбден тартты.

Ата-ананың баланың өмірінде қандай орын алатындығын жас та болса әбден сезінді. Әйтеуір ағайын-туыс, нағашылары бұларға қолдан келгенше қамқорлық жасап, қашан өз қолдары ауыздарына жетіп, өсіп кеткенше ақыл-кеңестерін айтып, құшақтарына басты.

Жетім де жетіледі. Құдайга шүкір, ағасы Дүйсенбі де ел қатарлы азаматтардың санатына қосылды. Тиянақты білім алды. Бұл күндері жасы 80-ге жақындап қалды. Кезінде кеңшарды басқарып, өзінің іскер әрі ұйымдастырушылық қабілеті мол жан екендігін жұртшылыққа әбден дәлел-деді.

Жан жары Раушан апамыз екеуі бақытты ғұмыр кешіп келеді. Ұрпақтарының қызығына бөленіп, бұл күндері Жітіқара шаһарында тұрады. Қуанышбай аға Дүйсекеңді әкесіндей арқа тұтты. Өйткені, өзі оқып, беделді қызметтерге ілінгенше бауырының ыстық ықыласына бөленді.

Қақаңның баяндауына қарағанда, жалпы, Ормановтар әулеті, яғни ата-бабалары бұрын ауқатты жандар болған екен. Сондықтан олар тұрмыстың қиындығын аса көре қойған жоқ.

АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНДАҒЫ ҰМЫТЫЛМАС ЖЫЛДАР

Қуанышбай аға да өзге әріптестері секілді жастайынан жазу-сызуға бейім болды. Арманы Алматыдағы іргелі оқу орындарының бірі – Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне түсу еді. Бұл көксеген мақсатына да жетті.

Ол сонау мектеп қабырғасында жүргеннен сабаққа өте зерек болды. Сондықтан да сыныптастарының да, ұстаздарының да алдында сыйлы-тын. Мұндай алғыр бозбаланың қарым-қабілеті студент кезінде де жарқырап көрінді.

Алматыда оқудың өзіндік артықшылықтары да көп еді. Өйткені, әлгінде тілге тиек етілген факультетте кіл мүйізі қарағайдай профессорлар, әдебиет пен баспасөздің нағыз көрнекті өкілдері дәріс берді. Жылдар жылжып өте берді. Университетті аяқтайтын кез де келді.

Осы арада бір өзгелерге үлгі ретінде айта кетер жай, Қуанышбай Төребекұлы ди-пломдық жұмысын елімізде алғаш рет университеттің түлегі ретінде экономика тақырыбынан қорғады. Бұл тақырыпқа кез келген журналистің батылы жетіп, бара бермейтіні де хақ.

Осы танымдық дүниені жазу барысында одан қазіргідей білікті қаламгер әрі дарынды журналист болып қалыптасуына қандай кісілердің шапағаты тигенін де сұрадым. Бұл кезде оның жүзі нұрланып сала берді. Өйткені, есіне сонау артта қалған жылдардағы журналист ағалары түсті ғой деймін.

Оның айтуына қараганда, өздері жылда студент ретінде өндірістік тәжірибеден өтер кезде облыстық басылымдарға барады екен. Ол шақта газет басшылары қолынан іс келетін, болашағынан үміт күттіретін жастарды демалыста жүрген қызметкерлердің орнына жұмысқа алатын.

Біздің Қақаң да осындай дарынды жастардың бірі еді. Қаншама әріптестерінің тарапынан қолдау көрді. Мәселен, сол кездері «Коммунизм жолы» (қазіргі «Қостанай таңы») газетінде бөлім меңгерушісі болып жұмыс істеген Мағзұм Сағынбаевты журналистикадағы өзінің ұстаздарының қатарында атайды.

Мағзұм аға Қуанышбай Ормановтың тындырымдылығына, ізденімпаздығына іштей тәнті болатын. Сондықтан оған қаламын шыңдай түсу үшін түрлі тақырыптарда мақалалар жазуға тапсырыс беретін. Бұл да ешқашан қамшы салдырғаң емес.

Дер кезінде кейіпкерлерімен жүздесіп, тәлімгерінің тапсырмасын орындап, көзге түсіп жүрді. Дарынды да талапты бозбала осылайша алға қарай талпына түсті. Сонымен қатар дәл сол жылдары аталмыш басылымда Бас редактордың орынбасары болып қызмет атқарған Сапабек Әсіповтің де сүйікті шәкіртіне айналды.

Сапекеңді қазіргі таңда еліміздегі барша қолына қалам ұстаған журналистер мен оқырмандар аса құрмет тұтады. Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, қаншама құнды кітаптардың авторы. Оның жер туралы жазған еңбектері де зиялы қауымның есінде.

Әңгіме арасында Алматы облыстық радиосында абыроймен қызмет атқарған ұстаздарының бірі ретінде Мадат Аққозиннің де есімін ерекше тілге тиек етті. Себебі, бұл кісіден де кәсібінің қыры мең сырын әбден үйренді. Сондықтан олар мұның өмірінде әрдайым ерекше орын алады.

Журналистика факультеті республикамыздағы журналист мамандарын дайын-даған соң, оған жан-жақтан болашақ ақын-жазушылар, өзі секілді қаламы қарымды жігіттер мен қыздар келетін. Бұларға бәріміздің де ұлағатты ұстаздарымыз болған атақты ғалымдар Тауман Амандосов пен Темірбек Қожакеевтің тигізген ықпалы зор.

Себебі, бұл қос тұлғаның білімділігі соншалықты дәріс оқып жатқан кезде дәрісханада кәдімгі ызыңдаган шыбынның дыбысы естілетін. Олардың әрбір сабағынан қаншама тың сөздерді естіп, болашақ кәсіптерінің негізі қаланып жатушы еді.

ҒҰМЫРЛЫК, СЕРІГІН ДЕ ҮЛКЕН ҚАЛАДАН ТАПТЫ

Әрбір азаматтың өмірінде отбасы айрықша орын алады. Өйткені, өз шаңырағын дұрыс басқарып, ұл мен қыздарына ұлағатты тәрбие бере алмаған кісінің жұмысында да береке болмайды.

Мұны айтып отырған себебіміз, Қуанышбай Төребекұлы барша зиялы қауым ғибрат алатындай ынтымағы жарасқан жанұяның тірегі. Ол ұзақ жылдардан бері қол ұстаса ғұмыр кешіп келе жатқан жан жары Кәмила апамызды да сол Алатаудың баурайындағы әлемдегі ең сұлу қалада оқып жүрген кезінде кездестіріпті.

Онымен өзінің курстасы, өмірдегі сырлас досы, бұл күндері Арқалық қаласында тұратын журналист-жазушы, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Жақсылық Жүнісовтың үйлену тойында танысыпты.

Бір ғажабы, Қуанышбай аға Жақаңның күйеу жолдасы болса, Кәмила апамыз Қалқа жеңгеміздің қыз жолдасы екен. Сол жерде Жамбыл облысының тумасы, ақылды да көрікті бойжеткен Кәмиланы шын мәнінде ұнатып қалады.

Содан кейін бұлардың арасындағы сыйластық одан әрі жалғаса түседі. Кәмила апамыз сол шақта еліміздегі жалғыз Қазақ қыздары оқитын педагогикалық институттың жаратылыстану-география факультетінің студенті еді.

Әрине, бойжеткенге де Қостанайдың сұңғақ бойлы, келбетті жігіті де жақсы әсер қалдырып, екеуі қос ақудай жарасады. Ғұмыр бойы бір шаңырақтың астында бақытты ғұмыр кешуге серттеседі. Міне, осылайша олардың бақытты отбасы 1968 жылы құрылған еді.

Қарап отырсақ, содан бері де елу жылға жақын уақыт өтіпті. Отбасын көтерген соң, Қуанышбай аға Алматыдағы Қазақстан телерадио корпорациясына қатардағы стажер-редактор болып қабылданып, төрағаның орынбасарлығына дейін көтеріледі.

Бұл өте жауапты да лауазымды қызмет. Мемлекеттік комитеттің құрамында радио және телевидение де барды. Бір-бірімен тығыз байланысты қос саланы басқару үшін де қаншама біліктілік, биік өремен қатар мәмілегерлік, адамдармен жұмыс істеудегі ерекше қарым-қатынас керек емес пе.

Міне, осындай қасиеттердің бәрі оның бойынан табылды. Жоғарыда аталған жылдар аралығында ол үш жыл Қазақстан Республикасы Президенті мен Министрлер Кабинетінің аппаратында аға-референт болып та жұмыс істеді.

Ал, шаңырақтың бақытын тасытып отырған Кәмила апамыз да артына өшпес із қалдырған ұлтымыздың аяулы қыздарының бірі. Себебі, осынау кез келген кісімен тез тіл табысып кететін мейірбанды жан Алматы қаласындағы Кітап палатасында жұмыс істесе, өздері Қостанайға қоныс аударған соң құрметті демалысқа шыққанға дейін Н. Островский атындағы қалалық кітапхананы басқарды.

Қуанышбай аға да сол кездегі облыс басшыларының тікелей шақыруымен Қо-станай облыстық телерадио компаниясына директор болып қызметке тағайындалды. Осы ұжымның дүниеге келуіне де өзінің тікелей қамқорлығы мен септігі тигендігін де айтып өткеніміз орынды болар.

Аталмыш шығармашылық ұжымға келген соң да көп іс тындырды. Қазіргі Әл-Фараби көшесінде орналасқан ғимаратты өздеріне алуға, оның іші-сыртын уақыт талабына сай өзгертуге, жас журналистердің көптеп келуіне де барынша атсалысты.

Ол сонау бір жылдары облыс әкімінің мәдениет жөніңдегі кеңесшісі болып қызмет атқарғанынан да хабардармыз. Сөйтіп, Қостанай өңіріндегі руханият саласының жандана түсуіне айтарлықтай үлесін қосты. Облыстың 70 жылдығына байланысты «Алтын дала» деп аталатын үлкен энциклопедиялық еңбектің жарық көруіне де атсалысты.

Содан кейін зейнеткерлікке шыққанша облыстық тілдерді дамыту басқармасына бөлім меңгерушісі болып қызмет атқарды. Мұнда да ана тіліміздің өркенде-уіне мол еңбек сіңірді.

Оның өткен ғұмырындағы алған асуларының бәрін айта берсек, қаншама кітапқа арқау болады. Уақыт өте қазіргі Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтында тілді дамыту бөліміне жетекшілік етті. Атақ-абырой өздігінен келмейді. Қаншама құнды еңбектер жазды. Олардың саны да бұл күндері оннан асады.

Қазіргі таңда осы жоғары оқу орнының Ыбырай Алтынсариннің ғылыми мұраларын зерттеу орталығының білікті маманы. Онымен бірге қазақтың көрнекті ақыны Серікбай Оспанов қызмет атқарады. Орталықтың негізгі мақсаты – ұлы ағартушының педагогтың мұраларын зерттеу. Ыбырай Алтынсаринның 175 жылдығына орай тағылымдық жинақты шығаруға ұйытқы болды.

Әрине, тың дерек пен дәйектерді жинау үшін кейіпкеріміз Ресейдің біраз қалалары мен Алматы шаһарында іс сапарда болды. Көз майын тауыса кітапханаларда ұзақ отырудың, мұрағаттарды ақтарудың нәтижесінде біраз істер тындырылды.

Ол Ақтөбе және Қостанай мемлекеттік педагогикалық институттарының құрметті профессоры. Қостанай облыстық меценаттар клубы «Қазына» сыйлығының лауреаты. Басқа да атақ пен даңқтан кенде емес.

Бұл күндері Қуанышбай аға мен Кәмила апамыз өзінің балаларына берген тәлімді тәрбиесінің жемісін көріп отыр. Тұңғыштары Гүлнәр төрт тілді еркін меңгерген. Алматыдағы түрік фирмасының атқарушы директоры. Одан кейінгі Әділ әке жолын қуды. «Караван» газетінің жетекші қызметкері. Үйдің кенжесі Әсет заңгер. Осы перзент-терінен Темірлан, Жасұлан, Мәулен, Айым және Жәнел есімді немерелер сүйді.

Бетті дайындаған Оразалы ЖАҚСАНОВ

Наши координаты

110000, г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, 118

  • Тел./факс: +7 (7142) 51-11-57

Мы в социальных сетях

Вы здесь: Главная Библиотека СМИ о нас Қазақ руханиятында өзіндік орны бар