Шығармалар сайысы мәреге жетті
Костанай-АГРО, 2017 год, 9 марта (№ 9), С. 15. | БАЙҚАУ
Күні кеше ҚМПИ-да Алғыс айту күніне орай мектеп оқушылары арасында ұйымдастырылған «Мәңгілік Ел – болашағы біртұтас ұлт» тақырыбындағы облыстық шығармалар байқауының қорытындысын жариялады.
Қазақстан халқы Ассамблея-сының құрылған күніне арналып ұйымдастырылған аталмыш байқаудың негізгі мақсаты – жаңа қалыптасып келе жатқан ұрпақты ұлтжандылыққа тәрбиелеу, білім алып жатқан жасөспірімде толерантты мінез-құлық қалыптастыру және де мектеп оқушыларының шығармашылық қабілеттерін дамытып, жекелей дамуларына үлес қосу болып табылады.
Байқауға облыс мектептерінен 9-11-ші сынып аралығындағы оқушылар қатысып, берілген үш тақырып бойынша жұмыстарын тапсырған. Олар: «Мәңгілік Ел-ұлттық идея және ата-бабаларымыздың арманы», екінші тақырып «Қазақстан халқы Ас-самблеясы – бейбітшілік пен келісім институты» және «Алғыс айту күні: бір ел, бір тағдыр» деп аталады. Шығармалар 25-ші қаңтар мен 20-шы ақпан аралығында қабылданып, есепке алынған. Конкурстық жұмыстар мемлекеттік, орыс, ағылшын, сондай-ақ басқа да ана тілдерінде (Қазақстанның этностық топтардың тілдерінде) ұсынылған. Байқауға ҚМПИ-ның Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының оқытушылары мен Қостанай облысының Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері қазылық етті. Олар жұмыстарды екі кезең бойынша қарастырған. Біріншісі, өтініш арқылы қабылданған шығармалардың тақырыпқа сәйкестігі және екіншісі іріктелген жұмыстарды бағалау, жеңімпаздарды анықтау.
– Алдағы уақытта осындай іс-шараларды жиі өткізіп тұрамыз деген сенімдеміз, – дейді ҚМПИ-ның ректоры Еркін Әбіл. – Өткен шығармалар байқауы жақсы нәтиже көрсеткеніне қуаныштымын. Ол үшін әрине, байқаудың өтуіне мән беріп, жұмыстарды тексерген Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының еңбегі деп білемін. Қазіргі таңда жастарда үлкен мүмкіндік бар. Мысалға, мынадай жинақпен кез келген оқу орнына баруға болады. Ол сіздердің шығармашылықта да белсенді екендіктеріңізді көрсетеді. Сөз соңында баршыңызды өткен және келе жатқан мерекелермен құттықта-ғым келеді.
Сырттай өткізілген байқаудағы үздік жұмыстар жеке жинақ ретінде дайындалып, электронды нұсқалары жеңімпаздардың ұстаздарына табысталды.
– Баршыңызды өткен алғыс айту күнімен және аруларды келе жатқан 8-ші Наурыз мерекесімен құттықтаймын, – дейді облыстық «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысының міндетін атқарушы Алпыс Қожахметов. – Осы ҚМПИ-ның жанынан құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасы байқауды бастан-аяқ қадағалап, жетекшілік етті. Сондықтан институт басшылығына алғыс білдіргім келеді. Ал қатысушыларға тоқталатын болсақ, келешектің кілті сіздерде. Алдағы он, жиырма жылда мемлекетіміздің қандай болатыны сіздерге байланысты. Сондықтан келешек ұрпақ белсенді, шығармашыл, қайсар болулары керек.
Шығарма жеңімпаздарын жоғарыда аталған үш тақырып бойынша марапаттап, әр қайсысына жинақ табыстады. Және де қазылар алқасы ерекше ой-толғауымен есте қалған оқушылардың шығармаларына тоқталып, талдап өтті.
– Биыл біздің ҚМПИ-да Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасы ашылған болатын, – дейді филология факультетінің деканы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Кенжегүл Есіркепова. – Қазіргі уақытта осы кафедра мүшелері үлкен жұмыстар жүргізіп жатыр. Міне, бүгін «Мәңгілік Ел – болашағы біртұтас ұлт» облыстық шығармалар байқауы да өз мәресіне жетті. Қарап отырсақ, осы институтты тәмәмдаған студенттер ұстаз атанып, өздерінің шәкірттерін әкеліп отыр екен. Болашақта да жұмыстарыңыз алға баса берсін дегім келеді.
– Құрметті оқушылар, осындай шығармашылық сайыстарға жиі қатысып тұрыңыздар, – дейді ҚМПИ-ның қазақ тілі және әдебиеті кафедрасының меңгерушісі Сәуле Қанапина. – Қазақ тілінде жазған он бір шығарманы қарап, тексердік. Соның ішінде жақсы жазылған, ерекше көзге түскен шығармаларға тоқталғым келеді. Диана Нұртаева, Сәрсен Мұратов, Алина Анзонгер, Апал Айбекқызы, Алина Бухметова, Диана Балапанова және де өзге қатысушылардың шығармаларын қарап шықтық. Барлығы талапқа сай жазылған. Орфографиялық қателер кездеспейді. Әсіресе, өзге ұлт өкілдері Алина Бухметованың шығармасын атап өтуге болады. Ол өзінің қазақ тілін қаншалықты біледі, соншалықты деңгейде жазған. Және де ерекше көзге түскен Сәрсен Мұратов есімді қатысушы. Бірінші тақырыпқа орайластырып жазылған шығармасы жоғары деңгейде. Оқып отырғанда, кеуденді қуаныш сезімі кернейді.