Ғалымдар ойларын ортаға салды
Наш Костанай, 2017 год, 24 октября (№ 84), Б. 6.| МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕ | Рухани жаңғыру
Басқосуда латын әліпбиіне көшу жайы қозғалды
Жуырда Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының конференц залында осы білім ордасының филология факультетінің ұйымдастыруымен Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани-жаңғыру» деп аталатын мақаласын талқылауға байланысты басқосу болып өтті.
Оған оқу орнының оқытушылары мен студенттері қатысты.
Жиынды аталмыш жоғары оқу орнының филология факультетінің деканы Кен-жегүл Есіркопова ашып, жүргізіп отырды. Ол бүгінде халықтың тарапынан үлкен қолдауға ие болып отырған латын әліпбиіне көшу жайына жан-жақты тоқталды.
Аталған кездесуде қазіргі таңдағы күллі еліміздің азаматтары өздерінің ой -пікірлерін білдіріп жатқан мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани-жаңғыру» деп аталатын мақаласының республикамыздың өмірінде ерекше орын алатындығы айтылды.
Өйткені, ол уақыт талабы. Болашақта латын әліпбиі арқылы әлемдік өркениетке қол жеткіземіз. Жер бетіндегі барша түркі тілдес халықтар мен сонау нәубет жылдары жан-жаққа тарыдай шашырап кеткен қандастарымызбен арадағы байланысымыз бұрынғыдан да нығая түседі.
Жиында осы жоғары оқу орнының беделді ұстаздарының бірі, қазақ тілі және әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы Шырай Ысқақова латын әліпбиінің шығу тарихына кеңінен тоқталды.
Сонымен қатар ежелде түркі тілдес халықтардың бәрі осы латын әліпбиін қолданғандығын айта келе оның баршамыз үшін тиімді тұстарын да тілге тиек етті.
Сондай-ақ алдағы уақытта қазақстандықтардың қолданысына енгелі отырған латын әліпбиінің жұртшылыққа ұсынылған екі нұсқасы жайлы да әңгімеледі.
Оның сөзіне қарағанда, халыққа ұсынылған латын әліпбиінің екінші нұсқасы қолданысқа толық келеді. Бүгінгі таңда жас толқынның да латын әліпбиіне деген құлшыныстары ерекше.
Сонымен қатар конференция барысында латын әліпбиін көп жылдар бұрын енгізген бауырлас мемлекеттер жайында да сөз болды. Мысалы, алысқа бармай-ақ көршілес Өзбекстанды алайықшы, туыстас елдің тұрғындары латын әліпбиін қолданып, оның өзіне тән ерекшелігін күнделікте өмірде көріп отыр.
Бүгінгі таңда дамыған елдердің қатарына қосылу үшін институтта әңгіме арқауына айналған маңызды мәселені жете түсінгендіктен барша жерлестеріміз қолдау көрсетіп жатқаны әрине өте құптарлық.
Жоғары оқу орнында ұйымдастырылған бұл жүздесуде жастарды ізгілікке, білікті де білімді маман болуға баулып, оларға тәлімгерлік етіп жатқан бірқатар оқытушылар мазмұнды баяндама жасады.
Болашақ кадрлар яғни студенттер де өздерінің күн тәртібіндегі өзекті мәселеге байланысты ой-пікірлерін білдірді. Мәселен, осы білім ордасының суденті Жансая Сәрсенбайдың айтуына қарағанда, латын әліпбиіне көшу заман талабы.
Жастар жағы мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани-жаңғыру» деп аталататын мақаласын толығымен қолдайды. Студенттер алдағы уақытта еліміздің әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосылу үшін оқуда да, еңбекте де өздерінің лайықты үлестерін қоса беретін болады.
Сонымен өңірдегі белгілі әрі талай білікті мамандар даярлап жатқан институттағы жоғарыда аталған басқосу өте іскерлік жағдайында өтті. Бұған осы жоғары оқу орнында Қазақстанның гүлденуімен өркендеуі үшін аянбай қызмет атқарып жатқан ғалымдар мен рсспубликамыздың жарқын болашағы болып табылатын жастардың пікірлері нақты дәлел бола алады.
Бір сөзбен айтқанда, Елбасының болашағымызды айқындайтын бағдарламалық мақаласы жұртшылықтың бәрін де жігерлендіріп, жасампаздық істерге құлшындыра түсуде.
Аягөз КӘКІМЖАНОВА