Аманжол Күзембайұлы, тарих ғылымының докторы, профессор: Кітап жинау – менің сүйікті ісім
ANA TILI, 2019 жыл, 8-14 тамыз (№ 32), Б. 3.| СӘТІ ТҮСКЕН СҰХБАТ
Қостанайда елге белгілі зиялы қауым өкілдері аз емес. Солардың бірегейі – бүгін әңгімемізге арқау болып отырған Аманжол КҮЗЕМБАЙҰЛЫ. Ол тек ғылым жолын қуған азамат қана емес, сөзге шешен, ұлтымыздың арғы-бергі тарихын жетік білетін тұлға. Тарих ғылымының докторы, профессор секілді бірнеше атақтары да бар. Өнегелі отбасының тірегі. Немерелері мен шеберелерінің ардақты атасы. Жастар тәлімгері. Таяуда ардақты азаматтың қара шаңырағында болып, белгілі ғалымның сонау балалық балдаурен шағынан бастап осы күнге дейінгі қалыптасу кезендері, алға қойған мақсат-мұраты, ұрпақ, тәрбиелеудегі ғибраты жайлы кеңінен әңгімелескен едік.
– Сіз текті әулеттің ұрпағысыз. Соңдықтан сұхбатымызды әріден бастаға-нымыз дұрыс шығар. Алдымен өзіңіз тәрбиеленген қасиетті шанырак жайлы бөліс-сеңіз...
– Ең алдымен әкем Күзембай жайында айтайын. Жалпы біздің қазақ өз ұрпағына есім берер кезде ырымға ерекше сүйенген. Кез келген азаматтың атын алсақ оның астарында үлкен мәнмазмұн жатады. Мысалы, ардақты әкем Күзембай сонау 1920 жылы кәдімгі күздегі қой қырқу кезінде дүниеге келіпті. Асыл әжеміз дәл осы кезде босанып, өмірге шекесі торсықтай ұл әкелгендіктен, оны Күзембай деп атапты. Мен 1991 жылға дейін атамның атында, яғни Әбілов болып жазылдым. Еліміз тәуелсіздік алып, мемлекетімізді әлем таныған соң, әкемнің атына көштім.
Ол кісінің небары жеті-ақ сыныптық білімі ғана болды. Бірақ сол уақытта ақыл-парасаты, өмірден түйгені мол жанға осы білімнің өзі де жеткілікті еді. Омірдің университетінен өткен қайсар тұлға дүниеден өткенше еңбек жолын кәдімгі қатардағы колхозшыдан бастап, есепшілік қызмет атқарды.
Әкемнің алдында бір-ақ мақсат тұратын. Ол шиеттей бала-шағасын ештенеден тарықтырмай, зарықтырмай қатарға қосу еді. Әрине, елі мен халқына шексіз адалдық танытты. Қазір сол кездегі кейбір оқиғаларды еске алсам, қазіргі жастарға ертегідей көрінуі әбден мүмкін. Өйткені біз көп балалы отбасында тәрбиеленгендіктен, бір-біріміздің киімімізді киіп өстік. Тіпті қар үстінде жалаң аяқ жүретінбіз. Әйтеуір шешеміз тігіп берген дорбамызды мойнымызға асып алып, мектепке баратынбыз. Оған намыстанбадық. Себебі ол кезде халықтың әл-ауқаты да төмен болатын.
Әкем жайлы баяндаған соң, шешемеде тоқталғаным дұрыс қой. Анам Айтжанды Қостанай өнірінде білмейтіндер жоқтың қасы. Өйткені ол кісі Социалистік Енбек Ері, көрнекті мемлекет қайраткері Оразалы Қозыбаевтың туған қарындасы.
Шешем өте зерек-ті. Нағыз от ауызды, орақ тілді, өткір жан болатын. Сондықтан да ешкімнің беделі мен шен-шекпеніне қарамай шындықты кәдімгі хас батырларша бетке тіліп айтатын. Сонысынан да болар, кейбір замандастарын мысы басып, одан тайсалып тұратын.
Анамыз білімге өте құштар еді. Сол кездегі облысқа тарайтын «Ленинский путь» және «Коммунизм таңы» газеттерін, республикамызға танымал «Білім және енбек», «Мәдениет және тұрмыс» секілді журналдарды тұрақты түрде үйге жаздырып алатын.
Жалпы біздің әулетіміздегі ұл мен қыздардың руханиятқа жақын болуына анамыздың да тікелей септігі тигендігін айтқаным орынды болар. Осынау қазір сағынышпен еске алатын аяулы жан оңашада өлең де жазатын. Оның туғантуыстарына, ұлдары мен қыздарының туған күндеріне арналған жыр шумақтары біздің үйімізде әлі күнге дейін ең құнды рухани дүние ретінде сақтаулы.
Шешеміз балаларының қызығын бір кісідей көрді. Өзімнің ғылым саласындағы қол жеткізген табыстарымды естігенде кәдімгі балаша қуанатын. Біз үшін аса қымбат жан 84 жасында дүниеден өтті. Ұрпақтарының бәрі де бұл кезде жетіліп қалғанды.
– Әбеке, менің білуімше, сіздің елу жылға жуық бір шаңырақтың астыңда бақытты ғұмыр кешіп келе жатқан асыл жарыныз Тамара апамыз да тарих ғылымының кандидаты, доцент екен. Бұл күндері өзіңізбен бірге бір жоғары оқу орнында қызмет атқарады деп естиміз. Әңгіменің орайы келгенде соған да тоқтала кетсеніз?
– Зиялы қауым өкілдері біздің әулетті ғылым қонған шаңырақ деп орынды ай-татын сияқты. Оның өзіндік сыры да бар. Өйткені әлгі сауалыңызда айтылғандай, менің бағым мен бақытым болып кездескен қазақтың ару қызы Тамара Қайыржанқызы да белгілі ғалым. Ол қазір Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетінде доцент. Студенттерге дәріс береді.
Енді алғаш қалай танысқанымызды айта кетейін. Алматы біздің замандастарымыз үшін өте ыстық әрі сұлу қала. Табиғаты көркем осы шаһар менің де өмірімде ерекше орын алады. Сол жастық шақтағы өзге қатарластарым секілді мен де арман қуып Алатаудың баурайындағы осы қалаға бағымды сынау үшін барған едім. Сол кезде Ақмола облысы Атбасар қаласында туып-өскен бойжеткен Тамара да әлгі қалаға жоғары білім алу үшін келген екен. Шілденің шіліңгірінде жан-жақтан жиналған жастар бұрынғы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетіне емтихан тапсыруға жиналдық. Жолымыз болып, мен де, Тамара да осы көптен бері арман еткен факультетке студент болып қабылдандық. Бәрі сол шақтан басталды ғой. Мен де кәдімгі тепсе темір үзетін, қылшылдаған жігітпін. Тамара да сүйкімді әрі ажарлы бойжеткен болатын.
Сол студент кезде бұрынғы астанадағы Виноградов көшесі, 88-ші үйдегі № 1 жатақханада тұратынбыз. Бастапкыда бір топта оқыдық. Содан танысып, достықтың соңы махаббатқа ұласты.
– Сіздерді белгілі тарихшы ағамыз Манаш Қозыбаев тоіі жасап үйлендірді деседі. Сол қаншалықты рас? Осыны өз аузыңыздан естісек...
– Мұның ешқандай жалғаны жоқ. Өйткені ол кезде академик Манаш Қозыбаев сол қалада тұратын. Есімі ғалым ретінде елімізге кеңінен танылып қалғанды. Манаш аға маған нағашы болып келеді. Сондықтан сабақтан бос кездерімде осы кісінің үйіне барып
тұратынмын.
Бұл күндері Манаш ағамыз арамызда жоқ болса да ол кісінің сүйген жары Сара апамыз айтулы азаматтың шаңырағының отын сөндірмей, ұл мен қыздарын тәрбиелеп отыр. Өзім Тамарамен үйленуге серт байласқан соң, оны алғаш нағашым мен жеңгеме көрсеттім.
Тамара ол кісілерге бірден ұнады. Себебі қалыңдығым көп сөйлемейтін, ибалы да инабатты, қазақтың барлық асыл қасиеттерін бойына сіңірген бойжеткенді. Олар келісім берген сон, біз ауылдағыларға да хабар бердік. Осылайша, үлкен кісілердін батасын алып, шаңырақ көтердік. Ол 1968 жылдың 1 желтоқсаны болатын. Былтыр үйленгенімізге жарты ғасыр толды.
– Негізі, адамның ғұмырының жалғасы оның ұрпағы емес пе? Балаларыңызға көнілініз тола ма?
– Реті келгенде, асыл жарым Тамара апаңа шын жүректен шыққан шынайы алғысымды білдіргім келеді. Қанша дегенмен, тәрбие көрген қазақтың қызы ғой. Өзінен гөрі, мені әрқашан да жоғары қойды. Белгілі профессор, академик болып жүргенім бір жағы осы кісінің де тікелей қамқорлығы дер едім. Өйткені ол: «Мен де ғылым докторы болғым келеді» деп отырса, мен не істер едім? Әрине, оның да ғылымда өзіңдік орны бар. Бірақ әйел затына тән қасиетті, адамгершілікті бәрінен де жоғары қойды. Отбасының бақытын шалқытты.
Жұмыс та істеді. Бала да тәрбиеледі. Оның үстіне менін қаншама келімді-кетімді адамдарым бар емес пе? Солардың бәрін де қабақ шытпай қарсы алып, дастарқанын жайып отырды. Жоғарыда айтып өткенімдей, мен шаңырақтын үлкені болдым. Сондықтан барлық інілерім мен қарындастарым үйімізде жатып оқыды. Олардың ас-суы, жуылатын киім-кешегі бар дегендей. Соның бәріне де Тамара төзді, шыдады.
Тіпті інілерім үйленіп, қарындастарым тұрмысқа шыққанда аналарының орнын жоқтатпай, барлық той жабдықтарын зыр жүгіріп жүріп дайындады. Қыз балалардың жасауын жасады. Міне, мұның бәрін қазақы тәрбие көрген, ананың тәлімін алған әйел ғана түсінеді.
Соның есесіне, бұл күндері менің інілерім мен қарындастарым Тамара десе шығарға жандары бөлек. Оның қасқабағына қарайды. Туған күні мен мерекелерде бәрі де ең ізгі тілектерін білдіріп жатқаны. Несін жасырайын, солардың өзара сыйластықтарын көргенде бір сәт толқып қалатын кездерім де болады.
Екеуміз үш ұл тәрбиеледік. Олардың бәрі де өмірден өз орындарын тапты. Тұңғышымыз Еркін белгілі ғалым, білікті басшы. Кезінде Қарағаңды мемлекеттік университетін үздік дипломмен аяқтады. Қазір сүйікті келініміз Эльмирамен бірге Рүстем атты балаларын тәрбиелеп жатыр.
Ортаншы ұлымыз Абзал да әлгі аталған қаладағы жоғары оқу орнынын экономика факультетін бітірді. Содан кейін білімін жетілдіру мақсатында Астанадағы Қазақ гуманитарлық заң академиясын тамамдады. Бұл күндері Қарағанды қаласында тұрады. Оның жан жары, келініміз Айгүл негізі француз тілінің маманы.
Кенже баламыз Азат Қостанай мемлекеттік университетінің заң факультетінің түлегі. Біраз жылдар прокуратура саласында қызмет атқарып, мамандығын шыңдады. Қазір кәсіпкер. Жұмысында табыссыз емес. Осы ұлымыздын жан жары, келініміз Индира да отағасы секілді заңгер. Бұлардың да шаңырақтарында үш бала өсіп келеді.
Осы балаларымызға қарап, Тамара екеуміз Алла Тағалаға шүкіршілік етеміз. Өміріміздің мәңді де мазмұнды өтіп келе жатқандығына тәубе дейміз. Үш ұлдан тараған немерелеріміз жан-жақтан келіп, ата-әжелеп қаумалап алғанда төбеміз көкке жетіп, өзімізді бақытты сезінеміз.
– Сіз ғалым ғана емессіз, ұлтжандылығыңызбен тәуелсіз едіміздің болашағы үшін аянбай еңбек етіп келе жатқан қайраткерсіз. Сонан соң, менің бір байқағаным, ұлыңыз Еркін өзіңіздің жолыңызды қуып, тарих ғылымының докторы атанды емес пе?
– Рақмет. Менің еңбегімді елге танытып, азды-көпті Отаным үшін сіңірген жұмыс-тарымды көрсетіп жатқан өзің секілді журналист іні-қарындастарым ғой. Шынында да, үш ұлымның тұңғышы Еркін менің жолымды қуып, тарих ғылымының докторы атанғаны рас.
Ол бұл күндері академик Өмірзақ Сұлтанғазин атындағы Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры. Қарапайым тілмен айтсақ, осындағы барлық болашағынан үміт күттірер ғалымдармен жұмыс істеп, жастардың өмірден өз орындарын табуына лайықты үлесін қосып жүр.
Өзінің баласы болған соң мақтады деп ойлап қалмаңыздар. Еркін сонау мектеп қабырғасында жүрген кезден бастап тарих пәніне өте құштар болды. Осы ғылым саласына деген бейімділігін ерте танытты. 6-сыныптан бастап археологиялық қазба жұмыстарына қатысып, өзінің қарым-қабілетін көрсете бастады. Арада бір жыл өткен соң, яғни жетінші сыныпта ғылымға бейімділігі үшін сонау Болгарияға барып келді. Тіпті кезінде кез келген баланың қолы жете бермейтін «Артекте» де болды. Қарағанды мемлекеттік университетінің бірінші курсында оқып жүрген кезден ғылыми жұмысын жаза бастады.
Ол университетті аяқтар кезде маған қосалқы автор ретінде тарихқа байланысты кітапқа да атсалысты. Әлі күнге дейін мен, анасы Тамара және Еркін үшеуміз он шақты кітапты жарыққа шығардық. Ең бастысы, табанды әрі еңбекқор. Қандай жұмысты қолға алса да соңына дейін жеткізбей тынбайды.
Еркін осы институтқа дейін облыс орталығындағы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігіне қарайтын Қостанай Заң академиясында кафедра және курс меңгерушісі болып қызмет атқарды. Отставкаға полковник дәрежесімен шықты.
Оның мінезі жайдары. Сонау студенттік жылдары көңілділер мен тапқырлар клубының белсенді мүшелерінің бірі болды. Өзі орта мектепті орысша бітіргенімен, таудай талабы, ана тіліне деген құштарлығының арқасында бәрін меңгеріп алды.
– Кітапты рухани байлыққа балайтын зиялы кісілердің қатарынан екеніңізді білеміз. Екінші қабатқа көтерілгеннен байқағаным, бір бөлменің төрт қабырғасы тұтас кітап екен. Шамасы, оның ұзын саны үш-төрт мың дананы құрап қалады-ау деймін?
– Иә, біз барған үйімізді оның мал-мүлкімен емес, кітабына қарап бағалайтын заманның ұрпағымыз. Бұл жерде сіз олардың тек ең негізгілерін ғана көріп отырсыз. Басқа жақта да кітаптар аз емес. Өмір бойы кітап жинап өскен ағаларыңның бірімін. Кітап жинау – менің ең сүйікті ісім.
Осы арада бір тоқталайын дегенім, сөрелерде 1896 жылы Мәскеуден жарық көрген «Герман халқының тарихы», С. Ковалевтің бұрынғы Ленинград қаласынан 1936 жылы шыққан «История античного общества» деп аталатын кітаптарды да көресіз.
– Осы арада өзіңіз ұстаз ретінде пір тұтқан ғалымдар жайлы тілге тиек етудің де реті келіп тұрған секідді?
– Мен де жас болдым. Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінде оқып жүрген кезімде нағыз профессорлардың қандай болатындығын көзбен көріп, көңілге түйдім. Олардың әрбір лекциясын босқа жібермейтінбіз. Сонымен қатар олардың жүріс-тұрысы, киім киісі, сөйлеген сөзі, тіпті жан сарайына шейін қызықтыратын.
Өзімді шексіз бақытты санаймын. Өйткені жастық шағымыз ізденіспен өтті. Жоғарыда баяндалған университеттің қабырғасында мүйізі қарағайдай, аттарынан ат үркетін ең мықты деген профессорлардан дәріс алдық.
Олардың кітаптарын айтпағанның өзінде, өздерін бір көріп, мағыналы әңгімелерін тыңдаудың өзі кез келгеннің қолы жете бермейтін ерекше бақыт еді. Осы арада көрнекті тарихшы, кезінде өзінің ұлтжандылығы үшін қудаланған Ермахан Бекмахановты атап өткенім орынды болар. Өйткені ол кісі осы жоғары оқу орнында кафедра меңгерушісі болды.
Сондай-ақ Әмір Қанапинді тілге тиек етпесем, мынау сұхбатымыздың сәні келмейтін сияқты. Ол кісі де тарих ғылымының докторы, сонау бір жылдары елімізде мәдениет министрі болды. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің идеология жөніндегі хатшысы ретінде де көпке танылды. Мұндай лауазымды қызметте жүрсе де ол өте қарапайым болатын. Осы мемлекет қайраткерінің тікелей басшылығымен өзімнің кандидаттық диссертациямды ойдағыдай қорғадым. Оны ешқашан да ұмытпаймын.
Сонымен қатар Қазақстан Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, антрополог Оразақ Смағұловтың мен үшін орны бөлек. Ол кісі де жаны жайсаң, көп білетін тұлғалардың бірі ретінде баршаға танымал. Осындай азаматтардан дәріс алып, еліміздің түкпір-түкпірінде егеменді еліміз үшін аянбай еңбек етіп жатқан замаңдастарымыз қаншама.
– Сіздің ұлтымыздың біртуар перзенті, академик Манаш Қозыбаевтың жиені екендігіңізді жұртшылық біледі. Сөздің реті келгенде, осы қайталанбас тұлғаның тәлімгерлігі, өзіңізге жасаған қамқорлығы, азаматтық қырлары жөнінде айтсаңыз?
– Әрине, әлгі есімдері аталған ұстаздарымның маған деген ерекше ықыластарымен қатар, Манаш аға да менің ғалым болып қалыптасуыма өзінің септігін тигізді деп айтпасам, ешкім нанбас та еді. Ол кісі менің бойымдағы тарих ғылымына деген құштарлықты ерте байқаған соң, тұрақты түрде бағыт-бағдар беріп отырды.
Нағашым өте қатал болатын. Маған да биік талаптар койды. Көп оқуымды қадағалады. Жан-жақты азамат болып қалыптасуыма да тікелей ықпал етті. Өзі де үздіксіз еңбек етті. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін қазақ халқының тарихын жазуға көп тер төкті. Ол кісі мейірімді де еді. Тек туысқандарына ғана емес, бойында талант ұшқыны бар барлық жастарға туған жеріне, руына, ұлтына қарамастан жанашырлық танытып, қолтықтарынан демеді. Келешекте еліне пайдасын тигізер жастарды көре білетін. Сондықтан да олардан уақытын аямады.
– Анаңыздың туған бауыры Оразалы Қозыбаев кезінде Қазақстанды ұзақ жылдар басқарған Дінмұхамед Қонаевпен дәмдес, үзеңгілес азаматтардың бірі болғандығы да белгілі. Осы мемлекет қайраткерінің бізге белгісіз кейбір қырлары жөнінде әңгімелесеңіз?
– Ең алдымен айтарым, ол елім деп еңіреп өткен азамат. Кезінде республикамыздың басқа өңірлерін атамағанның өзінде, Қостанай облыстық партия комитетінің екінші хатшысы болды. Күллі торғайлықтар оны осы күнге дейін ауыздарынан тастамайды. Өйткені ол сол аймақты гүлдендіріп, түлетті.
Орекең өте ұлтжанды кісітін. Қазақ кадрларын қызмет бабымен көтеруге өзінің тікелей ықпалын тигізді. Менің анам Айтжан секілді тік мінезді, қайсар, кімнің болсын кемшілігін бетке ашық айта білетін батыр келбетті жан еді.
Қостанай қаласындағы бұрынғы халыққа қызмет көрсету орталығының қабырғасына нағашымызға арналып мемориалдық тақта орнатылды. Содан кейін оның ұрпақтары әкесінің құрметіне ас беріп, ақсақалдарымыздың батасын алды. Кітап шығарды. Деректі фильм түсірілді. Міне, осының бәрі де асыл азаматқа деген құрмет деп түсінемін. Кезінде ол менің тарихшы емес, агроном болуымды қалады. Бірақ оның да әу бастағы таңдаған мамандығы тарихшы болатын. Сонау бір жылдары Қостанай мемлекеттік педагогика институтында оқыған.
Жатқан жері торқалы болғыр нағашым ашуланғанымен, тез қалпына келетін. Маған ептеп ренжігенімен, кейін көңілі орнықты. Уақыт өте ғылым докторы атанғанымда арқамнан қағып, бетімнен сүйді. Оның осы бауырмалдығын жер басып жүрсем, сірә ұмытамын ба?
– Аттас ағам Орекеңнің қызмет жолын бір кісідей білемін. Алайда қайталанбас тұлғаның отбасы жөнінде көп айтыла бермейді. Жерлестеріміз біле жүрсін, осы жайлы да сіздің өз аузыңыздан естісек деп едік?
– Оразалы нағашым қызметте мерейлі, жолдастарының арасында беделді болса,
отбасында өте қамқор әкеді. Ұзақ жылдар бойы бәйбішесі Раушан апамыз екеуі бақытты ғұмыр кешті. Ынтымақтары жарасқан ерлі-зайыптылар үш қыз, екі ұлына жұрт қатарлы тәрбие берді.
Ағамыздың өзі ерекше жақсы көрген қыздары Сәния мен Ғалия медицина ғылымының кандидаттары атанды. Бір ұлдары Нұрланның ғұмыры қысқа болды. Ол өмірден ерте өтіп, бәрімізді де мұңайтты. Бірақ тағдырдың жазуына қаңдай шара бар?
Ал Серік негізі музыкант. Кіші ұлы Құмар – химия ғылымының кандидаты. Бұл күндері кәсіпкерлікпен айналысады. Әкесін ерекше пір тұтқан осынау ұлдары шаңырақ иесінің абыройын асқақтатып келеді.
– Аманжол аға, міне, сұхбатымыз да аяқталып келеді. Өткен өмір жолда-рықызға ризасыз ба? Соны білсек. Бос уақытыңызда немен айналысасыз? Оқырманды бұл да қызықтырары анық...
– Жалпы менің әріптестерім «Не тындырдым? Халқыма не бердім? Ғылымға қандай жаңалық қостым?» дегендей сауалдарға жауап іздейді. Өзімнің бұл орайда жұрт алдында ұялмайтындай азды-көпті шаруа тындырғаныма шүкіршілік деймін. Талай лауазымды қызметтерді атқардым. Марапаттарға ие болдым. Биыл «Еңбек ардагері» медалін кеудеме тақтым.
Екі ғылым докторы және бірнеше ғылым кандидаттарына жетекші болдым, Жазған ғылыми еңбектерім жетерлік. Оның ішінде оқулықтар мен монографиялар да аз емес. Кезінде Өзбекәлі Жәнібековке хат жазып, колледждер мен мектептерге Қазақстан тарихының енуіне тікелей ықпалымды тигіздім.
Бос уақытымда, жеке үйде тұрған соң, бау-бақшада көкөніс өсірумен айналысамын. Кезінде орыстың домра примасында ойнадым. Еркін күрестен спорт шеберлігіне кандидат болдым. Тамақ пісіруді де бір кісідей білемін. Палауды – өзбектерден, ұйғыр лағманын ұйғырлардан кем дайындамаймын. Кейбір еркектер, әрине, мұны намыс көреді. Шынымды айтсам, қамырды да илеп, кеспе де жасай аламын. Сонан соң отағасы болған соң, үй ішінде электр жүйесінде ақау кетсе, ешқандай маман шақырмай-ақ, өзім жөңдей беремін.
Өзімнің жеке шеберханам да бар. Онда барлық ағаш және темір жонуға арналған құрылғыларым да қойылған. Мұндай сүйіп атқаратын шаруалар бір жағынан ой еңбегімен айналысатын мен секілді азаматтарға өте пайдалы. Бойың сергіп, денең ширап қалады.
Осы аталғандармен бірге табиғат аясында қыдырғанды да жаным сүйеді. Қолым сәл босай қалса, рухани қазынаға ден қоямын. Кітап оқып, ой-өрісімді кеңейтіп, ғылыми еңбектер жазуға ерекше көңіл бөлемін.
Ғалым әрдайым ізденіс үстінде жүреді. Менің де арманым – тәуелсіз елдің нағыз тірегі боларлық саналы да білімге құштар жастарға сапалы білім беріп, олардың ұлтжанды азамат болып қалыптасуына лайықты үлесімді қосу. Осы бағытта аянбай еңбек ете беремін.
– Республикалық «Ана тілі» газеті еліміздегі белгілі басылым. Ол әрбір иісі қазақтың үйіңде болуға тиіс емес пе? Осы жайлы пікіріңізді газет арқылы білдіре кетсеңіз.
– Оныңыз рас. Бұл күндері «Ана тілі» газетін білмейтін қазақ жоқ шығар. Газет руханиятқа айрықша көңіл бөледі. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» деп аталатын мақалаларын жүзеге асыруда тындырып жатқан жұмыстары орасан.
Біздің Өмірзақ Сұлтанғазин атындағы Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетінің ғалымдары да кімнің болсын рухын көтеріп, жан сарайын кеңейтер басылымды сүйіп оқиды. Оның жанашыры бола беретіндігіне нық сенімдімін.
Әңгімелескен Оразалы ЖАҚСАНОВ,
Қазақстанның құрметгі журналисі
Аягөз КӘКІМЖАНОВА