Қостанай өңірінде жоғары білім беру қалай басталды?
Костанай-АГРО, 2019 год, 5 сентября (№ 33), Б. 16-17.
Биы Тобыл оңіріндегі тұғырлы оқу орындарының бірі – Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетіне 80 жыл толып отыр. Осыған орай білім ордасында оны лайықты атап өтуге қазірден бастап дайындық басталып та кетті. Студенттер тек облысымызда ғана емес, республикада да ерекшеорны бар жоғары оқу орнының тарихын, оның қалыптасу кезеңдерін білуі қажет. Оның бастауында кімдер тұрды, жас ұрпақты білім нәрімен сусындатқан ұстаздардың есімі, олардың қалдырған үлгілі ісі айтылуы қажет деп есептеймін.
Ұлы ұстаз, ағартушы және жаңашыл педагог Ыбырай Алтынсариннің өмірге келіп, ғұмыр кешкен жері – Қостанай өңірі. Сондықтан да, XIX ғасырдың 60-шы жылдары ұлы ұстаз бастауымен Қостанай-Торғай өңірінде алғашқы бастауыш мектептер, кейінірек училищелер бой көтеріп, қазақ балалары білім алуға бет бұрды. XX ғасырдың 20-шы жылдары Қостанай қаласында педагогикалық техникум және қазақ-орыс тілдеріндегі педагогикалық училищелер ашылды. 1936 жылы Қостанай облысы құрылғанда 550 бастауыш мектеп, 73 толық емес, 18 орта мектеп жұмыс істеген. Олар 65 мыңнан астам оқушыны біліммен сусындатты. Тіпті, оқушылар саны жыл сайын өсіп отырған. Мектептер көбейген сайын оларда жұмыс істейтін мұғалімдер ауадай қажет еді. Ал оқытушыларды жоғары білім беретін институт қана дайындайтын. Осыны ескеріп, 1939 жылдың 21 тамызында Қостанай облысы еңбекшілер депутаттары атқару кеңесінің президиумы «Қостанай мемлекеттік мұғалімдер институтын құру туралы» қаулы қабылдады. Қостанай мемлекеттік мұғалімдер институтының ашылуы сол кезде Тобыл өңірі үшін айтарлықтай оқиға болды. Өйткені, тұңғыш рет қостанайлық жастарға жоғары білім алуға мүмкіндік туды. Институттың бірінші директоры болып Дәулет Ыбыраев тағайындалады.
Қостанайдағы алғашқы жоғары оқу орнына он жылдық мектепті бітірген, 17 мен 37 жас аралығындағы, емтихан тапсырған талапкерлер түсе алатын. Институтта 4 кафедра болатын. Олар: жаратылыстану және география, физика және математика деп аталатын. 1940 жылдары Қостанай мемлекетгік мұғалімдер институтында арнайы оқу кабинеті ашылды. Оңда мұғалімдермен қатар, сол кездегі Кеңес үкіметінің жергілікгі басшыларын да даярлайтын. Сонымен қатар даярлық курста 5-7 сынып мұғалімдерін жылдық курстан өткізіп тұратын.
Дәулет Ыбыраев 1906 жылы Батыс Қазақстан облысы Шыңғырлау ауданы № 12 ауылда дүниеге келген. Орал педагогикалық институтын аяқтаған соң жаңадан ашылып жатқан Қостанай облысына жолдама алып, алғашында Қостанай қаласындағы жалғыз қазақ орта мектеп-интернатына (қазіргі Ы. Алтынсарин атындағы дарыңды балалар мектебі) директор болып тағайындалады. Кейінірек Қостанай облысындағы халыққа білім беру басқармасы төрағасының орынбасары болып қызмет істейді. 1938-1939 жылдары қазақ педагогикалық училищесінің директоры қызметінде жүргенде, ол жаңадан ашылған Қостанай мемлекеттік мұғалімдер институтына директор болады. Дәулет ағай өмір бойы білім саласында адал еңбек етті. Бұл сөзімізге оның «Қазақ ССР-нің білім беру ісінің үздігі», «Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген мұғалімі» сынды атақтары дәлел.
Дәулет Ыбыраевтан кейін педогогикалық институтқа Найденов Иван Пантелеимонович директор болып келді. Ол кезде институтта физика-математика және жаратылыстану-география факультеттрі ғана болатын. Әр факультетте 60 студент білім алады, сырттай оқитындардың саны – 50. Ал дайындық курстарына 70 адам қабылдайтын. Алғашқы студенттер құрамы жөнінде мұрағат мұраларына көз салсақ, онда 1939-1940 жылдары институтқа 120 адам қабылданыпты, жастары жетіп әскер қатарына 48 студент алынса, науқастығына байланысты 2, отбасы жағдайына байланысты 3, тәртіп бұзғаны үшін 6 адамды оқудан шығарылған. Тағы төрт студент өз еркімен оқуды тастап кеткен. Ұлттық құрамына келсек, 26 қазақ, 17 корей, 48 орыс және тағы басқа ұлт өкілдері оқыған. Сол жылы физика-математика факультетінде 38, жаратылыстану-география факультетіңде 58 студент білім алыпты.
Мұрағаттағы мәліметтер алғашқы жылдары оқытушылар құрамы да көп болмағанын айтады. Сол уақьпта институтта бас-аяғы 11 оқытушы сабақ берген. Соның ішінде 9 оқытушы жоғары білімді, жоғары білімді орталағандар – 2, ал біреуі – орта білімді болған.
Қостанай мемлекеттік мұғалімдер институты директорының бұйрығымен 1939 жылдың 26 қарашасында институттын ғылыми Кеңесі құрылды. Оның құрамына кафедра меңгерушілері, оқытушылар, партия, кәсіподақ және комсомол ұйымдарының өкілдері енді. Барлығы 17 адам.
Қостанай-Торғай өңірінде алғашқы жоғарғы оқу орнының ашылуына атсалысқан азаматтардың бірі – Ахметқали Айтмұханбетов болатын. Ол осы институттың дайындық
бөлімінің алғашқы түлектерінің бірі. А. Айтмұханбетов Меңдіқара, Қарабалық, Әулиекөл, Орджоникиздзе, Затобол аудандарындағы мектептерде және ағартушылық саласында көп жылдар басшылық қызметте болып, ерен еңбегі үшін «Социалистік Еңбек Ері» атағына ие болады. Оның ұлы Абай Айтмұханбетов әке жолын қуып, еліміз егемендік алған жылдары Қызылорда, Көкшетау университеттерінің ректоры болып, жаңа дәуірде жоғары білімді дамытуға атсалысқан. Ахметқали атамыздың немересі Айдар Айтмұханбетов те тарих ғылымдарының докторы, бүгіндері Ахмет Байтұрсынов атындағы ҚМУ-да қызмет істейді.
Білім ордасы соғыс жылдарында
Жаңа заманда жаңа мазмұндағы жоғарғы оқу орнының қалыптасып кетуі оңай болған жоқ. Бір жағынан институттың ғимаратын, оған тиісті жабдықтардың болуын, студенттердің жататын орнын дайындау сияқты кезек күттірмейтін мәселелерді шешу керек еді. Бастапқыда оқу орны Қостанай қаласының Ақтөбе көшесіндегі № 64 (қазіргі Летунов көшесі) бұрынғы реалдік училищенің ғимаратында орналасты. Оңда барлығы 24 кабинет, 8 дәрісхана, 4 кафедра және директор мен орынбасардың кабинеті болды. Оқу орнының жанындағы үш қабатты үйдің бірінші қабатыңда жуынатын, кір жуатын, киім үтіктейтін, етік жөндейтін орын болса, екінші қабатында ұлдар, үшіншісіңде қыздар жататын.
Институтта сабақ беретін оқытушылардың тапшылығы, оқулықгардың жетіспеуі әрі мазмұны, сапасы жағынан жұтаңдау болуы сол заманның қиындықтарының бірі ғана еді. Ойраны мол 30-шы жылдары оқыған, білімі терең алаш азаматтары көп болатын, бірақ сол кездегі содыр саясат бас көтергеннің барлығын қуғын-сүргінге салып, атты, айдады, қысқасы көзін жойып отырды.
Ал мемлекеттік мұғалімдер институтына жаңа құрылып жатқан Қостанай облысына ғана емес, Ақмола, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан облыстарына да арнап мұғалімдерді дайындау міндеттелді. Бас кезінде институт басшылары да жиі өзгеріп жатты. Алғашқыда білім ордасына қыздар педучилищесінің директоры Дәулет Ыбырай басшылық жасады. Одан Жұмағазин Төрегелді, кейінірек 1939 жылдың қазан айында И.П. Найденов Алматы қаласындағы опера театрының директорлығынан Қостанай мұғалімдер институтының басшылығына тағайындалды. Оның оң қолы болып білімді, тәжірибелі Тәліп Масақұлов келген еді.
Тәлім Мұсақұлұлы еліміздегі жоғары оқу орындарының тарихында есімі ерекше орын алатын тұлғалар қатарынан десек артық айтқандық емес. Ол 1909 жылы 12 маусымда Алматы облысының Нарынқол ауданындағы Сарбастау ауылында дүниеге келген. Әкесінен ерте айырылған ол ер-жұртқа ауыртпалық түскен қиын-қыстау заманда, алдымен, анасының тәрбиесінде болып, ол дүниеден озған соң 1920-1923 жылдары Жаркенттегі балалар үйінде тәрбиеленеді. Губерниялық халыққа білім беру бөлімінің жодамасымен Абай атындағы қазақ педагогика институтына қабылданып, оны 1932 жылы білім ордасының тұңғыш түлектерінің бірі болып, бггіріп шығады. 1937 жылы Халық ағарту комиссариатының бұйрығымен Тәкең Қостанай педучилищесіне оқытушылық қызметке жіберіліп, кейінірек Жамбыл атындағы орта мектеп директоры, ал 1939 жылдан, яғни институттың алғашқы күндерінен 1942 жылға дейін Қостанай мемлекеттік мұғалімдер институтында әуелі директордың орынбасары, кейіннен директоры болып қызмет атқарады. 1942 жылдың ақпанында Т. Мұсақұлов Қызыл Армия қатарына шақырылып, 1945 жылға дейін Ұлы Отан соғысына қатысқан. Соғыс жылдары ол атқыштар полкінде үгітші, майдандық газеттің редакторы бола жүріп, екінші Прибалтика майданындағы ұрыстарға қатысады.
Тәліп Мұсақұлылының соғыстан кейінгі өмірі ұстаздықпен және ғылыммен тікелей байланысты болды. Ол Абай атындағы ҚазПИ-де қызмет істей жүріп, кандидаттық диссертация қорғайды. Студенттерге берілетін білім сапасының жақсаруына атсалысты. Мұнан кейін Тәліп Мұсақұлов кең көлемдегі ғылыми-әдістемелік жұмыстармен шұғылданып, қазақ тіліндегі тұңғыш ботаника оқулығын, 4 томдық биологиялық терминдер сөздігін және биологиялық түсіндірмелі сөздікгі жазып шығарады. Оның жазған оқулықтары мен оқу құралдарын студенттер мен мектеп мұғалімдері және оқушылар әлі де қолданып жүр. Ғалым-ұстаз Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтына соңғы рет 1968 жылы мемлекеттік емтихан қабылдау комиссиясының төрағасы ретінде келген. Ұстаздың ғылыми-зерттеу және ағарту саласындағы, көп жылғы еліне сіңірген еңбегі еленіп, 1994 жылы Алматы облысының Райымбек Ауданындағы Тұзкөл орта мектебіне Тәліп Мұсақұловтың аты берілді.
Жаңа ашылған институтқа оқытушылар әр тараптан келе бастады. Олардың бірден ұйымдасып кетуіне уақыт керек еді, оның үстіне институт директоры И.П. Найденов алғашқы жылдары дұрыс басшылық та жасай алмаған. Дегенмен, 1941 жылы институттың алғашқы түлектері екі жылдық оқуды артқа тастап, дипломын ала бастайды. Алғашқы бітіргендердің арасында М. Қарсақбаев, А. Агарков, П. Агаркова, Я.Березан, А. Ысмағұлов, С. Сыздықов, М. Шәкірова, А. Шашкина бар болатын. Олардың бірден білім беру жұмысына кірісуіне соғыстың басталуы кедергі жасады. Жастардың көпшілігі майданға аттанып, ел үшін ерлікпен қаза болды, елге біренсараңы ғана оралды. Олар көп жыл жас ұрпаққа білім беріп, өскелең ұрпақты тәрбиелеуде үлкен еңбек сіңірді.
Соғыс жүріп жатса да, институт өз жұмысын тоқтатқан емес. Дегенмен, оқытушылардың, студенттердің, сондай-ақ, сабақ беру, оқыту үрдістері соғыс жағдайына байланысты көптеген өзгеріске ұшыраған. Бұл туралы архивтегі құжаттар сыр шертеді.
Мысалы, 1941 жылы 21 тамыздағы Халық ағарту комиссариатының жеделхатында: «Қостанай мұғалімдер институтының оқуы қазан айынан басталады» деп жазылған. Көптеген студенттер мен оқытушылар әскер қатарына жедел шақырала бастады. Институт оқу үдерісіне үлкен өзгерістер енгізілді. Оқу уақыттарын қысқартып, оның есесіне әскери жаттығулар мен денешынықтыруға көп уақыт бөлуге тура келді. Қыздар болса радистікке оқып, медбикелікке дайындалды.
Соғысқа байланысты оқытушылар, институт қызметкерлері демалысқа шықпады, семестрлер уақыты өзгертілді. I семестр қараша-ақпан, II семестр наурыз-маусым айларында жүрді. Қысқы сессия 16 ақпан – 15 наурыз аралығында өтеді, жазғы сессия 26 маусым мен 15 шілде аралығында болады. Шәкірттердің біразы сырт киімі, аяқ киімі жоқтықтан оқуға келе алмады. Білім алушылардың оқып отырған орындары да мәз емес еді. Дәрісханалардың суықтығынан студенттер де, оқытушылар да сабақта сырт киіммен отыратын. Студенттер мен оқытушыларға өлшеп берілетін күнделікті нан да жиі келмей немесе жетпей қалатын. Себебі бірде ұн, бірде отын болмайтын.
Қыс айларында 80-100 студентке дейін аэродромға қар тазалауға жіберілетін. Студенттерге соғыстан жаралы болып келгендердің қасыңда болып, оларға көмектесу, хат жазып беру, олардың көңілдерің көтеру мақсатында концерттер қою секілді жұмыстар да жүктелетін. Соғыстағы жауынгерлерге жылы киімдер тоқу, тігу ісіне де студенттер тартылды. Соғыстың алғашқы жылы майданға 22 студент өз еркімен аттанған. Оқытушылардан директор И. Найденов, орынбасары Т. Мұсақұлов, шаруашылық жөніндегі орынбасары А. Бейсенбаев, кафедра меңгерушісі К. Аманқұлов, кафедра меңгерушісі М.Б. Гренадер, аға оқытушы Б.И. Шиебаев, оқытушы Г. Асанов, оқытушы И.Г. Попов майданға жол тартады. Олардың көпшілігі соғыстан қайтып оралмады. Б.И. Шиебаев, И.Г. Попов, студент П. Киселев ерлікпен майдан даласында қаза тапқан. Соғыс жылдарыңда мұғалімдер институтынан 60 пулеметші, 120 медбике, 30 автоматшы, 120 шаңғышы, 50 байланыс маманы дайыңдалды.
Осындай ауыр да, алмағайып уақытта ерлердің көбі әскерге алынған соң институт басшысы болып білімді, тәжірибесі мол, ұстамды ұстаз Ольга Лаврентьевна Берлинская тағайыңдалды. Ол 1911 жылы Меңціқара ауданындағы Татьянов дейтін елді мекенде өмірге келген. Бала жастан жетім қалып, 1920-1927 жылдары Боровой поселкесіндегі жетім балалар үйінде тәрбиеленеді. 1928 жылы Қостанай педтехникумын тәмамдап, 1931-1935 жылдары Мәскеудегі педагогика институтында оқиды. Кейін Қостанайдағы педагогика училищесінде орыс тілі мен әдебиетінен сабақ береді. Соғыстан кейінгі жылдары облыс орталығындағы мектептерде мұғалімдік қызмет атқарды. Ольга Лаврентьевна 1987 жылы өмірден озды.
1944 жылдың 22 маусымындағы Қазақ ССР Халық комиссариаты кеңесі және Қазақстан большевиктер компартиясы орталық комитетінің қаулысымен Қостанай мем-лекеттік мұғалімдер институтына қазақтың халық батыры Амангелді Имановтың есімі берілді. Соғыстың ауыртпалығын институт елмен бірдей көтерген еді.
От кешкендер
Қостанай мемлекеттік мұғалімдер институтын ең алғашқы түлектері оқуларын аяқтап, дипломдарын алуға санаулы күндер қалған кезде Ұлы Отан соғысы басталып кетті. Жасы жеткен студенттердің басым көпшілігі институттағы оқуларының біту-бітпеуін күтпестен өз еріктерімен майданға аттанды. Жалпы солардың ішінде біріншісі болып жаратылыстану және география факультетінің 2 курс студенті Сыздық Сардар болды. Ізденіс үстінде табылған университет мұрағатындағы құнды дерек мазмұны төмендегідей:
«1941 жылдың 27-ші маусымындағы № 94 бұйрықтың 3 параграф бөлігінде жаратылыстану және география факультетінің 2 курс студенті Сыздықов Сардарды тамыздың 26 күнінен бастап әскер қатарына алуына байланысты студенттер қатарынан шығарылсын».
Осы бұйрыққа Қостанай мұғалімдер институтының сол кездегі директоры Н.П. Найденов қол қояды.
Сардар Сыздықұлы 1919 жылы 23 ақпанда Қостанай қаласының маңындағы Қалеке ауылындағы шаруаның отбасында дүниеге келген. Ол Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының жаратылыстану және география факультетінің ең алғашқы түлегі. 1939 жылы оқуға түсіп, 1941 жылдың көктемінде жоғарыда айтылған факультетгі ойдағыдай аяқтап, мемлекеттік емтиханға дайындалып жүргенде Ұлы Отан соғысы басталып кетті. Мемлекеттік емтиханды ойдағыдай тапсырып, өз еркімен майданға аттанды. Ең алғаш фашистермен ұрысқа Сталинград майданында кіріседі. Сыздықұлы Сардар Кавказды, Украинаны, Молдавия, Румыния, Болгарияны азат ету жолындағы талай ұрысқа қатысқан. Батальон командирінің Сардар Сыздықұлына берген мінездемесінде былай делінген: «Сыздықов Сардар батареяда екі жылға суық болып, Миллирево, Ворошиловоград, Запарожье, Николаев, Одесса қалаларын азат етуде Дон, Днепр, Дунай, Бус өзендерінен өтіп, фашистерге қатты соққы беріп отырды. Сардардың қырағылығының арқасында, жаудың 600 орын батареясы көзге түсіп, 50-ден астамының күлі көкке ұшты. Соғыстағы ерлігі үшін II дәрежелі Ұлы Отан соғысы ордені және көптеген медальдар алып, 1945 жылы елге оралды».
Бейбіт күндері ауыл-аудаңдарда еңбек етіп, 1945 жылы Мәскеудегі коммунистік партияның жоғарғы мектебін бітіреді. Еңбек жылдарында ауыл мамандарының білімдерін жетілдіріп, оқу орнында оқытыушы, кейін Қостанай облыстық партия комитетінің бөлім меңгерушісінің қызметін абыроймен атқарған. 1955-1961 жылдары Мендіқара ауданының партия комитетінің екінші хатшысы, 1961-1974 жылдары Денисов аудынының және Жітіқара ауданының партия комитетінің екінші хатшысы болып қызмет атқарады.
Майданға студенттерден кейін Қостанай мемлекеттік мұғалімдер институтының оқытушылары да шақырыла бастады. Солардың алғашқылары болып Юманкулов Хисам Фахрутдинович майданға аттанды. Ол 1905 жылы Татарстанда дүниеге келген. Жастайынан әке-шешесінен айырылғандықтан балалар үйінде тәрбиеленген. 1927 жылы Татарстаңдағы коммунистик университетті аяқтайды да, кейін 1938 жылы Мәскеудегі профессураның 1курсын тәмамдайды. Заманына байланысты комсомол, партия, совет органдарында қызметте болады. 1939 жылы жаңадан құрылып жатқан Қостанай мемлекеттік мұгалімдер институтына, кезіндегі өзекті болған, марксизм-ленинизм кафедрасының меңгерушісі болып тағайындалады. Бұл қызметте Юманкулов Х.Ф. 1942 жылға дейін істеп, сұрапыл соғыс жүріп жатқанда, осы жылдың жазында майданға аттанады. 1946 жылы өзі басқарған кафедрасына қайтадан меңгеруші болып қызметке тұрады. 1950 жылы уақытша мұғалімдер институтының директор қызметін атқарады. 1956-1965 жылдары институттағы партия тарихы кафедрасының аға ағартушысы болады.
Ұлы Отан соғысындағы ерлігі үшін Юманкулов Х.Ф. – «Қызыл жұлдыз» және II дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен марапатталады. Хисам Юманқұлов 1969 жылы дүниеден өтті. Ол кісі Қостанай Мемлекеттік институтының іргесін қаласып, қабырғасын қатайтып, өскелең ұрпаққа отансүйгіштік тәрбиесін беруде зор еңбек етті.
Алғашқы түлек текті атаның жалғасы еді
Биыл құрылғанына 80 жыл толып отырған университетімізден мыңдаған түлек ұшты. Олар көпсалалы қоғамымызда қажырлы еңбек етіп келеді. Университет қабырғасынан шығып, айтулы тұлғаға айналған және артында тамаша тағылымды із қалдырған түлектерді кейінгі ұрпақ білуі тиіс. А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің негізі саналатын Қостанай мемлекеттік мұғалімдер институтының алғашқы түлектерінің бірі Қайдауылов Мертай Қорғанбекұлы туралы айта кету абзал. Мертай Қорғанбекұлы 1920 жылы 16 қыркүйекте Қарабалық ауданының Тоғызақ ауылында дүниеге келген. Атасы Қайдауыл XIX ғасырдың ортасында Торғай төңірегінде болыс болған кісі. Әжесі Сәлима бірінші дәрежелі белгілі көпес Яушевтер әулетінің қызы. Татар ұлтының тамаша ұлдары ағайынды Яушевтер қазақтың мәдениет тарихында үлкен орны бар. Қазақ баспасөзінің көш бастаушыларының бірі, 1911-1915 жылдар аралығында Троицк қаласынан шығып тұрған «Айқап» журналын шығарғанда оның редакторы Мұхаметжан Сералинге қаржылай көмек берген, Қостанайдағы ақ мешітгі қазақтардың жинап берген қаржысына салдырған Яушевтер болатын. Мертайдың анасы Рәбиға Қайдауылова XX ғасырдың 20-шы жылдарында Қостанай-Торғай өңіріндегі әйелдер теңсіздігін жою және ағартушылық салалрында ояздық, аймактық деңгейде талай жылдар белсенді қызмет істеген. Мәскеуде өткен Шығыс әйелдерінің II съезіне қатысып, Надежда Крупскаямен кездсіп, кейін біраз жылдар хат жазысып тұрады.
Мертай Қайдаулов туған апасы Күнжамал – қазақтың классикалық әдебиетінің іргетасын қалаушылардың бірі, атақты жерлесіміз Бейімбет Майлиннің жұбайы. Б.Майлин «халық жауы» болып атылып кеткеннен кейін АЛЖИР-де (отанын сатқандардың әйелдеріне арналған Ақмола лагері) отырғаны белгілі. Күнжамал апай елге қайта оралғаннан кейін, мәдениет саласында абыройлы еңбек еткен. Белгілі орыс жазушысы Галина Серебряковамен хат алысып тұрған.
Осындай белгілі, отбасында дүниеге келген, текті ортада қалыптасқан Мертай білім жолына түседі. Ауылдағы мектепті бітірген соң 1932 жылы педагогика техникумына түсіп, 1936 жылы оны «бастауыш мектептің мұғалімі» деген мамандық бойынша өте жақсы аяқтайды. Сол жылы Қостанай қаласындағы Жамбыл атындағы жалғыз қазақ мектебінде еңбек жолын бастайды.
Қостанай аудандық біріккен әскери комиссариатының атына 1939 жылы 29 мамырда Жамбыл атындағы орта мектептің директоры Т. Мұсағұловтың М. Қайдауылов туралы жазған мінездемесіңде: (орысшадан аударған автор) «Қайдауылов Мертай бастауыш мектептің мұғалімі есебінде өзіне жүктелген міндеттердің бәрін ұқыпты, өз уақытында орындап, мектеп өміріне белсене араласады, қоғамдық жұмысы – насихатшы» деп көрсетеді.
Жастайынан келешекке дұрыс бағыт алғандығын оның кейінгі өмір жолы абыроймен растап шықты. Кезінде педтехникумды өте жақсы аяқтаған соң үш жылдық білікті мұғалімдік тәжірибесі бар Мертай Қайдауылов 1939 жылы жаңадан ашылған Қостанай мемлекеттік мұғалімдер институтының География-жаратылыстану факультетіне емтихансыз оқуға түседі. Бірақ осы жылдары елімізге сыртқы саясат салмақ салып тұрған кез болатын. Солтүстіктен ақ финдер мазаласа, батыстан фашизм I дүниежүзілік соғыста басталыпта кеткен еді. Сондықтан еліміз әскери дайындықты ерекше назарда ұстауға мәжбүр болды.
Жасы жеткен жастарды әскер қатарына шақырды. Мертай Қайдауылов та институтта небәрі бес ай оқып, бірінші семестрден соң 1940 жылдың ақпанында әскер қатарына шақырылды. Ол шекарашылар әскерінің қатарында Польша-Беларуссия шекарасында болып, соғыстың алғашқы отты лебін кеудесімен қарсы алғандардың бірі болатын. Соғысты атқыштар полкіңдегі қатардағы жауынгер болып бастап, Жеңісті лейтенант шеніңде қарсы алды. Оның майдандағы ерлік істері «Красная звезда», «Отечественная война» ордендерімен «За отвагу» медалімен аталып өтті. Одан кейінгі жылдары қажырлы еңбегі үшін «Еңбек Қызыл Ту» және «Құрмет белгісі» ордеңдерімен марапатталды.
Соғыстан аман оралған Мертай Қайдауылов жастар ісімен айналысады, комсомол комитетінде қызмет етеді. 1948 жылы еңбектен қол үзбей жүріп, Амангелді атындағы Қостанай мемлекеттік мұғалімдер институгының Тарих факультетіне сырттай оқуға түсіп, оны 1950 жылы ойдағыдай бітіріп шығады.
Іскерлігімен және әр іске ынталылығъімен көзге түскен Қайдауылов 1951 жылы Қостанай облысы жастар ұйымын басқаруға облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы қызметіне кіріседі. Кейін оған Мәскеудегі Коммунистік партияның жоғары мектебіне жолдама беріледі. Оны Мертай Қорғанбекұлы 1956 жылы жақсы бітіреді. Жігері мол жас маман елге оралып, қала, облыс деңгейіндегі партия, кеңес оргаңдарында қызмет істейді. Жаңа өнеркәсіп орындары ашылып, тың игерілген 1957-1959 жылдары Мертай Қайдауылов Рудный қалалық партия комитетінің екінші хатшысы қызметін абыроймен атқарады. Одан кейін Қостанай облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып, облыс орталығының экономикалық, әлеуметтік және мәдени тұрғыда өркеңдеуіне үлкен үлес қосады.
Тың өлкесінде кәсіптік білім беру басқармасы бастығы қызметіне 1963 жылы тағайындалып, Целиноград (қазіргі Нұр-Сұлтан) қаласына ауысады. Кейін білім саласындағы қызметі тағы да жоғарылап, сол кездегі астанамыз Алматыға қоныс аударады. Өмірінің соңғы он жылдан астам уақытында Қазақ ҚССР Министрлер Кеңесінде ұйымдастыру-нұсқау бөліміндегі қызметте болады. Мертай Қайдауылов 1980 жылы 29 маусымда дүниеден озды. Мертай ағамыздың жұбайы Қадиша Нұрмағамбетқызы елу жылдан астам уақыт денсаулық саласында абыройлы қызмет еткен болатын.
Мінекей, біздің салмақты да, әр алуан мамандарды дайындап, сапалы білім негізінде көптеген студенттер мен магистранттарды ғылымға беттетіп, еліміздің ғана емес, шет елдерде білімдерін шыңдайтын шәкірттерімізді көп салалы қоғамға қажетті мамандарды еселеп өсіруде сүбелі үлес қосып келе жатқан Ө. Сұлтанғазин атындағы Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетінің алғашқы тарихи қадамдары осылай басталған еді.
Қалқаман Жақып, Ө. Сұлтанғазин атындағы мемлекеттік
педагогикалық университетінің 1974 жылғы тарих және
педагогика факультетінің түлегі
А. Байтұрсынов атындағы ҚМУ профессоры