Отыншы ақын
Qostanaı tańy, 2020 жыл, 12 ақпан (№ 17), 8 Б.
Ғалым Кескенбай Жұмақұлов «Ыбырай Алтынсарин және қазақ халқының мәдениетінің дамуы» аталатын зерттеу еңбегінде 1887 жылы қазақ қыздар учи-лищесінің ашылу салтанатында Отыншы ақынның Ыбырайға өлең арнағанын айтып: Инспектор господин Ибрай,Каков-то он был? Ему хотелось бы иметь крылья И полететь вверх, – деген төрт жолын келтіреді. Өлең тым қарадүрсін аударылған.
Дұрысы:
Ыбырай исі қазақ ұстазы еді,
Ғылымның төртбұрышын ұстап еді.
Тәңірім талабына хоштық берсе,
Ғарышқа қанат байлап ұшпақ еді.
Ақынның бұл шумағын Ғафу Қайырбеков кезінде «Дала қоңырауы» поэмасына эпиграф етіп алған. Бұл бір шумақ өлеңнің басқа нұсқасы да бар. Ол нұсқасы да осы мақалада кейін беріледі. Қазақстанда тұңғыш әйелдер мектебі 1887 жылы Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында (1888 жылдан бастап екі сыныптық училище), 1888 жылы Ақтөбе қаласында, 1891 жылы Торғайда, 1893 жылы Қостанайда ашылды. Диакон Ни-колай Саркин 1904 жылы осы және тағы да басқа мектептердің ашылуына орай Қостанай қаласында өткен жиын туралы «Торғай облысындағы әйелдер мектептерінің ашылу тарихы» деп аталатын кітапша шығарған. Онда ол бас қосудың мән-жайын түсіндіре келіп, Отыншы ақынның сол жиын жайында жазған өлеңін оқушылар назарына ұсынады:
Қазақтың жар шақыртты баласына,
«Жиыл-деп-Қостанайдың қаласына».
«Адамдар инабатты қалмасын», – деп,
Білдірді әр болыстың қол астына.
Омардың, біздің болыс, кәрі қатты,
Адамды инабатты қалдырмапты;
«Шағатай, Нұрқан келсін», – демесе де
«Біздағы баралық», – деп жекті атты.
Біз келдік Қостанайда жатқан көпке,
«Қазақты салады» – деп – қандай кепке?»
Орыстың оған шейін сыры ашылмай,
Қамалып отыр екен бекер текке.
«Ақылын бұл орыстың байқадық» – деп,
– Қамалып жата бермей, қайталық», – деп,
Оларға арғын жағы кісі салды,
«Школды алмаймыз, – деп айталық!» –
деп, – деп, бес болыстың бетке ұстар адамдары бас қосып, мәжіліс құрғаны баян етіледі; Арғындардың «мектепті қабылдамайық» деген ойын Омар болыс та, Нұрқан да, Асқар да қолдайды. Алайда қарабалықтықтар мектептің ашылуы керектігін айтады.
Одан әрі ол Кеңарал болысының сұрауымен Кеңаралда мектеп ашылып, оның ашылуына барлық болыстың өкілдері қатысқанын жырға қосып, Ахмет, Мұқан аға сұлтандардың, Қарпық болыстың аты-жөндерін мақтанышпен атайды.
Ұзақ өлеңде:
Тағы да қойды біреу помошник деп,
Нашарды мықтыменен теңесін деп
Талайды старшин шенғе қойды қалап,
Қаншама ішті-жеді жұртты талап, –
деп сол кездегі билеушілердің жағымсыз істері мен қоғамдағы келеңсіздіктерді сынайды.
Нәсілі Қара қазақ Қыпшақ еді,
Тұтқасын бір облыстың ұстап еді.
Инспектор Ыбырай төре ол не болды,
Шығары қанат байлап ұшпақ еді, –
деп Ыбырай Алтынсарин есімін елге ерекше екпін бере таныстырады. Өлең жиырма шумақ – 80 жол. Мақаламыздың басында аталған еңбегінде К. Жұмақұловтың «Отыншы ақын Ыбырайға арнап бір-бір шумақтан тұратын 80 өлең жазыпты» деуі сондықтан екен. Өлеңде аттары аталған Омар-Омар Қошанов, Ыбырайдың туысы. Балғожадан Алтынсары, Қошан, Алтынсарыдан Ыбырай, Қошаннан Оспан, Омар туады. Қазір Қостанайдың Ыбырай туып-өскен Арақарағай орманының бір шетіндегі құдық –«Омар құдығы» деп аталады. Шағатай – руы Қырықмылтық, Арғынның беделді, сыйлы адамдарының бірі. С. Әбілғазиннің «Арқада Наушабайдың Нұржаны өткен» кітабында Шағатай есімі жиі аталады, Шағатай Балтабаев, Нұржан – Нұржан Наушабаев. Н. Саркин осы өлеңдегі адам аттарына берген түсіндірмесінде Шағатай мен Нұржанның бір кездері старшина лауазымын алуға бәсекелес болғанын айтады. Нұрқан-Нұрқан Мырзабакин, Меңдіғараның болысы. Ыбырай 1889 жылы 24 шілдеде Ф.Д. Соколовқа жазған хатында «Маужан Байжановтан – қазір барып, Меңдіғараның болысы Нұрхан Мырзабакиннің келген, келмегенін біліп беруін сұраймын. Егер келген болса, оның бүгін біздің үйге келуін өтінемін. Губернаторға жолықпастан онымен бір өте қажет іс жөнінде сөйлесіп алуым керек», – дейді. Ыбырайдың бұл соңғы жазған екі хатының бірі. Нұрханға не айтпақ болды екен?!
Асқар-Асқар Сасықов, 1896-1899 жылдары Кеңарал болысын басқарған, Көлденең Қыпшақ: Бағашты, 1849 жылы туған.
«Қырап» – Крафт Иван Иванович. Бұрынғы әскери губернатор, алдымен Забайкальск, кейін Торғай облыстық басқармасының аға кеңесшісі қызметін атқарған, қазақ халқының тарихын жақсы білетін, елге танымал адам болған. Орта білімі болмаса да өз жолын тауып, әкімшілік қызмет сатысымен вице-губернатор лауазымына дейін жеткен.
Қарпықов – Бекмұхамбет Қарпықов, Торғай облыстық әскери губернаторының төтенше тапсырмалар жөніндегі кіші көмекшісі болған, Шұбар, Дамбар болыстарын басқарған. Ыбырай 1882 жылғы Торғай облысындағы оқу жұмысының жайы туралы есебінде «...Төрт құрметті қамқоршы: Троицк қазақ мектебінің құрметті қамқоршысы Қарпықов 200 сом, Ақтөбе мектебінің құрметті қамқоршысы Беркінбаев 109 сом, Торғай мектебінің құрметті қамқоршысы Бірімжанов 200 сом және Ырғыз мектебінің құрметті қамқоршысы Құлыбеков 100 сом беріп отыр», – деп жазады.
Я.О. Барабаш – генерал-лейтенант, әскери губернатор. Торғай облысында орыс-қазақ гимназиясының ашылуы Я.О. Барабаш пен И.И. Крафт екеуіне тікелей байланысты. Ахмет – Ахмет Жантөрин, Орданың Шығыс бөлігінің бұрынғы билеушісі. Мұқан – Мұқан Жантөрин, қазақтар «Мұқан провитель» деп атап кеткен ол да бұрынғы ел билеушісі. Тілеу – шын аты Тілеумұхамед Сейдалин. Орынбордағы Нелпюев кадет корпусының түлегі. Қостанай уез бастығының көмекшісі болған адам. Ыбырай Алтын-сариннің жақын достарының бірі.
Н. Саркин түсініктемесінде көрсеткендей, өлеңдегі лауазымды тұлғалар мен шендер – болус – болыс, жанарал-генерал, әкім-бастық, шенеуінік – чиновник, болконлук – полковник, ояз – уез бастығы, халық төрешісі-би. «Бұл шендер мен лауазымдардың атауы орысша, өйткені оның бәрін орыстар ойлап тапқан», – дейді автор.
Өлең соңында Н. Саркин Ыбырайдың «Шариғат-ул-Ислам» атты еңбек жазғанын, 1889 жылы 17 шілдеде өкпе ауруынан қайтыс болғанын, қазақ арасында алғашқылардың бірі болып, Т. Сейдалин сияқты орысша білім алғанын, Н.И. Ильминскийдің Ыбырай ту-ралы 1891 жылы «Ыбырай Алтынсарин туралы естелік» жазғанын, орыс қоғамының Ыбырайды өте жақсы көріп сыйлағанын, ол дүниеден өткенде қазақтардың орыстарды оның жаназасына қатыстырмағанын жазады. Сондай-ақ автор Кустанайдың қазақша Қостанай деп аталатынын ескертіп, оның Тобыл жағасына орыс-түрік соғысынан кейін салынғанын, егін шаруашылығымен айналысатынын, Қаланы салуға алғаш Ордабай деген жер таңдалғанын, біраз уақыт солай аталып келгенін, кейін 8 шақырым қашықтықтағы «Жалғыз мола» деген жерге көшірілгенін, бұл Қостанай деген қазақ кемпірінің тамы екенін, сондықтан қазақтар «Қостанай», орыстар «Николаевск» деп атағанын айтады. Онда жыл сайын 1 қазаннан 15 қазанға дейін және 29 маусымнан 14 шілдеге дейін Покровской, Петровской деп аталатын үлкен жәрмеңкелер өтіп тұрғанын баян етіп, Ыбырай ашқан мектептерге, онда тұратын орыстар мен қазақтар, қазақтардың ішінде Қыпшақ, Керей, Арғын, Жаппас, Жағалбайлы рулары тұратынын, бұл рулардың қай аудандарды мекен етіп отырғанын тәтпіштей жеткізеді.
Есіме Сыздық Әбілғазиннің «Арқада Наушабайдың Нұржаны өткен» атты кітабы түсті. Өйткені онда бұл «Жалғыз мола» Ыбырайдың ұлы атасы Тастемірдің шешесінің бейіті делінетін. Кітапты қайта парақтадым. Дәл солай. Автор Алтыбас қыпшақтың шежіресін тарата келіп, «...Тіней, одан Жанақ, одан Жаңбыршы, одан Ыбырай Алтынсариннің атасы Балғожа, Қанғожа, Тастемірдің анасы егіздің сыңары болғандықтан, есімін Қостана қойыпты. Қостана ана бұдан 250 жыл бұрын өмір сүргенін байқаймыз. Қолымыздағы шежіре тізбегіне үңіліп есептесек, 1710-1780 жылдар аралығында өмір сүрген сияқты», – деп, Қостананың ділмәр, елге ұйтқы асыл ана болғанынын айтады.
«Қостана ананың қабірінің күмбезі үстіндегі айын жез қаңылтырмен көмкеріп, алтынмен булағанда алыстан күнге алаулай шағылыста көз қаритындықтан, Қостана – айы аталынып, кейін Қостанай атанып кете берген, – дейді автор айтқанын айқындай түсіп. – Ы. Алтынсарин Николаевск атауын өзгертіп Қостанай атымен қала атын атандыруында үлкен мәні зор тарихи дерек жатыр.
Қалаға қойылған Құттық Нұржан Наушабаевтың бабасы Қостанай ма, әлде Ыбырайдың бабасы Тастемірдің анасы Қостанай ма, осы арасы әлі де зерттей түсуді қажет етеді. Қаланың атына Қостанай атын беруде Ы. Алтынсарин тегіннен қойылмаса керек. Мұнда да ашылмаған тарих бар тәрізді».
Шындығында да бұл әлі зерттей түсуді қажет етеді. Дегенмен, Н. Саркин мен С. Әбілғазиннің айтқан пікірлері бір-бірімен қабысып, бір арнаға тоғысып тұр. Диякон Николай Яковлевич Саркин Қазан қаласындағы діни академияда оқыған. «Об Исусь Христь и Мухаммед», «О женщинах», «Чудодейственный жизнь моисея по мусульманским сказаням и посох киргизских дервищей» атты 7,8,9 беттен тұратын кітапшалары Қазан қаласында жарық көрген. Бір құжатта Кәкімжан Саркин дегеннің Торғай облысындағы Қостанай уезінің Кеңарал болысында № 2 ауылда туғандығы, Қос-танайдың орыс-қазақ екі сыныптық училищесінде оқығаны айтылады.
Н. Саркин осы Кеңарал болысында туып-өскен Отыншы ақын жайында жазып отыр, қазақша жақсы білетіні байқалады, Х. Саркиннің шоқынып кеткен туысы емес пе екен? Өйткені ол кезде кейбір қазақтардың аттарын орысша Нығымет болса, Николай, Қарабатыр болса, Кирилл деп атаған, мысалы Қарабатыр Арсыланұлы Сермұхамедов Кирилл Александрович Сермұхамедов, 1903 жылы Торғай уезінде мал дәрігері боп қызмет атқарыпты.
Отыншы Торғай облысы, Қостанай уезі Кеңарал болысының № 1 ауылында туып – өскен. Отыншы ақынның туған, қайтыс болған жылдары белгісіз. Алайда 1887 жылы Ыбырайға өлең арнап, Нұржанмен қағысуына қарағанда, екеуінің замаңдасы. Ол сондай-ақ қостанайлық айтыскер ақын Өтей Қалиевтың нағашысы.
«Торғай ақындарының антологиясы» жинағында: «Отыншы кедей екен. Нұржан іздеп келгенде үйінде болмапты. Нұржан кедейлігіне және үйінің настығына кейіп, бірдеңе деп кетеді. Мұны естіген Отыншы Нұржанға хатпен өлең жазады» делініп, төмендегі бір шумақ беріліпті:
Сәлем де Наушабайдың Нұржанына,
Тәңірім медет берсін тіл – жағына.
Әкесі Наушабайды білуші едім
Сүрініп журуші еді қыржаңына.
«Сурініп журуші еді қыржаңына» деген жолы поэзия, осал ақын емес екендігін аңдатады. Ел арасында «Отыншы ақын Нұржан Наушабаевпен айтысқан» деген сөз айтылып қалады. «Нұржан мен Отыншының айтқаны» деген өлеңді Алматының Орталық Ғылыми кітапханасынан алдық. Қолжазбада: «Нұржан жас кезінде Арақарағай болысында бір қызға сөз айтады. Қыз Нұржанның айтқан сөзін ілтипатқа алмайды, еле-мейді. Сонан барып Нұржан қызға өлең шығарады. Қыз қара сөзге шешен болса да өлең білмейді. Сондықтан Кеңарал болысындағы Отыншы деген өлеңшіні шақырып алып, өлең шығарып бер дейді... Сондықтан... шығарған өлеңіне бұл кісі қарсы болып Нұржанның өлеңіне жауап қайрады», – делініп, он жеті шумақ өлең беріледі. Қолжазба көне (қадим) араб әріптерімен жазылғандықтан оқу қиын болды, жоғарыдағы «дейді», «Сондықтан» деген сөздерден кейінгі көп нүктелер сол оқылмаған жолдардың өрнына қойылып отыр – С.О.)
Отыншы ақынның сөзі онда жоқ болып шықты. Тек Нұржанның «Үшінші назымы» мен «Баяғы ерлер қайда?» өлеңдері аздаған өзгертулермен қайталанып жүр. Шамасы Орталық Ғылыми кітапханадағы қолжазба беттері ауысып, екі ақынның өлеңдері бір-бірімен араласып кеткен. Отыншы ақынның қыздың атынан Нұржанға шығарған өлеңін осы кітапханадағы қолжазбадан (ОҒК: 1301. 8 дәптер. 1947 жылы Нұғыман Әбенов тапсырыпты) іздестіру ләзім. Алайда оған қадимше оқи білетін адам керек.
Серікбай ОСПАНҰЛЫ, Күлзада МЫРЗАҒАЛИЕВА,
Ө. Сұлтанғазин атындағы Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетінің профессорлары