Ұлт мұраты: оқу-бiлiм, тəлiм-тəрбие
Qostanaı tańy, 2020 жыл, 1 сәуір (№ 37), 5 Б.
Сонау ықылым замандардағы ойшылдар мен олардан кейінгі жыраулардың, ақын-жазушылардың шығармаларына үңілсек, қашан да ұлт мүддесін өз қара басының қамынан жоғары қойып, халық атынан сөйлеген. Олар халықты адал еңбек етуге, оқу-білімге, адамгершілікке, ізгілік, ізетке, имандылыққа шақырып отырған. Сондықтан да болар олардың көбісінің айтқан ойлары бір-бірімен қабысып, бірінің сөзін бірі тірілтіп, жалғап үндесіп жатады.
Римдік әрі ақын, әрі көсемсөзші, әрі философ ретінде аты тарихта қалған Луций Анней Сенеканың «Отанды ұлы болғаны үшін емес, өзіңдікі болғаны үшін сүйесің», – деген қанатты сөзі мен орыс жазушысы В. Розановтың «Диалог» деген қысқа әңгімесі түсті. Ол өңгіме мынадай:
- Отаныңды сүйесің бе?
- Сүйем.
- Қай уақытта?
- «Қай уақыттасы» несі?
- Күшті, қуатты, құдіретті Отанды кім сүймейді?! Баршамыз да сүйе аламыз. Ал енді сөн ол Отаның бүкіл күш-қуатынан айырылып, көзі іріңдеп, үсті-басы баттасқан кір, етек-жеңі сауыс-сауыс болып, шалшықта сұлап ыңырсып жатса, сүйер ме едің?
- Мұның... ең әуелі себебін анықтауға тырысатын шығармын...
- Себебін өзім-ақ айтайын. Сенің Отаның өзінің ақы-мақтығынан осындай күйге душар болды. Осындай ақымақ Отанды сүйер ме едің?
- Бұл туралы мүлде ойланбаппын...
- Егер шешесі үйге удай мас болып келіп, есіктің көзінде сұлап жатса, әлгінің қызы не істейді?
- Жылайды...
- Сонан кейін?
- Шешесінің аузы-басын сүртіп, сүйемелдеп, төсегіне жатқызады...
- Шөшесінің ақымақтығына күйініп, безініп кетпей ме?
- Әрине, ренжиді. Күйінеді. Бірақ, безінбейді ғой. Туған анасынан кім безінеді...
- Сен де сөйт. Өзінің кінәсінен шалшықта сұлап ыңырсып жатқан Отаныңның қасына бар да, әуелі сен де ыңырсып жылап ал. Сонан кейін сүйре, бірақ қасынан кетпе, аяғынан тік тұрғыз!
Ахмет Байтұрсынов та басына түскен ауыртпалыққа, қауіп-қатерге, қуғын-сүргінге қарамай, өлімге бас тігіп, бар күш-жігерін жұмсап Отанын аяғынан тік тұрғызуға тырысты. Шаршады, шалдықты, күйінді, кейіді, ренжіді, ұялтты, сүйреді, бірақ қасынан кетпеді. Күдерін үзбеді.
А. Байтұрсыновтың «Қазақ һәм 4-ші Дума» мақаласы «Өзімізге болмаса, кімге өкпелейміз?» деп түйінделеді. Шындығында да қазақ қазаққа өкпелемесе, кімге өкпе артады?! Мақала ойландырады, толғандырады. Қазақтың бір-бірімен ерегесі әлі күнге дейін бітпеген дерт екені есіңе түсіп, өзіңе-өзің «Неге?!» дейсің, жауап іздейсің.
Көсемсөз шеберінің қолына қалам алып, неліктен «Толғауы тоқсан» мәселелерді қозғағанын оның «Жауап хат» деген шығармасынан айқын аңғаруға болады. Автор бұл хатын Жанша Сейдалиннің «Айқап» журналында жарық көрген мақаласына орай жауап ретінде жазған. Онда да «Сіздің де, біздің де ойлағанымыз қазақтың азып-тозған қамы. Сіздің де, біздің де ниетіміз қазақ азып-тозбасына қызмет ету. Тілегіміз қазақ халқы басқа халықтармен қатар жұрт қалпында ғұмыр шегуге басқаларға теңелсе екен деген. Сол үшін әркім білгенін қолынан келгенін істеп жатыр», – дейді.
Қазақтың жай-күйі, мінез-құлқы атам-заманнан осындай ма еді, азып-тоздырған кім, ұрыс-жанжал, адам өлімінің көбейуі қалай, қайдан шықты?
Ресей патшалығы өзінің отаршылдық мақсатын жүзеге асыру үшін бір халықты бір халыққа айдап салып, араларында алауыздық тудырып, соғыс өртін тұтатып, әлсіретуді ойлады. Қазақтар мен қалмақтардың соғысы осындай арандатудан басталғаны тарихтан белгілі. Қожаберген жырау «Елім-ай» дастанында қазақтарды орыс пен қытай мемле-кеті қолдап, қолдарына мылтық беріп, қаруландырып, соғыс өнеріне машықтан-дырғанын, қазақтардан көмек сұрап естек, татарлардың қарудан қатты шошынғанын баян етеді. Ақтабан шұбырынды, алакөл сұламаны басынан өткерген ақын:
«Өткерді қиындықты туған халқым,
Сақтады дінін, тілін, ата салтын.
Қорқамын қалмақтың дәу мылтығынан,
Үш жүздің бұза ма деп елдік салтын» –
деп күйзеле жеткізеді.
Отаршылдық саясат қазақ халқын тілінен, ділінен айырып, мәңгүрттендірді. Байлыққа мастанып, патшадан шен алып, шекпен кигенге мәз надан пенделер отаршылдардың сұрқия саясатын түсінбеді. Соны көріп-білген Абай:
«Барымта мен партия –
Бәрі мастық, жұрт құмар.
Сыпыра елірмө, сұрқия,
Көп пияншік нені ұғар?» –
деп күңіренді. Қулық, сұмдық, арсыздық бас көтеріп, ақыл, ой, абырой, бауырмалдық төменшіктеп қалды. Өйткені «Арсыз болмай атақ жоқ, алдамшы болмай бақ қайда?» (Абай) заман туды. Жатжұрттықтар жат қылықтарын әкеліп, бойымызға дарыта бастағанын Дулат:
«Мен қауіп еткеннен айтамын:
Ақ борықтай иілген
Кейінгі туған баланың
Ұстай ма деп білегін,
Шая ма деп жүрегін,
Шашын, мұртын қойдырып,
Ащы суға тойдырып,
Бұза ма деп реңін,
Адыра қалғыр заманның
Мен жаратпәймын сүреңін!» – деп көрсетсе, Шәкірім былайша жеткізеді:
«Әйелдері – қуыршақ үлбіреген,
Жалбыр шашақ, сәкәкүл талай неген.
Кеңірдегін сорайтып, кеудесі ашық,
Осы емес пе орынсыз сәнқой деген?!»
Білегін ұстамақ түгілі, аралас некелердің көбейгені, ащы суға үйір болып алғанымыз өтірік пе?!
Кеңірдегі сорайған, кеудесі жалаңаш, кіндігі ашық қарындастарымызға қазір таңқалмайтын болдық. Кешегі ұлттық киімдерімізді тек наурызда көрініске киіп, өзімізді-өзіміз алдайтынды шығардық.
Сайтандық, мәңгүрттік, зомбилық, бір-бірінен сәл-сәл айырмашылықтары болғанымен, бір ұғымды білдіреді. Бұлардың негізінде садизм жатыр.
Ақмолла (Муфтахетдин) Мұхамедиярұлы (1831 – 1895) – қазақтар мен башқұрт, татарларға ортақ, ағартушы ақын. Әкесі – қазақ, шешесі – башқұрт. Ақмолла Есенгелді, Бәтіш дегендердің жаласынан түрмеге қамалады. Соны есіне түсіріп, «Хаққа зауал жоқ» деген мақалды мысалға келтіріп:
«Көтермес тура айтқанды надан адам,
Бұрыңғы ресім қалған заманадан.
...Ауалы бұл заманда қараламан,
Арасын қара шекпен аралаған», – дейді.
«Қара шекпенділер» – елінен, жерінен ауа көшіп, кешегі қазақ жерін паналаған орыс мұжықтары. Ақмолла ел ішіндегі бүліншіліктің, пәле-жала жабудың солармен ілесіп көлгенін, түрмені де отырлаушылар ойдап тапқанын мезгейді. Қазақтардың пайғамбар жолынан тайып, алауыздыққа бой ұрып, өсек-жалаға үйір бола бастағанын айтады:
– Адамға өсек пенен жала жаман,
Шыбында шағатұғын ара жаман.
Сөйлесе сөйлей берсін қара таған,
Қосылмас ақмаралға қара қабан.
Қарамас ғылым қадірін қара надан,
Қара ит те пайғамбарға абалаған.
Иттерден ит қалған жоқ таламаған,
Етінен ет қалған жоқ қанамаған», – деп қазақты орыс отаршылдары қанап, талап отырғанын, оны надандардың білмейтіндігін жұмбақтай жеткізеді:
«Әркімге бір себептен апат болған,
Жақсыға болса-дағы нақақ болған.
Қарысқан бір сұлтанға қарсы келіп,
Қапаста Имам Ағзам опат болған», – деген жолдардан Ақмолланың неге түрмеге қамалып отырғанын сезіне түсесіз. Ыбырай да «Қазақ даласындағы аштық жөнінде» деген мақаласында өз заманындағы қазақтардың күн көріс жағдайына талдау жасайды. Қазақ даласына қара шекпенділердің келе бастауы мен отырықшылық жер тарылтып, жер дауы күшейе түскенін баян етіп: Қазақтар көбінесе осы жер үшін қырқысады. Ұлтарақтай жер үшін кейде қанды төбелеске дейін барады. Мұндай шайқас кезінде кісі өлімі де болып тұрады», – дейді.
Ұлттық болмысымыз бұрын қандай еді, қазір қандаймыз? Бұл сұраққа жауап жоғарыда айтылған ой-пікірлерде де айтылды.
Ислам дінін ұстаған қазақ халқының тазалығындай тазалық басқа діндердегі халықтарда кездесе бермейді. Күніге бес рет намаз оқып, бес рет тақыреттену тән тазалығы болса, ар-ұят, намыс, қайырым, сабыр, обал, сауап, мейірім, адалдық, адамдық қасиеттерді ардақтап, адам жанына рухани тазалық ұялататын, Сондықтан да тәніміз де, жанымыз да таза, рухты халық болдық.
Жоғарыда айтқандай, діннен ажырау тәлім-тәрбиеден алшақтауға алып барды. Құдайға шүкір, сан ғасыр қалыптасып, бойымызға сіңген Ар Ұят, ата-баба рухы өшпепті. Ат арқасына салар еді әспеттеп, ошағымыздың отын сөндірмеуді, шаңырағымызды шайқалтпауды ойлауымыз, атқа мінсек әруақтанып, даланы, кеңдікті аңсайтынымыз сол! Басты байлығымыз – тіл. Тіліміз диверсияға ұшырағанымен қанша ғасыр өтсе де бір тілде – қазақ тілінде сөйлейміз! Тілі, діні мүлде жойылып кеткен, бірін-бірі түсінбейтін ұлттар қаншама?! Кавказда қырдың бергі жағындылар арғы жағындағылардың тілін түсінбесе, Қытай халқы жеті тілде сөйлейді екен...
Дініміз қайта оралды, тіліміз де, діліміз де қалпына келер, ұлтымыздың алдында тұрған ұлы мақсат сол.
Қонақжайлылығымыздан таяқ жеп жүрсек те әлі сол қалпымыз, ашық-шашықпыз, дарханбыз...
...Бір қойылымнан кейін туындыны талқылау кезінде режиссер актрисаға «Кейіпкер қазақ, сен бірақ орысша жындандың», – дейді. Актриса «онда не айырмашылық бар, екеуі де адам емес пе?» – деп таң қалады. Жиналғандар актрисаны қолдайды.
- Айырмашылығы жер мен көктей, – дейді режиссер
- Соны қалай дәлелдейсіз?!
Режиссер актрисаны жындыханаға алып барады. Екеуі ішке кіріп камераға жақындағанда бұларды көрген он сегіз – он тоғыздардағы орыс қызы омырауына қолын жүгіртіп, бар күшімен дар еткізіп жыртып ашады. Қазақ қызына барғанда ол керісінше, бұларға көзінің астымен жасқана қарап, именіп, қайта-қайта омырауын қымтай береді.
Бұл – ақылы адасса да адамға ата-бабаларының қаны мен әке-шешесінің берген тәрбиесі арқылы сіңген қасиеттің санасында, не жүрек түкпірінде қалған ұшқыны, сәулесі. Яғни, адам психологиялық дертке шалдықса да ұлттың болмысынан ажырай қоймайтындығының белгісі.
Жатақханаға барғанмын. Қарсы алдымнан жолыққан студенттер амандық-саулық жоқ, көбісі назар да аудармай жанымнан өтіп жатыр. Бір қыз бала имене сөйлеп амандасып, «Ағай, біреуді іздеп жүрсіз бе?» – деді. Жоқ, оқытушымын, сіздердің қал-жағдайларыңызды, қалай тұрып жатқандарыңызды көріп – білгім келіп еді», – дедім.
- Біздің бөлмеге кіріңіз!
Ол шай қайнатып әкеліп, орамалға ораған екі-үш тілім нан мен үш-төрт түйір қантты алдыма қойды. Филология факультетінің бірінші курсында оқиды екен. Ауылдан келіпті. Үстіне кигені жарқыл-жұрқылсыз, ашық-шашықсық етек-жеңі мол қоңыр көйлек. Өзіне жарасып тұр. Мұхаммед пайғамбар хадистерінде танысын-танымасын мұсылман мұсылманмен амандасуы керектігі айтылады. Қазір бұл ұмытылып барады. Ал, мына ауылдан келген қаршадай қыздың іс-әрекеті, қазір кейбір қарттарымыздан да табыла бермейді. Бейтаныс қарттарға кейде сәлем берсең, «Сен кімсің?» дегенді жана-рымен ұқтырып, оқырая қарайды. Үлкенге құрмет көрсетіп, адамды сыйлай білетін инабаттылығын, қазақ қызына тән ибалылығын көріп көңілім өсіп қалды.
Хадисте «Кімде-кім халықтың қамын жесе, Алланың шапағатына ие болады. Алла тағаланың жер бетіндегі жаратқандарына қайырымдылық жасаңдар, сонда Алла сен-дерге мейрім жібереді...» делінсе, – бүкіл түркі халықтарының рухани атасы Қожа Ахмет Иассауи:
«Халқыңа қызмет ет,
Ізгілерге ізет ет,
Жаны жақсы жайсаңдарға құрмет ет».
«Ғаріп, пақыр, жетімдердің басын сипап,
Діні қатты халайықтан қаштым, міне», –
деген ғибрат айтады.
Қара өлең:
«Сояды халық қаласа хан түйесін,
Ойлай жүр қайда жүрсең ұлттың қамын»
Орыс ақыны Б.С. Сомойлов (1920 – 1990) «Өмірдің мәні ме? Қашан іздейтініңде» – дейді Ағылшын ақыны Томас Грей (1716- 1771) «Бәрі ұрпақ, ұрпақ дейді. Олар біз үшін не істепті сонша?» – деген ой айтыпты. «Ұрпағыңа өзің не істедің?!» дегің келеді. Ойына қазақтың ұяда не көресің, соны ілерсің, Ахмет Байтұрсыновтың «Балам деген жұрт болмаса – жұртым дейтін бала қайдан шықсын», «Баланы ұлша тәрбиелесең – ұл, құлша тәрбиелесең – құл болмақшы» деген асыл сөздері оралады. Яғни, ұрпағыңның саған не істеуі, сенің оған не істегеніңе, берген тәлім-тәрбиеңе байланысты.
Өмірдің мәні біз үшін түркілік дүниетанымда! Өмірдің мәні – Отанды сүю, саналы ұрпақ тәрбиелеу, ұлтыңның болашағы үшін күресу.