Үндестік сыры

Қостанай таңы, 2017 год, 14 ақпан (№ 17), Б. 6. | ТАНЫМНАМА

Ospanov Serikbay

Ыбырай, Абай, Ахмет. Қазақтын осы үш алыбының дүниетанымы, наным-сенімі мен ұлы мақсат бірлігінен туындаған бір-біріне ұқсас пікірлері өте көп. Солардың бірі – заңга, ата зандарымызға (("Қасымханның қасқа жолы" (16 ғ.), "Есімханның ескі жолы" (17 ғ.), "Жеті жарғы" (18 ғ.), "Қарамола Ережесі" (1885)) деген көзқарастары.

Абайдың алғыр да әділ би болғаны туралы Мұхтар Әуезов: "Бұл кезге шейін Абай ел жұмысына араласып жүретін шешен, алғыр, әділ би болған. Әділдігі сонша Абайға досынан гөрі дұшпаны көбірек билік айтқызған, – дейді. – Ірі дау болғанда патша үкіметі өзі шеше алмай әуре болған. Осындай дау тұсында ел әділетшіл билік иесіне мұктаж болатын. Сондай би де, елдің пана іздейтіні де Абай еді" ( М. Әуезов. Абайтанудан жарияланбаған материалдар. – Алматы, 1988. 138 б.).

1885 жылы Шар өзені бойындағы Қарамола деген жерде жәрмеңке базарында бес уездің (Кереку, Қарқаралы, Семей, Өскемен, Зайсан) болыс, билері, белгілі бетке ұстар адамдары бас қосқан қыр қазақтарының төтенше сьезі өтеді. Қазақтың ұлы ойшылы, данышпан ақыны Абай Құнанбаев сол съезде төбе би болып сайланып, сөз сөйлеп патша өкіметінің заңы қазақтың әдет-ғұрып, салт-дәстүрі мен тұрмысына үйлесисйтінін дәлел-дейді. Сөйтіп үш күн, үш түн қыр елінің жаңа заң жобасын жазып шығады. Бұл кейін "Қарамола Ережесі" деп аталады.

Ы. Алтынсарин де "Далалық облыстарды басқару жөніндегі "Уақытша Ереже туралы. 1868 ж." деген жазбасында ережеге қарсылық білдіріп: "жер мәселесін шешудің мұндай тәртібі ежелден қалыптасқан жерді пайдаланудың халықтық салт-дәстүріне қайшы келеді" (Үш томдық шығ. жинағы. 11 т. - 416.) – деп жазды.

Ыбырай 1878 жылдың 14 қаңтарында Торгай қаласында өткен "Жылкыны куып алу мен ұрлыққа қарсы шаралар туралы Торғгай уезінің төтенше билер съезінің қаулысында" да қылмыстық істерді халықтың әдет-ғұрпына, салт-дәстүріне негізделген "Қазақтардың халык сотына" сүйеніп шешуді ұсынады.

Қазақ "Ерден кетсе де елден кетпек жоқ", "Аға өлсе, іні мұра" деп, ежелден келе жатқан салт бойынша күйеуі қайтыс болған жас әйелді әмеңгерлік жолмен күйеуінің ағасына немесе інісіне жесірдің таңдауы бойынша қосқан. Сонда оның балалары туыстуғаннан бөлінбей, жетімдік көрмей өседі.

Абай дайындаған "Қарамола ережесінің" 47-бабында "Күйеуі өлген жесір әйел сүйсе күйеуінің бір туысқан яки ағайына тиеді, сүймесе ықтияры өзінде" делінсе, "Жеті жарғының" ең соңғы жетінші тармағы түгелдей жесір дауы жайында.

Ы. Алтынсарин "Орынбор қазақтарының құда түсу, қыз ұзату, той жасау дәстүрінің очеркі" еңбегінде: "Жесір дауы деген зор дау: ол дауға правосына қол сұ-ғылған қазақтын момындығы да. іс қозғауға оның ойының жоқтығы да бөгет бола алмайды. Шет адамның мұндай ретте қол сұғуы жәбірленген адамнын бүкіл руына қорлық болып есептеледі, сондықтан бұл іске оның барлық руы жұмылады. Сонымен, қарсы жақтың мұндай зәбір беруден бас тартпауы екі жақтың ру араздығын туғызады. Оның соңы барымтаға не тіпті ашықтан-ашық ұрысқа апарып соқтырады", – деп жазады (Алтынсарин Ы. Таңдамалы шығ. Алматы, "Ғылым", 1994, - 147 б.).

"Мұңдай жағдайда әйел әмеңгерлік дәстүр бойынша, өлген күйеуінің туған інісіне тиеді, ал егер оның туған аға-інісі болмаса, онда оның туысқандарының біріне киеуге шығуы тиіс" деген жолдар, жоғаргыдағы Абай жазған "Қарамола ережесімен" үндес.

"Қарамола Ережесінің" 69-бабында: "Съезге шақырылған барша қызмет иелерінің ұстаған шығындары жұрт үстінен салынады. Сол шығындарды ел арасында старшын жиюшы болады... Кімде-кім тиісті түскен шығынын бермесе, билердің тергеуіне беріледі" деп көрсетілген [Қазақтын ата заңдары: Құжаттар, деректер және зерттеулер. - Алматы: Жеті жарғы, 2005. 5 том. - 195 б.].

Ыбырай "Торғай уездік төтенше билер съезінің билер съезіне қатысушыларды күту үшін кететін шығындар қаулысында" ескіден келе жатқан тәртіп бойынша жергілікті билік өкілдері мен билер жиналғанда жауапкерге жақын байдың үйіне түсіп, қонақжайлылық салтымен ол үй бағып күтетінін, тіпті, не керектің бәрін ақысыз-пұлсыз қамтамасыз етуге тиіс екенін түсіндіре баяндайды. "Съезге қатысушылары істін бір болуы себепті бір үйге түсіп, орналасуы мүмкін және мүддесі қаралатын тағы басқа кісілер де осы үйге түсіп, өзгелермен теңдей дәрежеде қонақ ретінде күтілуге хақылы", – деп, бұл жеке адамдарға ауыртпалық келтіріп, шығынға батыратынын айтады. Шығынды билердің өздерінен ұстауға да болмайтынын, өйткені, олардың билік еткендері үшін алатын ақылары тым аз екенін ескертіп, сондықтан қалыптасқан әдет-ғұрыпты ескере отырып билерді күтуге кеткен шығынды азаматтық және қылмыстық іс бойынша айыпты деп танылғандарлан өндіруді ұсынады [Собр. соч. Алма-Ата, Наука, 1976. т. 1. стр. 88].

Әділ, құптарлык шешім.

Ыбырай, жоғарыда айтып өткеніміздей, "Далалық облыстарды басқару жөніндегі "Уақытша Ереже туралы 1868 ж." деген жазбасында Ережеге қарсылық білдірсе, Ахмет Байтұрсынұлы да "Қазақ халқын билеу туралы 1868-ші жылы шыққан уақытша положение" (Ак жол. - Алматы, Жалын, 1991. - 282 б.) деген мақаласында "Бұл положение бойынша қазақтардың болысқа, ауылға бөлінуі бұрынғы ретте қалып, әлеумет істері мұжықтардікі секілді басқарылатын болды" деп әр болыстың өкілі болып әр ауылнайдан елубасылар (елу үйден бір кісі), әр ауылнайдың өкілі болып әр 10 үйден бір онбасы сайланатынын айтып, елубасы, онбасылардың құқық-тарына да тоқталып өтеді. Бұрын қазақтын кадірлі, халық қалаған билері билік айтатынын, биге дауласушылардың екі жағы да келін жүгінетінін, бидін билігі әділ саналып, оны ешкімнің бұзбайтынын да халыққа ұғынықты жеткізеді.

А. Байтұрсынұлының бұл айтқандары Ы. Алтынсариннің мына пікірімен үндеседі: "Халық арасында ашықтан-ашық парақорлыққа жол берген және сол жағдайларға қазақтын билік басындағыларын да итермелеген елубасы мен онбасылар арқылы қызмет иелерін сайлауға қатысты туып отыр; болыстағы маңдайалды және құрметті қызметтің соңына түскен билікке таласушылар өзінін бар мал-мүлкін бір жібі қалғанша тарту етеді, ал жылы орынға жайғасып алған соң пара алу жолымен жаңағы кеткен шы-гынның орнын тездетіп толтыруға тырысады. Бұған қоса, әдетте әр сайлаудың нәтижесінде болыстықты бірнеше партияларға бөлген лауазымнан үміткерлер мен олардың жақтастары арасында бітпес өшпенділік туындайды, билік тұтқасын ұстап отырғандардың қысымшылығы күшейеді, әділетсіз шешімдер шығарылады, жәбір көрушілер тарапынан айтылған арыз-шағымдар толастамайды, т.б.

Қазақтар дәл осындай зұлымдықты онбасылар мен елубасылардан да көріп отыр, өйткені, олардың жер дауын қараған кездегі әділетсіз шешімдері қазақ шаруашылығы үшін өмір мен өлімнін салмағына тең мәселелерді туындатады. Соидай-ақ, бұл арада жауласушы жақтар бедел таластырады, құпия сауда мен астыртын бәсекелер жүреді, әрине, мұны жарлы-жақабайлардың қалтасы көтере қоймайды".

Ұқсастық себебі – екеуі де бір Ереже туралы әңгіме қозғап отыр, тілек-мүдделері бір.

Абай:

Болыс болдым, мінеки,
Бар малымды шығындап.
Түйеде қом, атта май
Қалмады елге тығындап.
Сөйтсе дағы елімді
Ұстай алмадым мығымдап...

Ахмет: "Сайлау сұмдығы, бүліншілігі осыдан шықты: сайлау үшін ақша төгу, кісі өлтіру – бәрі осыдан пайда болады. Неше түрлі жаманшылық жолмен жеңіп тұрған жағы билердің бәрін өз жағынан сайлап шығарады" (Осы күнгі соттың тәртібіндегі кемшіліктер, Ақ жол. - Алматы, Жалын, 1991. - 294 б.)

Ыбырай: "Далалық облыстар жөніндегі Уақытта Ережені халықтың салт-дәстүрімен, тұрмыстық жағдайларымен және мұндай істерге қазақтардың көзкарасымен байланыстыра отырып, мұқият түрде қайта қарау қажет..." (Далалық облыстар жөніндегі Уақытша Ереже туралы. 1868 ж. Собр. Соч. в трех томах. Том. с. 41), – десе, Абай: "Уә және назначение қылғанда тергеуі, сұрауы барлығына қарамаса өтірік арыз берушілер азаяр еді, бәлки жоғалар еді. Уә және әрбір болыс елде старшина басы бір би сайланғандық, бұл халыққа көп залал болғандығы көрініп, сыналып білінді. Бұл билік деген біздің қазақ ішінде әрбір сайланған кісінің қолынан келмейді. Бұған бұрынғы "Қасым ханның қасқа жолын, Есімханның ескі жолын", Әз Тәуке ханның Күл төбенін басындағы күнде кеңес болғанда "Жеті жарғысын" білмек керек" (Абай шы-ғармаларының екі томдық толық жинағы. – Алматы, Жазушы, т. 2. 2005. – 92 б.), – деп жөн-жосығын айтады.

Ыбырай: Саны жоқ, сапасы жоқ сапырылысқан он үйге бір би болған келді кезге.

Абай:

Болды да партия.
Ел іші жарылды...

Ахмет: "Егерде закон жалғыз ғана жұрт игілігі үшін шығатын болса, хұкімет қазаққа айтар еді: озіңе пайдалы боларлық закон жобасын өзің жасап, закон шығаратын орынға, яғни Г. Думаға депутаттық арқылы кіргіз деп. Оны істемей, жобаны хұкіметтін өзі жасап отыр. Олай ететін себебі...

Хүкімет өзі жасаған жобасын өз мақсатына қолайлап, өз деген мақсатына сондай жолдармен жетерлік етіп жасайды. Хұкімет қолайлаған жоба халыққа да қолайлы болар ма?" (Закон жобасының баяндамасы. Ақ жол. – Алматы: Жалын, 1991. 280 б.).

Әрине, үкімет шығарған заң қазақтар үшін өте қолайсыз. Оның астарында отаршылдық мақсат-мүдде жатқанын Ыбырай, Абай, Ахмет те білді. "Ресей империясының отарлау саясатының жолындағы үлкен кедергі – қазақ жерінің тұтастығына негіз болған билердің соттық жүйесі, соңдай-ақ, көшпенділердің өмір-салтына "халық билігіне", демократия мен әділ сотқа бейім әдет-ғұрып құқығы мен "жарғы" заңдары болды" (Қазақтын ата заңдары: құжаттар, деректер және зерттеулер. – Алматы: Жеті жарғы, 2005. - 5 б.) – деп академик С. Зиманов атап көрсеткендей, олардың көксегені қазақ елінің бірлігін жойып, тілінен, дінінен бездіріп, орыстандыру саясаты болатын. Соны сезген ұлт зиялылары қазақ даласының саяси өміріне Ресей заңдарын енгізуге қарсылық білдіріп, қазақ әдет-ғұрып жүйесін қалдыруды ұсынды.

Ыбырай, Абай, Ахметтердің осы жолдағы айтқан ой-пікірлерінің бір-бірімен астасып, қабысып жатуы – мақсат-мүделерінін бірлігінен, ел тұтастығын көздеп, халыққа жанашырлықтан туындаған үндестік еді.

Серікбай ОСПАНҰЛЫ,
ақын, Қостанай мемлекеттік
педагогикалық институтынын профессоры

Наши координаты

110000, г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, 118

  • Тел./факс: +7 (7142) 51-11-57

Мы в социальных сетях

Вы здесь: Главная Библиотека Публикации ППС в СМИ Үндестік сыры