ЖАНТӨРИНДЕР

Нұрлы таң, 07.12.2017 (№ 42), Б. 26. | ТҰЛҒА.ТАҒДЫР

Ospanov Serikbay

1747-1757 жылдар аралығында Кіші жүз бен Хиуаның ханы болған Қайыптан (1786-1791) аз уақыт Хиуа ханы атанған Жәңгір туады. Жәңгірден Орданың Шығыс бөлігінің сұлтаны Жантөре, Жантөреден Ахмет (1810-1851), Ахметтен Дәулет-керей, Сейітхан, Сәлімгерей туады.

Ахмет Жантөрин 1841 жылдан 1851 жылға дейін Орданың Шығыс бөлігінін би-леуші сұлтаны болған еліне танымал тұлға. Орыс әскерінің полковнигі. Орыс тілін жақсы меңгергені соңдай, өзінің іс жүргі-зушісі Половоратовтың жазған қағаздарын оқып, грамматикалық қателерін жөндейді екен.

Ахмет қазақ ауыз әдебиеті үлгілерін жинап, оларды сөзбе-сөз аударуға да атсалысқан. Солардың ішінде ол Едіге жырының бір нұсқасын Шоқан Уәлихановқа ұсынып, оны Шоқан орыс тіліне аударады. Бұл жайында Ш. Уәлиханов: «... Первый список с рапсодии Идыге сделан был султаном Чингисом Валихановым со слов Керлеум Кыпчака Джумагула, второй список сделан им же с добравлениями их изустных предании разных лиц, третий список сделан был со слов Арслан-бая и, наконец, из этих трех стихов, вместе с Чингисом мы составили в 1842 году свод, переписанный Ахмед Джантуриным, с которого уже переведена настоящая рапсодия...» (Валиханов Ч.Ч. Соч. СПб., 1904. С. 224-225.), – деп жазады. (Бұл жерде бір ескерте кететін жағдай, Жұмакұл деп қате жазылған, дұрысы Жаманкұл – Жаманкұл Сатыпалдыұлы (қостанайлық ақын).

Ахмет Жантөрин – әкесін Кенесары сарбаздары өлтіріп, жетім қалған Ыбырайды Орынборда қазақ балаларына арнап ашылған жеті жылдық мектепке беріп, оның оқып білім алуына себепкер болған адам. Оны тарихшы Бегежан Сүлейменовтің «Ыбырай Алтынсариннің өмір жолы және қызметі» («Ыбырай Алтынсарин тағылымы». Алматы: «Жазушы», 1991. 32-бет) деген зерттеу макаласындағы «Ыбырай 9 жаста еді. Атасы Балғожа Шығыс бөліктің сұлтан-правителі (Ахмет Жантөрин) арқылы шекаралық комиссиядан жол шығынын өтейтін қаржы алдырады» деген жолдары да растай түседі.

Ахметтің есімі Кенесарыға байланысты жазбаларда көтерілісті тұншықтырушы ретінде жақсы аталмағанымен (Кенесары Орынбор билеушілеріне жолдаған бір ха-тыңда өзіне бітіспес жау деп санайтын сегіз адамның аты-жөнін атайды. Солардың ішінде Ахмет Жантөрин де бар (ООМА. 6-қор. 5575-іс). Заманының озық ойлы, бедедді адамдарының бірі болған. Ыбырай өленднде ол былайша көрініс тапқан:

Данышпан кешегі өткен Ахмет Сұлтан

Хан еді екі жүзде қадір сұбхан.

Жан таппас, ақыл жетпес әрбір ісі

Таңдаңды орыс, қазақ қалды қайран.

Халиқсан сол сұлтанның заманында

Қайғы деген бар ма еді хабарыңда.

Билері, ханы ғаділ, түзік болса,

Ол халықтың кемдік көрмес жаманы да...

Ол кезде біздің Қыпшақ заманы еді,

Ханымыз Ахмет сұлтан аман еді.

Ту алып, тұлпар мінген сол ерлердің

Бұл қазақ басқан ізін табар ма енді?!

(Алтынсарин Ы. «Өсиет өлендер». Қазақстан Республикасы Ғылым академиясы кітапханасы. К-397. кор № 2. 3-12 беттер).

Ахмет сұлтан көптеген жастардың оқуына жағдай жасаған.

Сейітхан  Жантөрин 1855 жылы Орынбордағы Неплюев кадет корпусын бітіріп, сотник, кейін 1876 жылы полковник шенін алған. 1860 жылдың 25 ақпанынан бастап Орынбор облыстық басқармасында қызмет атқарды. Қазақ ауыз әдебиеті үлгілерін жинаумен айналысып, 1875 жылы Тілеу (Тілеумұхаммед) Сейдалинмен бірлесіп «Қазақ поэзиясының үлгілері» зерттеу еңбегін жазды. «Кенесары туралы жыр», «Елім-ай», «Шалкиіздің Би Темірге айтқаны» сияқты қазақ жырларын, сондай-ақ қайым айтыс үлгілерін орыс тіліне аударды. 1883 жылы сол кезде Ресейде шығып тұрған «Коннезаводство» журналының 7-8 номерінде «Очерки киргизского коневодство» атты ғылыми еңбегі, 1895 жылы Орынбор қаласында «Образцы киргизской поэзии в песнях эпического содержания, предложенных в русские стихи» деген кітабы жарық көрді. Бұл еңбегінде ол қазақ ауыз әдебиетінің озық үлгілерін, аты айтып тұрғандай, эпикалық және лирикалық шығармаларын жолма-жол аударған, оны П. Располонов өндеп, өлең шумақтарына айналдырған. Сейітхан өлең жазып, ән де шығарған. Соның бір куәсі «Обаған» әні. Ұлы ғалым Қаныш Сәтбаевтың 1923 жылы, 13 желтоқсаңда «Қазақ тілі» (қазіргі «Семей таңы») газетінде «Байшуақ» деген бүркеншек атпен жариялаған «Оқшау сөз Обаған» деген шығармасында әннің шығу тарихы айтылады. Ертеде төрт түлік малы Обаған езенінің кең түбектерін қайыстыратын Осып деген бай өмір сүріпті. Оның Ахық деген жалғыз қызы бар екен. «Ен дәулеттің арқасында өрімталдай бұралып ескен Ахық сұлуға Ахметжан Туриннің әписер баласы ғашық болады» (Ахметжан Турин емес, Ахмет Жантөрин, газетте қате жазылған. Әрі қарай Жантөрин деп дұрыс жазады).

Әкесі Ахықты Көкшетаудағы атақты Шыңғыс төренің баласы сұлтан Махмуд Әділхановқа ұзататын болады. Дәл осы уақытта Жантөринді әскер бастығы Орынборға шақыртады. «Орынборға барып ашық кеуде, сырлы бет, құбылмалы қала әйелдерімен журіп, бояма ғашықтықпен әбден танысып алған соң, Жантөриннің көңілі басылады». Екі жылдан кейін Шыңғыстың баласы келіп Ахықты алып кетеді. Ахық сүйгенін ұмыта алмай құса болып, оның өзі шығарып берген өлеңін әндетіп айтып отырады екен. Бұнысы, әрине, Махмудқа ұнамайды. «Сырын сұрап, шерін қозғаған сұлтанға Ахық бір күні шынын айтады». Бұған намыстанған төре тұқымы текті Сұлтан Ахықты төркініне әкеп тастайды. Ақыр соңында сүйіктісінен де, ата-анасы берген күйеуінен де айрылған Ахық сұлу іштегі шерін «Обаған» әнімен басады екен:

Суың тәтті, Обаған, жарың биік,

Қасіретінді мен тарттым жаным күйіп.

Ғашық болған Арқада бір бала едің,

Кете алмадым жолыңа жаным қиып.

Бір саласы Жайықтың Ешкіқырған,

Түнде тұрып қолыңды шын сындырған.

Қай қылығын еркемнің ұмытайын,

Уағда қылған жерінде үш тұрған.

Жарың биік, Обаған, суың тәтті,

Үшбу қасірет жаныма жаман батты.

Тобыл өтіп Обаған келгенімде,

Алшаңкер мен Аягөз арам қатты.

Дәйім менің мінгенім торы жорға,

Жорғалатып шығамын биік қырға.

Кел деген Орынборга әмір шықты,

О дағы ойлап тұрсам біздің сорға.

Мәңгілік сеніменен айрылған соң,

Кетемін қапа болып Орынборға.

Жаудырап екі көзің телміресің,

Білінбей қаршығадай түскен торға.

Бүйтіп күйік болғанша саған, еркем,

Жығылып өлсем егті қазған орға.

Мақала ой саларлық, көркем тілмен суреттеліп жазылған. Оқып, Ахмет Жан-төриннін офицер баласы кім екенін іздестіріп, оның Сейітхан екеніне көзіміз жеткендей болды. Өйткені Ахметтің әскери шен алған басқа баласы жоқ.

Жәңгір ханнын үлкен қызы Зылиха 1851 жылы Башқұртстаннын Белебей уезіне полковник Тәвкелевке тұрмысқа шыққанда, сіңілісі Хадиша Бөкееваны (Әбілқайыр әулетінде аттас адамдар көп ұшырасады, Шәңгерей ақынның әйелінің аты да Хадиша Бөкеева, үшіншісі – қазақ өнерінін бүгінгі падишасы Хадиша Бөкеева) қолына алған. Кейіннен Сейітхан сол Хадишаға үйленеді (Боранғалиұлы Т. «Қазақтың Жантөриндері». «Егемен Қазақстан», 22 наурыз, 2001. Б. 9). Сәлімгерей осы Хадишадан туады.

Сәлімгерей Сейітханұлы Жантөрин. 1875 жылы бұрынғы Уфа губерниясы Стерилитамск уезінде туып, 1926 жылдың 5 мамырында соңда дүниеден өткен. Орынбор гимназиясында оқып, орта білім алған ол Мәскеу университетінін физика-математика факультетін және 1889 жылы Санкт-Петербург университетінің заң факультетін бітірген.

1905 жылдан бастап патша өкіметіне оппозицияда болған саяси күштердің қызметіне араласып, автономияшылар одағының съезіне қатысқан. Кадет партиясының мүшесі. Бірінші орыс революциясы жылдары бүкіл ресейлік мұсылмандар съезін өткізуді ұйымдастырушылардың бірі. Бүкілресейлік үшінші съезінде «Ресей мұсылмандар одағы» («ИТТИ фак ул-муслимин») ұйымының орталық комитетінің құрамында болды. Сол үшін патша өкіметі айыптап 3 ай абақтыға жабылды.

Сәлімгерей Жантөрин «Ғалия» медресесіне өз есебінен қаражат беріп, басқа да оқу орындарында оқитын қазақ жастарына көмек көрсетіп тұрған. 1911 жылы түркі тілдеріне енген араб-парсы сөздері жайында кітабы жарық көрсе, 1914 жылдан Санкт-Петербургте татар тілінде «Миллят» газетін шығаруды қолға алды.

1916   жылы Мемлекеттік думадагы мұсылман фракциясының жанындағы бюрода қызмет етті. Онда ана тілінде оқыту мәселесіне көп көңіл бөліп, ол жөнінде мұсылман фракциясына нақтылы ұсыныстар жасады. М. Шоқаев, С. Мақсұдов, А. Салихов секілді қайраткерлермен бірге майданның жұмысына Түркістан өлкесі мен Қазақстаннан алынған адамдардың хал-ахуалы жайлы мәліметтер жинастырып, оларды мұсылман фракциясына жеткеріп тұрды.

1917    жылғы Ақпан төңкерісі нәтижесінде патша өкіметі құлатылғаннан кейін қалыптасқан жағдайға сай империядагы түркі тілдес мұсылман халықтарының саяси іс-әрекеттерін бір ізге түсіріп, үйлестіріп отыру үшін Бүкілресейлік мұсылман съезін өткізу керектігін жақтады. Осы жылы Уфа губернаторынан Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына депутаттыққа кандидат ретінде ұсынылды. Еділ-Орал автономиясының ұлттық жиналысына депутат болып сайланды. Алашордашылар ұйымын қолдап,
олармен тығыз қарым-қатынаста болған қоғам қайраткері, жиырмасыншы ғасыр басындағы ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі.

Серікбай ОСПАНҰЛЫ, ақын, ҚМПИ профессоры

 

Наши координаты

110000, г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, 118

  • Тел./факс: +7 (7142) 51-11-57

Мы в социальных сетях

Вы здесь: Главная Библиотека Публикации ППС в СМИ ЖАНТӨРИНДЕР