Білікті мамандар ұясы

Наш Костанай, 2015 год, 15 декабря (№№ 99-100), С. 7.

Шет тілдері факультеті студенттерінің болашағы жарқын

Уақыт түстен ауып қалған. Біз, Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты шет тілдері факультетінің деканатына ат басын тіредік. Факультет деканы Екатерина Леонидовна Дорошок өз бөлмесінде екен.
Ол әдеттегі қалпымен жылы жүзбен қарсы алды. Байқауымша, ол үлкен бір мерекеге дайындалып жатқан секілді. Алдындағы қатар тұрған орындықтарға қазақтың ою-өрнектері салынған ұлттық киімдерді де көріп қалдық.
Философия ғылымдарының кандидаты, доцент Екатерина Леонидовна білікті маман, өз саласының нағыз білгірі. Жоғарыдағы аталған шеттілдері факультетін басқарғанына да төрт жыл өтті. Оның өзіне де, қарамағындағы әріпттестеріне де жоғары талап қоятындығын бұрыннан жақсы білеміз.
Оны әңгімеге тартқанымызда үстіміздегі жылғы тәуелсіздік күніне жан-жақты әзірлікпен келгендіктерін білдік. Оның әңгімесінен біраз жайды пайымдауға да әбден болады
Ол Елбасының тікелей қамқорлығымен жүзеге асып жатқан «Үш тұғырлы тіл» бағдарламасы жайлы жазбақ ниетімді білген соң өздеріндегі атқарылып жатқан игілікті істер жайлы жан-жақты айтып берді. Оның сөзіне қарағанда, тындырылған жұмыстар ауыз толтырып айтарлықтай.
Факультет деканы осы биылғы қараша айының аяғына таман өздерінен бір топ жастар елордамыз Астанадағы тұңғыш Президенттің кітапханасында өткен семинар-тренингке қатысқандарын мақтанышпен тілге тиек етті. Ол Тәуелсіздік күніне арналыпты.
Иә, бұл факультетте шын мәнінде өңірдегі барша әріптестеріне үлгі боларлықтай жарқын да игі істер жүзеге асырылып келе жатқаны баршаға аян. Халық арасында «Бәрін де кадр шешеді» деген сөз босқа айтылмаған.
Мәселен, осы жердегі ұлағатты ұстаздар Айша Оспанова, Марина Кудрицкая, Гүлнар Исмағұлова, Бақыт Досжанова, Виктория Данилова, Айгүл Кенжебаева, Лариса Бурмагина, Гүлбану Үңгітбаева, Оксана Герок-Ержанова сияқты білікті жандар барлық әріптестері мен студенттердің ардақтылары.
Осындай ізденімпаз жандардан үлгі алған шәкірттер де мұнда тек білім алып қана қоймайды. Өз беттерінше ағылшын тілін меңгеруге талпынады. Осы жердегі барша ғалымдар мен оқытушылар бүгінгі студент - ертеңгі жүздеген жастардың білікті мұғалімдері болатындығын жақсы түсінеді. Сол себептен де олар институт қабырғасында жүргенде әрбір сағатты тиімді пайдалануға тырысады.
Ағылшын тілі - ұдайы оқуды талап етеді. Сондықтан мұнда оларды қабылдаған кезде де қойылар талап та жоғары. Осы арада студенттік сәтті бастан кешкенге дейін көптеген шәкірттер болашақ мамандықтарына жан-жақты дайындық жасайтындықтарын да айтып өткеніміз абзал.
Мәселен, олардың бірқатары 1 курс студенті атанғанға дейін мектеп қабырғасында жүргенде-ақ арнайы сертификат, куәлік және грамоталарға ие болып, өздерінің болашағы жарқын екендігін тиянақты білімдерімен дәлелдеп үлгіреді.
Сөздің орайы келгенде Д. Алдабергенова, А. Хамзина, А. Чунина секілді жастар студент болғанға шейін мектепті «Алтын белгімен» аяқтаған үздік түлектер. Олар институтқа келген соң да ізденістерін одан әрі жалғастырып, білімдерін толықтыра түсті.
Сондай-ақ Т. Велундрузи де институтқа қабылданбас бұрын өзінің өте зерек жас екендігін көрсеткен-ді. Себебі ол, республикалық олимпиада да өз саласы бойынша жеңімпаз атанғанды. Қазір де факультет мақтанышы.
Осы аталған дарынды жас пен қатар құрбы-қүрдастарының арасында үлкен құрметке бөленген В. Мостовая мен К. Сулимова Америкадағы мектептерді тәмамдаған соң, FLEX жылдық тіл жөніндегі бағдарламаны үздік аяқтағаны жөнінде сертификаттарға ие болғанды.
Әлгі аталған Владислава табиғаты күрделі Аляскада білім алса, Карина оқыған мектеп Индиана штатында болды. Ал, Ю. Латыпова институтқа түскенге дейін Кипрдегі тілге байланысты курсты аяқтады.
Өздеріңіз де байқап отырған боларсыздар, жоғары оқу орнының шет тілдері факультеттеріне оқуға тілек білдірген бозбалалар мен бойжеткендер шынында да үлкен әзірлікпен келетіндіктеріне осында келгенде деканның айтуы бойынша тереңірек білдік.
Өйткені, шет тілдері факультетінде білім алу өте қиын. Ол үлкен еңбекті, қажырлылықты, табандылықты, темірдей тәртіпті қажет етеді. Жылда студенттер қатарына қабылданатын жастардың басым көпшілігі мемлекеттік грантқа ие болғандар.
«Ұстазы жақсының, ұстамы жақсы» деген текке айтылмаған. Осындағы ұзақ жылдардан бері өз саласы бойынша жемісті қызмет атқарып келе жатқан оқытушылардың арқасында 3 курста-ақ алғыр да келешегінен көп үміт күттіретін жастардың талпынысы айқын сезіледі.
«Талапты жетер мұратқа» демекші, факультеттің 4 курс студенті Глеб Ненашев өзінің еңбекқорлығының арқасында лингвистикада айтарлықтай табыстарға қол жеткізді. Ол республикалық олимпиадада жүлделі екінші орынға ие болды. Сондай-ақ, халықаралық тесті де болашақта Германиядағы магистратурада оқу үшін ойдағыдай тапсырды.
Факультетте білімге құлшыныс танытқан жастарға барлық мүмкіндік туғызылған. Ректор тарапынан да үнемі қолдау мен қамқорлықты көріп келеді. Осы сөзімізді жандандыра түсу үшін нақты дәлелдер келтіре кетелік. Мәселен, 2012-2014 жылдар аралығында Францияда 20, АҚШ-та бір студент білімдерін одан әрі тереңдетті.
Шет елдерде жастар тек баға үшін оқымайды, олар еліміз бен институттың мәртебесін барынша асқақтатып, намысты қолдан бермейді. Сондықтан мұнда білім алып жатқан жігіттер мен қыздарды нағыз өз елдерінің патриоттары деп атасақ да артық емес.
Баршаға мәлім, елордамыз Астанада «ЭКСПО-2017» көрмесі ұй-ымдастырылғалы жатыр. Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының шет тілдері факультетінде оған қатысу үшін талапкерлер іріктелуде. Төменгі курста оған қатысу үшін тілек білдірушілер қатары да жеткілікті.
Осындағы студенттер ағылшын тілдерін терең меңгерумен қатар, көңілді тапқырлар клубына да қатысады. Сөйтіп, барлық сала бойынша өздерінің жан-жақтылықтарын көрсетіп келеді.

«Менің Қазақстаным» байқауы

Жуырда Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған «Менің Қазақстаным» атты факультет аралық көркем өнерпаз-дар байқауы болып өтті.
Сайысты бірінші болып дене шынықтыру, спорт және туризм факультеті ашты. Шараны одан әрі шет тілдері, қазақ және орыс филологиясы, жаратылыстану - математика, тарих және енер және психология - педагогика факультеттері жалғастырды.
Шет тілдері факультетінің 1 курс студенті З. Акимова «Арманыма асығып барамын», «Асыл арман» триосы «Тірегім», «Қазақ елі», «Аманат» тобы «Тамшылар» әндерімен кештің көркін одан әрі арттыра түсті.
Сайыс қорытындысында бірнеше номинациялар бойынша үздіктер анықталып, олар марапаттарға ие болды.
Шолпан ҚУАНЫШЕВА,
Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты
филология факультетінің 2-курс студенті
 

Біздің мекен жайымыз

110000, Қостанай қаласы,
Тәуелсіздік көшесі 118

  • Тел./факс: +7 (7142) 51-11-57

Біз әлеуметтік желідеміз

Вы здесь: Главная Кітапхана БАҚ біз жайлы Білікті мамандар ұясы