Шығармашылық бәйге басталды

Костанай-АГРО, 2016 год, 24 ноября № 45 (359), стр. 9.

Алдыңғы аптада Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтында Қазақстан халқы Ассамблеясының және «Қоғамдық келісім» ҚММ-нің және де білім басқармасының ұйымдастыруымен «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» тақырыбындағы жалпы республикалық қазақ тілді шығармалар байқауының аймақтық деңгейі өтті.

Сайысқа бақ сынаған ҚМПИ-ның, қазақ-түрік лицейінің студенттері, тіл үйрену орталығының тыңдармандары, Л.Н Толстой атындағы облыстық кітапхана, «Қазақтелеком» АҚ қызметкерлері және өзге де ерікті адамдар қатысты.

– Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орайластырған шығармалар байқауына бақ сынауға келген баршаңызға сәттілік тілеймін! – деп Қостанай облысы әкімдігі «Қоғамдық келісім» ҚММ-нің орынбасары Алпыс Қожахметов байқауды ашып, сөз сөйледі. – Қазақстанның 25 жылда жеткен жетістіктері мен көрген қиындықтары аз емес. Бүгін сіздерге соның барлығын қаламның күшімен ақ параққа ақтаруға мүмкіндік туып отыр. Сондықтанда Тәуелсіздіктің 25 жылдығы шығармаларыңызға арқау болсын, аянып қалмаңыздар!

Байқау шарттарымен таныс болған сайыс қатысушылары шығарма жазуды бастап кетті. Алпыс Қабденұлының айтуынша, байқау қорытындысы 24-ші қарашада дайын болады. Және де сайысқа қатысушылар төрт топ бойынша бағаланады. Яғни, жеті-тоғыз сынып оқушылары, 10-11 сынып оқушылары, арнайы мектепте білім алушылар және колледж студенттері, соңғы топ қатысуға ниет білдірген (ЖОО-ның студенттері, қызметкерлер, зейнеткерлер және т. б.) адамдар арасында. Шығармаға ҚМПИ-ның доценті, филология ғылымының кандидаты – Асия Бекбосынова, ҚМПИ-ның аға оқытушысы – Гүлмира Сисембай, ҚМПИ-ның филология кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымының кандидаты, доцент – Сәуле Канапина, №20 орта мектебінің ұстазы – Айгүл Бегалина, № 9 орта мектептің мұғалімі – Гүлзира Маткеева, Қостанай облысы әкімдігі «Қоғамдық келісім» ҚММ-нің маманы – Айнұр Надырова баға береді.

Әр топтан шығармалары үздік шыққан екі-екі қатысушыдан аймақ бойынша барлығы сегіз адам іріктелініп алынады. Кейін байқау жеңімпаздары республикалық деңгейге қатысады. Одан жеңімпаз атанғандар республикалық «Мың бала» мәдени-ағартушылық жобасы аясындағы салтанатты іс-шараға қатысып, мақтау қағаздарымен және де бағалы сыйлықтармен марапатталатын болады.

Ақбота САҚҰЛОВА

Біздің мекен жайымыз

110000, Қостанай қаласы,
Тәуелсіздік көшесі 118

  • Тел./факс: +7 (7142) 51-11-57

Біз әлеуметтік желідеміз

Вы здесь: Главная Кітапхана БАҚ біз жайлы Шығармашылық бәйге басталды