Тесттен сүрінген түлектер жұмысқа орналасады

Қостанай таңы, 2017 год, 16 тамыз (№ 88), Б. 2. | ПАРТИЯ ТЫНЫСЫ

"Нұр Отан" партиясы Қостанай облыстық филиалында ҰБТ-ға қатыспаған және шекті балды жинай алмаған мектеп түлектерін жұмыспен қамту мәселесі қаралды. Партиялықтар жергілікті атқарушы орган мамандарымен бірлесе "Сәтті қадам" жобасын ары қарай жалғастыратындарын айтты.

Облыстық білім басқармасының мәліметі бойынша, өңірімізде биыл 4169 оқушы мектеп бітіріп, 2271-і ҰБТ тапсырған. Соңғы деректерге сәйкес, 1898 бала тестілеуден өтпей қалған. Соның ішінде сынақтан сүрінген 118 түлек шетелдік жоғары оқу орындары мен колледждерге түскендерін растады. Тестілеудің шекті балын жинай алмаған 282 түлектің тоғызы жұмысқа тұрған, қалған 13-і тұрғылықты жерлерін ауыстырып жіберген, кейбіреуі шаңырақ көтеріп, отбасын құрған. Партиялықтар дәл осы ҰБТ тапсыра алмаған мектеп бітірушілермен "Сәтті қадам" жобасы бойынша жұмыс істейтін болады. Жоба 2013 жылдан бастап жүзеге асып келеді.

Басқосуда сөз алған облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ольга Киселева қайта тестілеуден өте алмаған түлектердің ЖОО-ға сырттай оқу беліміне түсуге мүмкіндігі бар екенін айтты. Оларды 1 қыркүйектен бастап "Нәтижелі жұмыспен қамту" мемлекеттік бағдарламасы арқылы жұмысшы мамандықтары бойынша арнайы курстарда оқытып, жұмысқа орналастыру көзделіп отыр.

– Колледжге түсу үшін құжаттарды 20 тамызға дейін тапсырған дұрыс. Өйткені, 20 қыркүйекке дейін сырттай белімдерге құжаттар қабылданады. Облыс аумағындағы колледждердегі жалпы бюджеттік орындар саны – 5136. Қазірдің өзінде бұл орыннын 80 пайызға жуығы толық. Солардың ішінде ҰБТ-да шекті балын ала алмаған түлектер де бар,– дейді О. Киселева.

Жұмыс тобының отырысына қатысқан комиссия мүшесі, ҚМПИ-дың ректоры Еркін Әбіл ҰБТ-да жоғары балл жинап, шығармашылық емтихан қорытындысында грантқа түсе алмаған түлектерге партиялық жоба арқылы көмек көрсету керек деген ой айтты. Бұл ұсыныстың қаншалықты қолдау табатыны алдағы күннің еңшісінде.

– Кейбір түлектер ҰБТ-да жоғары балл жинаса да, грантқа түсе алмауы мүмкін. Өйткені, олар "Бейнелеу өнері", "Дизайн", "Сәулет" сияқты шығармашылық ма-мандықтарды таңдауы мүмкін. Ал, мұндай мамандықтарда бір орынға 25-тен астам үміткер таласады. Конкурс тым жоғары болғандықтан мектеп түлектері жақсы баллмен де грантқа түсе алмай қалады. Осындай балаларға партиялық жоба аясында көмек көрсетуді қарастыру қажет, – деді Е. Әбіл.

Жиналыстың қорытындысында партияның аумақтық филиалдары төрағаларының бірінші орынбасарларына ҰБТ-дан өтпеген түлектердін тізімін жасап, оларды жұмысқа орналастыру мәселесін бақылауға алу тапсырылды. Облыстық филиал төрағасының бірінші орынбасары Жаңабай Бисембаев биыл "Сәтті қадам" жобасы аясында түлектерді жұмыспен қамтуға ерекше ден қойылатынын айтты.

Қымбат ДОСЖАНОВА

Біздің мекен жайымыз

110000, Қостанай қаласы,
Тәуелсіздік көшесі 118

  • Тел./факс: +7 (7142) 51-11-57

Біз әлеуметтік желідеміз

Вы здесь: Главная Кітапхана БАҚ біз жайлы Тесттен сүрінген түлектер жұмысқа орналасады