Лайықты марапат

Қостанай таңы, 2018 ж., 16 қантар (№ 5), Б. 3. | БӘРЕКЕЛДІ

Өңіріміздің білім саласы үшін биылғы жаңа жыл сүйінші хабармен басталып отыр. Еліміздің Білім және ғылым министрлігі жыл сайын өткізіп келе жатқан Республикалық "Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы" байқауының 2017 жылғы атағын Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының ғылыми жұмыс және стратегиялық даму жөніндегі проректоры, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Тілеген Ахметов жеңіп алды.

- Жыл сайын жарияланып тұратын байқау ЖОО ұстаздарының имиджін көтеріп, олардың білімге, ғылымға деген талпынысын оятатын, білім саласындағы бәсекелестікті арттыратын, қаржылай жағынан демеу беретін шара. Әрине, мыңдаған ұстаз-ғалымдардың арасынан суырылып шығу оңай емес. Оған көп еңбек қажет. Қаншама талап-шарттары бар, солардан өтесіз. Дәріс өткізу әдістемең, жарияланған ғылыми мақалалар, жарық көрген кітап-монографиялардың барлығы ескеріледі. Әрі үздік оқытушы атақ бір-ақ рет берілетін марапат.

Республика бойынша 200 оқытушы жоғары жетістікке жеткен болса, солардың үшеуі біздің облысымыздан әрі барлығы да ҚМПИ ұстаздары, Тілеген Әлмұханұлынан бөлек тарихшы Майсара Бекмағамбетова мен биолог Евгений Брагин бар. Енді алдағы наурыз айында білім және ғылым министрі барлық жеңімпазды Елордаға шакырып, төсбелгісі мен арнайы жүлдені тапсырады.

Ұзақ жылдардан бері білім саласында еңбек етіп келе жатқан Тілеген Ахметовтің есімі ғылыми ортада кеңінен таныс. Зерттеу саласы – түркі ойшылдары мұрасындағы рухани-адамгершілік құндылықтар (VI-XII ғғ.). Соның ішінде "Жүсіп Баласағұнидің педагогикалық идеялары", "Түркі руханияты", "Адамзат тарихындағы мектеп және педагогикалық ойдың дамуы" атты оқу құралдары мен көптеген ғылыми мақалалардың авторы. "Адамзат тарихындағы мектеп және педагогикалық ойдың дамуы" оқу құралы Білім және ғылым министрлігінің Республикалық оқу-әдістемелік кеңесінің грифімен ұсынылып, 2016 жылы баспадан шықты. 2007 жылы "Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің құрмстті қызметкері" төсбелгісімен марапатталды. 2010 жылы Қауымдасты-рылған профессор ғылыми атағын иеленді.

"Ұлы дала ғұламаларының рухани-адамгершілік құндылықтары (VI-XX ғғ.)" монографиясы 2016 жылы Қостанай облыстық Меценаттар клубынын "Қазына" сыйлығын жеңіп алды.

Тілеген Ахметов өзі қызмет етіп отырған институт қабырғасында бастамашыл, жаңашыл тәлімгер ретінде беделі зор. Студенттер мен оқытушылардың ғылыми жобаларын жүзеге асыруға шығармашылық тұрғыдан қарап, оларды ғылым мен білім жолындағы қиындықтарды жеңуге жұмылдырып келеді. Өмірінің 30 жылдан ас­там уақытын жастарды патриоттық, азаматтық және ұлтжандылыққа оқытып-тәрбиелеуге, олардың ғылыми ізденістерін apттыруға жетекшілік етуде. Облыс орталығындағы Таран көшесін Тәуелсіздік деп атау туралы бастамаға алғашқылардың бірі болып атсалысқанын айрықша атап өткен жөн.

Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ

Біздің мекен жайымыз

110000, Қостанай қаласы,
Тәуелсіздік көшесі 118

  • Тел./факс: +7 (7142) 51-11-57

Біз әлеуметтік желідеміз

Вы здесь: Главная Кітапхана БАҚ біз жайлы Лайықты марапат