Ұлы ұстазға құрмет Қостанай

Қостанай таңы, 2018 ж., 6 қараша (№ 129), Б. 5.| РУХАНИ ҚАЗЫНА

Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетінде қазақ жазушысы, қоғам қайраткері, аудармашы, педагог Спандияр Көбеевтің туғанына 140 жыл толуына орай дәрісхана ашылды. Ыбырай Алтынсарин ашқан қазақ-орыс мектебінде сауат ашып, ұлт ұстазының ізін қуып, жолын жалғастырған қайраткердің бастауыш сынып балаларына арналған «Үлгілі тәржіма», «Үлгілі бала» оқулықтары мен қазақ даласындағы алғашқы романдардың бірі «Қалың мал», одан кейінгі «Орындалған арман» ғұмырнамалық еңбегін білмейтін жан кемде-кем. Оқу-ағарту саласындағы ұзақ жылғы еңбегі үшін екі мәрте Ленин орденімен марапатталып, «Қазақ КСР-не еңбек сіңірген мүғалім» атағын алған әрі Жоғарғы Кеңес депутаты болған тұлға қандай құрметке де лайық.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынған дәрісхананың ашылу салтанатына университет оқытушылары мен студенттері, есімі елге белгілі ұстаздар мен ғалымдар, Спандияр атаның көзін көрген, алдынан тәлім алған шәкірттері, білім саласының ардагерлері қатысты. Аудитория лентасын ҚМПУ ректоры, профессор Еркін Әбіл мен атайдың немересі Мағыш Ғаріпқызы қиды. Бір айта кетерлігі, дәрісхананың ұлағатты ұстаз есімі таңбаланған маңдайша жазуынан бастап, қабырғаға ілінген өмірбаяны, еңбектері түгелдей латын қарпынде басылыпты. Ал мұнда студенттердің білімін жеңілдету мақсатында шағын электронды кітапхана жұмыс істейді.

— Атамның соңынан үш мың шәкірт оқыды. Сол үш мың адам қаншама ұрпаққа тәлім берді. Мен есбілгелі атаммен бірге тұрдым. Ол кісі өле-өлгенше маған оқудың керек екендігін ұқтырып кеткен адам. Жалпы, біздің Көбей, Тебей, Сәрсен аталарымыздың тұқымында оқымаған адам жоқ. Әулетімізде бір бала жеті жасқа толысымен, атам ол баланың оқусыз қалмау керектігін ескертіп, өзі қадағалап жүретін. Спандияр атам белгілі академик Манаш Қозыбаев пен өзінің ұлы Шәмелді Алматыға оқуға ертіп барған. Содан кейін осындай үлкен тұлғаның атына қалай кір келтірсін. Өз басым өткенін ұлықтап, тұлғаларына мейлінше құрмет көрсетіп отырған университет басшылығына, ұжымына айтар алғысым зор. Ал атайдың дәрісханасынан тәрбие-білім алған шәкірт озат жүруге тиіс, — деді Мақыш Ғаріпқызы.

Спандияр Көбеев өзінің «Оқытушының беделді болуының маңызы», «Балаларды мәдениеттілікке тәрбиелеу», «Балаларды оқуға ынталандыру туралы» ғылыми мақалаларында педагогикалық көзқарасын, ұстанымын танытты. Ал бүгінгі аудиторияның ашылуына бастамашы болған университеттің Назгүл Айдыналиева жетекшілік ететін психология-педагогика факультеті екенін айта кету керек.

ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасыр басында қазақ жерден айырыла бастады. Жерден айырылдың деген – малдан айырылдың деген сөз. Мал кеткен соң аштық жайлайды. Міне, осы тұста Спандиярдай көзі ашық, сауатты аталарымыз шығып, халықты білім алуға шақырды. Бүгінгідей сан мыңдаған ұрпақтың білім алуына себепкер болғандардың бірі де, бірегейі де – Спандияр Көбеев десек, қателеспейміз. Мұндай тарихи тұлғаның есімін ұлықтау университет ұжымының көптен ойластырып жүрген дүниесі. Өкінішке қарай, білім саласының қайраткерлерін, белгілі ұстаздарды жастар біле бермейді. Дәрісхана атын беру біздің халқымыздың ұлыларын ұмытпай, жастарға насихаттаудың бір түрі. Ал Спандияр Көбеевке көрсетілген құрмет – ұлы ұстаздың жаңа ғұмыры басталды деген сөз. Тарих ғылымының докторы, профессор Аманжол Күзембайұлы осындай пікірде: 

— Мен Спандияр атамыздан дәріс алмасам да, ол кісінің ұлы Шәмелмен келіні Жәнияның тәлімін алдым. 1957 жылы Ақсуат онжылдық орта мектебі жабылған тұста Шәмел ағай біздің Қаратал мектеібіне директор болып келді әрі қазақ тілі мен әдебиеті, ал Жәния апай жағрапиядан сабақ берді. Ағай білімді болғанымен қатар, сондай мәдениетті, биязы жан еді. Ұлағатты әкеден тәрбие алғаны көрініп тұрады. Ал мен алпысыншы жылы Қостанайдағы Ы.Алтынсарин мектебіне оқуға келгенде байқағаным, осы оқу ордасындағы балалардың дені Ақсуаттан болатын. Мұның өзі ұлағатты ұстаздан тәлім алғандардың әрі қарай оқуға ұмтылғанның бір көрінісі, — деді ғалым.

Меңдіқара елі талай ұстаздар шыққан жер екені анық. Ал бертінге дейін ғұмыр кешсе де, Спандияр атамыз жайында бізге беймәлім мағлұматтар әлі де баршылық.

— Мәселен, мыңдаған шәкіртке ұстаз болған тұлғаның өз ұстазы Досмағұл Тоқтабаев туралы көп айтыла бермейді. Қазір осындай ел ішінде сауат ашуға бар күш-жігерін салған қайраткерлер жайында зерттеуді қолға алу керек. Айтпақшы, Спадияр атамыз мектепке дәріс оқуға ең алғаш кірген күні шәкірттер алдында сөзді неден бастасам деп біраз ойланады. Сөйтіп, «Кел, балалар, оқылық» деп ұлы ұстаз Ыбырай Алтынсариннің өлеңімен бастап кеткен екен. атамыздың осы бір үрдісін қазіргі таңда да кеңінен қолға алып, оқу жылы басталғанда, барлық мектептердің сыныптарында мұғалімдер әлқисса сөзін «Кел, балалар, оқылықпен» бастаса деген ұсынысым бар, — деді белгілі ақын, ғалым Серікбай Оспанұлы.

Ыбырай Алтынсариннен білім алған, ізін жалғаған ұстаздар Қостанай жерінде аз емес. Олардың көшін ұлттың ұйтқысы Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Елдес Омарұлы бастаса, бұл жолды Спандияр Көбеев, Бекет Өтетілеуовтер жалғады.

— Спандияр Көбеевтің алғашқы еңбектеріне назар салсақ, «Үлгілі тәржіма», «Үлгілі бала» деп аталады. Біз қазір ұрпақтың оқу жағына көбірек басымдық бергенімізбен, тәрбие жағына аса мән бере бермейміз. Ал Спандияр атамыз біліммен бірге баланың тәрбиесіне көп көңіл бөлген. Бұл Әл-Фараби бабамыздың «тәрбиесіз берген білім қауіпті» деген ойымен үндес, — деді белгілі ақын, ғалым Ақылбек Шаяхмет.

Салтанатты шарадан бір күн бұрын Спандияр атаның ұрпақтары мен әулеттің құда-жекжаты қасиетті Алакөл-Ақсуат елінде болып, ұлағатты ұстаз мәңгіге көз жұмған зират басына зиярат етіп, қайраткер атындағы білім ордасын аралап келгенін айта кетейік. Ал дәрісхананың ашылуынан кейін кемеңгер тұлғаның ұрпақтары арнайы ас беріп, құран бағыштады.

Қыдырбек ҚИСХАНҰЛЫ

Біздің мекен жайымыз

110000, Қостанай қаласы,
Тәуелсіздік көшесі 118

  • Тел./факс: +7 (7142) 51-11-57

Біз әлеуметтік желідеміз

Вы здесь: Главная Кітапхана БАҚ біз жайлы Ұлы ұстазға құрмет Қостанай