Тобыл-Торғай тұлғалары – шетелдіктер көзімен
Qostanaı tańy, 2019 жыл, 11 желтоқсан (№ 146), Б. 6.
Мәриям Қырым "Қазақ әдебиеті" газетінде 1989 жылы 26 қыркүйекте жарық көрген "Америкадан хат" деп аталатын мақаласында Ахмет Байтұрсынұлының "Тіл – құрал" кітабын Құрама штаттарына 1988 жылы барғанда Нью-Йорк университетінің кітапханасынан Шайсұлтан Шаяхметов тапқанын, бұл кітапты Түркиядан, Еуропадан және Құрама Штаттарындағы жеке меншік кітапханалардан табуға болатынын, кейбір кісілердің қолында да бар екенін айтады.
"Дегенмен, – дейді автор, – А. Байтұрсынұлының "Әліп-би-Жаңа құрал" оқулығының Қызылордадан 1927-28-29 жылдары шыққан нұсқалары, дәлірек айтқанда, Калифорнияда Гоовер институтында және т.б. баршылық. Бұган қосымша Мағжан Жұмабайұлының, Міржақып Дулаттың кейбір шығармаларын да Батыстағы елдер кітапханаларынан табуға болады".
Одан әрі автор осы ғасырдың басынан орта кезіне дейін Орта Азияда жарық көрген газет-журналдардың тізімін Эдуард Оллуорд деген Америка ғалымы 1971 жылы Колумбия университеті баспасынан шыққан кітабында жұртшылыққа ұсынғанын баян етеді.
Жақында біз бұл кітапты Америкадан алдырдық.
1965-1975 жылдары Э. Оллуорд Орта Азия және Қазақстан халықтарының тарихы мен мәдениетіне арналған 4 монография жариялапты. Олар-ALLWORTHE. Сеntral Аsіа.; А сеntury оf Russian rule.N.Y.I.. (Орталық Азия орыстар билеген ғасырда) 1967.(еdi), Nationalities of the Soviet East; Publications and writing systems N.Y.; L. (Кеңестік Шығыс халықтарының басылымдары мен жазу жүйелері,) 1971 Nationality group surrival in Multi-Ethnic ststes. N. Ү. (Көп ұлтты мемлекеттердегі ұлттық топтардың өмір сүруі) 1977, Soviet nationality problems. N. Y. L. (Кеңес ұлты мәселелері) 1979.
1967 жылы жарық көрген жоғарыда көрсетілген "Орталық Азия орыстар билеген ғасырда" деген кітап авторлары Америкадағы Колумбия университетінің профес-сорлары Эдвард Аллуорт, Ян Лаурей Мэтли, Карл Х. Мэнгес шәкірттерімен бірлесіп жазған бұл кітап ағылшын тілінде.
Бұл кітапта Орта Азия халықтары мен қазақ халқының орыстар билеген ғасырда экономикалық, саяси, мәдени даму жолдары, мәдениеті, әдебиеті, халықтың ұлттық сана-сезімінің оянуы жайында нақты мысалдар келтіріле отырып әңгіме қозғалады.
Осы кітапта "Ахмет Байтұрсынов арлы, саналы, намысты ортадан шығып, орысша оқып, еліне жанашыр қайырымды, ізгілік жолында болған азаматтардыңі бірі" делініп, оның өткен ғасырдағы үш ағартушы – Шоқан, Ыбырай, Абай-лардың ісін XX ғасыр басындағы жалғастырушы екені айтылады (175 б.).
363-365 беттерде А. Байтұрсыновтың өмірбаянын, 176 бетте суретін беріп, астына "Жадизм лидері" деп жазыпты. "Жадидизм" деген сөздің мән-мағынасын кез келген оқушы түсіне бермеуі мүмкін. "Жәдид-и" арабтың "жаңа" деген сөзі. XIX ғасырдың екінші жартысынан бастап, Ресей мұсылмандары ескі оқу жүйесі дұрыс емес деп, жаңа бағдарлама жасауды ойластыра бастайды. Сөйтіп (қадим) қадым жазуының орнына "усул жадидті" (жаңа әдісті) ұсынады, Бұл дыбыстық оқытуға негізделген жаңаша оқу жүйесін жасап, оны алғаш көпшілікке ұсынған қырым татары Исмайлбек Гаспринский (1851-1914) болатын. Осы жаңа жазу мен жаңа оқу жүйесін алғашқылардың бірі болып А. Байтұрсынов қолдап, қазақ тілінің өзіне ғана тән ерешеліктеріне негізделген дыбыстық оқу жүйесіне араб алфавитін пайдалана отырып қазақ алфавитін жасады. А. Байтұрсынұлының "Қазақ" газетінде "Бұл күнде төте оқу үшін шығарылған неше түрлі әліппе болса, бәрі де үлгіні Гаспринский шығарған әліппеден алған еді (1914 № 79)" деуінің де сыры осында.
Америка ғалымдары "жадидизм" деп жәдитшілікті – Ресей империясындағы түркі мұсылман халықтарының осы қоғамдық саяси мәдени-ағарту қозғалысын (ағым, концепция) айтып отыр. Кітап авторлары "Ахметтің атын қудалау шығарды, оның есімі ел аузында жүрді, халыққа танымал тұлғаға айналды" деген ой түйеді. Осы кітаптың 364 бетінде Міржақып Дулатовтың досы Ахмет Уәли Ибраһим-оғлымен бірге түскен суреті берілген. Сурет 1906 жылы Петропавлда түсіріліпті.
Эдвард Аллуорттың 2016 жылы Мәскеуде орыс тілінде жарық көрген "Россия: прорыв на Восток. Политические интересы в Средней Азии" деп аталатын кітабында да автор Шоқан, Ыбырай, Абай аттарын атап, олардың көшбасшылығын әр қайсысына жеке тоқтала отырып жеткізеді. Ыбырай Алтынсарин туралы "ол этнограф, педагог, В.И. Ильминскиийдің қолдауымен қазақ әдебиетінің өсіп-өркендеуіне үлес қосқан және орыс әдебиеті үлгілерін қазақ тіліне тұңғыш аударғандардың бірі", – делінеді. Осы кітаптың 173 бетінде 1911 жылы "Қазақ" газетінің бірнеше номері жарық көргені, біраз күттіріп 1913 жылы қайта шыққаны, сол 1913 жылы Петропавлда "Ишим даласы" қазақ, татар тілдерінде, Троицкіде 1911 "Айқап" журналы жарыққа шыға бастағаны, оны Мұхаммеджан Сералин басқарғаны, 1913-1918 жылдар аралығында Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов Міржақып (Мир Якуб Давлатов делініпті) Дулатовтар "Қазақ" газетін өмірге әкелгені айтылады. "Орынбор қаласында шығып тұрған бұл газет өте керекті газет еді", – дейді автор. – Газеттер арасында Орта Азиядан тыс жерлерге тарайтындары да болды. Олар төтенше, оқыс идеяларды насихаттады. Бұл Түркиядан келетін "Сарат-и мустаким", Үндістаннан келетін "Хабл-уль ватан" және Ауғанстаннан келетін "Сирадж-уль акбар" болды" (174 б.)
Ал кітаптың "Қазақтар және Алаш Орда" бөлімінде 1917 жылғы көтеріліс кезінде атаман Дутовтың Орал-Орынбор облысында, Омскіде ақтармен бірге адмирал Колчак өз үкіметін құрып, монархияны сақтап қалуды көздегенін, Алаш Орда көсемдері автономия алуды ойластырып, желтоқсанның 5-13 аралығында Орынборда қазақтардың үшінші съезін шақырғанын айтады. "Съез қазақ халқының автономиясын жариялап, атқарушы комитеттің төрағалығына Әлихан Бөкейхановты сайлады. Сондай-ақ, атқару комитетінің құрамына Жиһаншақ Досмағанбетов енгізілді" (200 б.) – деп көрсетеді. Сөз арасында автор Дулатов шығармашылығына да көңіл бөліп, "Оян, қазақ!" жинағын ерекше атайды, "Қазақ жыры" өлеңінің орыс тіліндегі аудармасының толық нұсқасын береді.
Кітаптың 202 бетінде 1919 жылдың наурыз айының басында даланың төтенше комиссары атанған Жанкелдиннің 1818 жылдың мамырында Байтұрсыновты боль-шевиктер қатарына қосқаны, 1919 жылы дала өлке делегациясында Жанкелдин ғана емес, сол сияқты Байтұрсынов та болғаны, 203 бетінде ревкомда болашақ үкіметтің бетке ұстарларына Паустовский төрағалық еткені, оның құрамына Жанкелдин мен Меңдешев енгізілгені, 1920 жылдың қаңтарында ревком қайта құрылып, оған Алаш Орданың кейбір көшбасшылары, олардың арасында Байтұрсынұлының да болғаны әңгімеленеді. Сондай-ақ 1920 жылы 26 тамызда Қазақ Автономиялық Социалистік Ке-ңес Республикасы құрылғаны, үкімет құрамынан А. Байтұрсыновтың уақытша шығарылғаны, бірақ кейін ол білім министрлігін басқарғаны сөз болады.
Орынборда 1920 жылы қазанның 4 мен 12-сі аралығында 700 делегат қатысқан конституциялық жиналыста олардың жартысы Алаш Орда көсемдері Байтұрсынов пен Бөкейханов маңайына топтасқаны сөз етіледі. Кітаптың 304 бетінде Торғай уезінің Сартүбек елді мекенінен шыққан қазақ Ахмет Байтұрсыновтың Арал теңізінен солтүстік шығысқа қарай орналасқан өз ауылында алғаш татар молдасынан сауатын ашып, кейін Торғай қаласындағы орыс-қазақ мектебін, 1895 жылы Орынбор қаласындағы төрт жылдық педагогикалық училищені бітіргені, кейін Ақтөбе, Қостанай және Қақаралы қалаларында сабақ бере бастағаны айтылады.
Байтұрсыновтың ақын, тіл маманы, 1913-1918 жылдар аралығында "Қазақ" газетінің редакторы болғаны көрсетіледі. "Ахмет Байтұрсынов саяси қайраткер, Қазақ Ұлттық "Алаш Орда" партиясының негізін қалаушы, 1917 жылғы бүкілресейлік құрылтайшылар жиналысының мүшесі болды, – дейді автор. – Ол 1920 жылдардың ба-сында жаңа Қазақ АССР-і Үкіметінің жұмысына белсене араласты, 1920 жылдың аяғында қазақ білімінің комиссары болды. Көптеген салалық қызметте онымен Міржа-қып Дулатов бірге жүрді".
Кітаптың 328 бетінде автор алашордалықтардың қуғын-сүргінге ұшырап, жаппай атылып, асылғанын, өзбек пен қазақтан шыққан сол кездегі партияның арсыз шенеу-ніктерінің өз әріптестерін өлімге байлап отырғанын әңгімелей келіп: "Бір қызығы, – дейді, – 1937-1978 жылдардағы сатқындардың өз әріптестеріне таққан айыптары арты-нан жалған болып шығып, кейінірек сталиндік жеке басқа табынушылыққа қарсы күрес құралына айналды. Алайда "Абдолла Қадырды кім өлтірді?", "Ахмет Байтұрсыновты өлімге айдаған кім?", "Қыршынынан қиылған адамдар өміріне кім жауап береді?" деген нақты сауалдарға биліктен жауап алу мүмкін болмаған".
Колгейт университетінің профессоры (АҚШ) М.Б. Олкотт "Қазақтар" деп аталатын көлемді мақаласында 1917 жылғы мамырдың ортасында "Қазақ" газеті Қазақ халқы үшін саяси автономияны қолдап бірнеше мақала жариялағанын, бұл мәселе сол жылы 21-28 мамырда Орынборда өткен жалпы қазақ съезінің негізгі тақырыбы болғанын, онда Міржақып Дулатов пен Ахмет Байтұрсынов Қазақтың тәуелсіз автономиясын құруға үндегенін жеткізеді.
Келесі беттерде Алаштың Орталық атқару комитеті сегіз қазақ мүшесінен алты облыстың әрқайсынан және ішкі жақтан бір-бір өкілден құрылғаны, олардың төрағасы ретінде Әлихан Бөкейханов болып, шығу тегі қазақ емес тағы да он бес депутат қосылғаны, Торғай комитеті де сайланған он төрт адамнан құрылғаны, оған Міржақып Дулатов, Сағындық Досжанов және төрағасы Байтұрсынов болғаны көрсетіледі. Осылайша Ахаңның есімі мақаланың өнбойында бірнеше рет аталады.
Мақала "1920 жылдың көктемінде бүкіл дала өңірінде астықты, малды, киім-кешекті күштеп тәркілеу басталды. Жеңіске қолы жеткеннен соң большевиктер қазақта-рға кеңестік үстемдіктің сабақтарын үйрете бастады" деп түйінделеді.
Лондон университетінің профессоры Х. Сетон-уотсон Қазақстанда 1917 жылы Алашорда деген атпен ұлтжанды топ құрылғанын, оның басшылары – қазақ қоғамының еуропалық білім алған сүт бетіне шығар қаймақтары екенін, олар 1918 жылы ақтармен араласып тұрғанын, алайда кейін Кольчактің шовинистік көзқарастарынан үміт үзгендерін айтып: "Оған қоса 1919 жылы жазға қарай ақтар Сібірде жеңіліске ұшырады, большевиктер алашордашыларға амнистия (кешірім) жариялаған соң қазақтардың көбі, солардың ішінде А. Байтұрсынов та қызылдар жағына шықты", – дейді.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитеті "Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару" бағдарламасы бойынша Алматының "Дәуір-Кітап" баспасынан 2013 жылы Қытайдың тарихшы ғалымы, профессор Су Бихайдың (1917-2000) "Қазақ мәдениетінің тарихы" атты кітабы жарық көрді. Су Бихай қазақ тілін жақсы білген. Онда VIII ғасырдан бері қарай ислам діні Қазақ даласына тарала бастағаны, бірнеше ғасырға созылған ұзақ уақыт барысында қазақ халқы түгелдей ислам дініне сенетін ұлтқа айналғаны, сөйтіп қазақтар ата-бабасы қолданып келген ұйгыр жазуының орнына араб графикасын қолдануға көшкені ай-тылады. Сондай-ақ 1924 жылы Ахмет Байтұрсынұлы әліппесін жазғанын, ол араб графикасындағы қазақ тілінің фонетикалық ерекшеліктеріне сай келмейтін дыбыс таңбаларын (әріптерді) қысқартып, қазақ тілінің дыбыс ерекшеліктеріне үйлесетін дыбыс таңбаларын енгізгенін түсіндіре баяндайды. "Бұл жолғы жазу өзгерту, – дейді автор, – қазақ тілінің заңдылығына сай жүргізілді. Алтай, Тарбағатай, Үрімжі қалаларында осы жазумен қазақша басылымдар шықты. Орта Азия мен Қазақстандағы түркі ұлттары араб жазу негізіндегі шағатай жазуын қолданған кезден бастап, дүниеге әйгілі "Диуани лұғат ат-түрік", "Ғибат әл-ғақлия", "Яссауина-ма", "Бақырғани", "Хисасул әнбие" тектес кітаптар осы жазумен жазылды, қолдан-қолға көшірілді".
Осы кітапта Нұржан Наушабаевтың шағатай тілін қолданғаны да айтылады.
Серікбай ОСПАНҰЛЫ, Күлзада МЫРЗАҒАЛИЕВА, Ө.Сұлтанғазин атындағы Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетінің профессорлары