Алтынсарин шығармаларындағы есімдер
Ңұрлы таң, 2017 год, 9 наурыз (№ 10), Б. 15. | СӨЗ. МҰРА
«Ыбырай Алтынсарин шығармаларында кездесетін адам аттары». Ақын, ғалым Серікбай Оспанұлы кейінгі уақытта осы тақырыпта өндіріп жазып жүр. Баспаға кезекті мақаласын ұсынды.
Байәділ Кейкин
«Ыбырайтанушы ғалым Б. Әбілқа-сымов «Ыбырай мұраларына көбірек көңіл бөлінсе» деген мақаласында Ы. Алтынсариннің араб графикасымен Байәділ Кейкинге қазақ тілінде жазған хатының табылғанын айтады.
Ыбырай хаттарында, әсіресе А.А. Мозохинге жолдаған хаттарында Байәділ (Автордың өзі осылай Байәділ деп жазған – С.О.) есімі жиі ұшырасады. Мәселен, 1982 жылдың 19 қарашасында Мозохинге жолдаған хатында: «Мен шынын айтқанда, Байәділ Кейкиннің қиқаң шығаратынын білген едім. Кейкиннің Сіздің ісіңізге қай жөнде араласқанын келесі хатыңызда толығырақ жазыңыз, мен оған тыйым салуға тырысайын. Сіз есіңіз бар адамсыз ғой, онымен ашық жанжалға, әрине, бармассыз деп ойлаймын. Бірақ қажетті жерінде, орынсыз талаптарға көне беруге болмайды. Ондай жағдайларда инспектор осылай істе деп еді, ал егер Сіз бірер өзгеріс енгізбек болсаңыз, онда испектормен өзіңіз хат жазып хабарласыңыз деп, маған ысыра салыңыз. Осылай еткеніңіз жөн болар, сонда Сіз Кейкинмен алакөз болудан құтыласыз», – деп, хат сонында «Баекеңмен орыс балалары жөніндегі сөзіңіздің немен тынғанын хабарлаңыз» деп тағы да ескертеді.
Байәділ Кейкин кім, қандай қызмет істеген?
Бұл сұраққа жауапты біз «История Казахстана в русских источниках XVI-XX веков» [VII том. 2 бөлім. Алматы «Дайк-Пресс» 2016.] кітабынан таптық: «Байәділ Кейкин, зауряд-сотник. 35 жаста. Орта бойлы. Жағалбайлы руының Ормантай атасынан. Жаз жайлауы Жаңа шекара шебінің арғы бетіндегі далада, қыстауы Елизаветинск станицасының маңында. Екі әйелі бар. Баласы жоқ. Бар байлыгы – қарауындағы 40 жылқысы. Алғыр, зерек, ізденгіш. Бірақ көп жағдайда әр іске араласа берді. Арызшыл. Осы жағынан елге танымал. Аздап татарша, аздап орысша оқиды. Руластарының алдында онша абыройы болмаса да, өзінің қызметі мен атағының әрі тіл білгендігінің арқасында біраз салмақ жинаған. Үкіметке берілген. Ішкі есепке бай. Бірнеше әскери жорыққа қатысып, сол үшін әскери атақ та алған. Сотталмаған, тергеуде болған жоқ» [366 б.].
Кез келген іске араласып, мұғалімдердің жұмысына, кедергі келтіретіні Ыбырай хаттарында да айтылады.
«Зауряд-сотник Байәділ Кейкин, Торғай облысы әскери губернаторының жанындағы ерекше тапсырмалар жөніндегі кіші чиновнигі. Жасы алпыс жетіде, мұсылман. Мойынға тағатын Анна және Владимир ленталы алтын медальдармен және Анна ленталы күміс медальмен наградталған. Жылына алатын жалақысы 800 сом, оның 522 сом 67 тиыны жалақы да, 277 сом 33 тиыны асханалық шығын.
Шыққан тегі құрметті ордалықтардың қатарынан. Елек уезіндегі Бөрте болы-сының үшінші ауылында ағаштан салынған екі үйі, шаруашылығы, Бөрте өзенінде диірмені бар.
Оқымаған. 1844 жылдың ақпанында дистанция бастығы болып тағайындалды.
1844 жыддың желтоқсанда Кенесары Қасымовтың әскеріне қарсы жорықта көрсеткен қызметі үшін зауряд-хорунжи, ал 1844 жылдың 10 сәуірінде адал қызметі үшін зауряд-сотник деген әскери атақ берідді.
1856 жылдың 14 қазанында адал еңбегі үшін Анна лентасына ілінген күміс медальмен марапатталды.
1857 жылдың 19 қаңтарында қазақ халқының атынан облыстық басқармасының заседателі болып белгіленді.
1857 жылы Орынбор облысының шығыс бөлігінде, бұған дейін есепке алынбаған 424 үйді тауып, салық төлеушілердің есебіне қосқаны үшін 720 сом сыйлық берілді.
1858 жылдың 13 наурызында адал қызметі үшін шұғадан тігілген сырт киіммен
марапатталды.
1858 жылы әр түтіннен алынатын салық тексергені және де бұған дейін салық салынбай келген біраз түтінді тапқаны үшін 300 сом сыйлық берілді.
1860 жылдың 11 сәуірінде Перовский фортына азық-түлік жеткізуге қажетті 2631 түйені тауып, көмектескені үшін шұғадан тігілген сырт киіммен марапатталды. Сол жолы бұған қосымша күміспен апталған құманша (чайник) мен қантсалғыш сыйға тартылды.
1861 жылдың 28 қарашасында Орынбор облысы орта бөлігі қырғыздарын билеуші сұлтанының көмекшісі болып тағайындалды.
1862 жылдың 28 қарашасында адал қызметі үшін мақпал кафтанмен марапатталды.
1864 жылдың 10 қазанында сыйға ожау алды.
1864 жылдың 28 қарашасында Анна лентасына тағылған алтын медальмен марапатталды.
1868 жылдың 21 қазанында ұлы мәртебелі бекіткен штат кестесіне сай 1869 жылдық бірінші қаңтарынан бастап қызметтен босатылды.
1875 жылдың 27 ақпанынан бастап, Торғай облысы әскери губернаторының жанындағы қоғамның ұсынысы бойынша 1875 жылдан бастап келесі үш жылға Елек уезі, Бөрте болысының басқарушысы болып тағайындалды.
1875 жылдың 3 қыркүйегінде алтын оқалы шұғадан тігілген кафтанмен мара-патталды.
1876 жылдың 23 қыркүйегінде адал әрі ынталы қызметі үшін Владимир лентасына ілінген алтын медальмен марапатталды.
1880 жылдың 15 қазанында Торғай облысы әскери губернаторының Қаулысымен әскери губернатор жанындағы ерекше тапсырмалар бойынша кіші қызметкер болып тағайындалды.
Үйлі-баранды. Екі әйелі бар. Бірінші әйелі Сұлуман Тоқтамысовадан туған Хәкімжан (26 жаста), Сабыржан (25 жаста), Ұрқия (26 жаста), екінші әйелі Тәжән Өтебаевадан туған Дәулетгерей (18 жаста), Шолпан (20 жаста), Үкіжан (13 жаста) балалары бар. Бала-шағасынын бәрі мұсылмандар».
Ы. Алтынсарин Б. Кейкинге жазған хатын 1883 жылы А.А. Мозохиннен беріп жіберді. Бірақ ол айтылған сөздерге ренжір деп, әрі хатта айтылатын мектеп үй туралы мәселе шешілгеннен соң оны Байәділге табыс етпеген.
Ы Алтынсарин хаттарының бәрі орыс тілінде жазылған. Таза қазақ тілінде жа-зылғаны осы Б. Кейкинге жолданған хат қана. Хат нұсқасы «Ыбырай Алтынсарин тағылымы» кітабында бар. [Қараңыз. Алматы: Жазушы, 1991. 312-313 беттер].
Байәділ Кейкин 1889 жылы қайтыс болған.
Оспан Алтынсарин
Ыбырай Алтынсариннің үш томдық шығармалар жинағының сонғы томында Арақарағай болысының Николаев уезінің қазағы Оспан Алтынсариннің Торғай об-лысының уез бастығына жазған арызы бар. Троицк қаласынан 1884 жылы 15 наурызда жазылған арызда арыз иесі Арақарағай болысында оны сыртынан, өзімен келіспей болыстыққа кандидат етіп сайлағанын, алайда денсаулығына және өз шаруашылығына байланысты бұл қызметті атқара алмайтынын айтып, орнына басқа біреулерді сайлауды ұсынады [231 б.].
Оспан Алтынсарин – Ыбырайдың інісі, яғни, Балғожадан – Фатима, Қошан, Алтынсары. Алтынсарыдан – Ыбырай. Қошаннан – Нұрпейіс, Оспан, Әлжан, Нұғыман, Омар.
Ағалары болыстыққа таласып жүргенде Оспанның болыстықтан қашуы таңқаларлық жайт. О. Алтынсариннің бұл шешімі оның қақ-соқпен жұмысы жоқ, өз шаруасын ғана күйттеген, қатардағы адал, момын, шаруа адам болғанын аңғартады.
Серікбай ОСПАНҰЛЫ,
ақын, Қостанай мемлекеттік
педагогикалық институтынын профессоры