Ислам және Ыбырай
Қостанай таңы, 2017 год, 3 ақпан (№ 13), Б. 6. | ТАНЫМНАМА
(Жалғасы. Басы газеттің өткен санында).
Мұның арғы жағында нені болса да көңілмен, жүрегімен сеніп істеу керек. Себебі, әр адамға діннің ең басты берері де сенім. Адамның ең алдымен құдайға, содан кейін өзіне деген сенім жатыр.
Ыбырай Алтынсарин айтады: "Құдай тағаланың пенделеріне парыз еткен парыздарының ең әуелі иман болса керек" (Мұсылманшылықтын тұтқасы". 10 бет). Бұл сөздерімен Ыбырай бабамыз, ең алдымен Құдайға сен, содан кейін өзіне сен, мұсылман болсаң сенімді бол, нені болса да сеніммен істе дегені емес пе? Яғни, ұлы ұстаз өзінің бұл сөздерімен қазаққа сенімнің күшін түсіндіріп отыр. Ыбырай айтып отырған "имандылықтың" арғы жағында Құдай тағала рұқсат еткен, солай жүр деп жол сілтеген не бір керемет ұғымдар жатыр. Олар: сенімділдік, көргендік, білімділік, ибалық, тәрбиелік, адалдық, кішіпейілділік пен мәдениеттілік, т.т.. Бұлардың барлығы адам тәрбиесінің басты ұғымдары. Бұларсыз адамдар өмір сүре алмайды. Адамдар бірі мен бірі қарым-қатынас жасай алмайды. Қауымдаса алмайды.
Ыбырай бабамыз өз еңбегінде көңілді исламның парыздарына бөледі. Олар: намаз, ораза, зекет, қажылық не харам, не адал деген жәйіттер. Осы әр парыздың астарында да тәрбиелік мән жатыр.
Намаз – күніне бес рет намаз оқу, яғи күніне Құдайға бес рет құлшылық жасау. Не жақсылық, не жамандық жасадым, солардың барлығын ой елегінен өткізіп, жанындағыларға жасаған жамандығына Құдайдан кешірім сұрап, жасаған жақ-сылықтарынан күш алу, өзіне деген сенімін бекіте түсуі. Сен де күн сайын өзіне-өзің есеп бер.
Ораза ұстау – тек тамақ ішуге ғана емес, барлық жамандыққа шек қою. Жаман ойға, жаман сөзге, ең адағында жаман іске шек қою деп түсінген дұрыс. Бұл – сын. Бұл сыннан адал өткен, шыдаған адам ғана, "мен ораза ұстадым" деп толық сеніммен айта алады.
Үшінші парыз – зекет. Зекет дегеніміз – жанындағыларға барынша көмектесу. Кемтарларды көре білу. Қолдан келгенше соларға қол ұшын беру, барыңмен бөлісу. Бұл да адамгершіліктің бір белгісі.
Қажылық. Көп ел қажылықты Меккеге барып тәу ету, қасиетті Қара тасты айналып жүру деп қате түсінеді. Қажылыққа барудың арғы жағында жол жүру, жол азабына шыдай білу, қажылыққа өзге елдерден келгендермен танысу, тілдесу, пікір алысу, олардан естіген не жаңалық пен жақсылықты елге жеткізу, олардың озық тәжірибелерін іске асыру сияқты толып жатқан міндеттер бар. Бүгінгі тілмен айтқанда, бар ақпаратпен бөлісу. Жақсысын алып, өз өміріне жарату. Өзінді-өзің байыта түсу.
Мұсылманшылықтын әр парыздың астарында елге, адамдарға пайдалы талай дүние жатыр. Мұсылман болсан, соларды игеру, үйрену, елдіктің шаруасына пайдалану, деген міндеттер жатыр.
Ал бесінші парыз – харам мен халәл. Харам мен халәл тек күнделікті ішер ас, дастарқанымызға жайылар тағамға ғана жатпайды. Олардың сөйлер сөзге, атқарар іске, жасар қимылға да байлысты. Әр мұсылман оларды білуге міндетті. Мұсылман болсаң тыйым салынған асты ішпе, тиым салынған сөзді сөйлеме, тиым салынған істі істеме.
Қарап отырсақ, исламның бес парызының барлығының да тәрбиелік мәні зор екен. Ыбырай бабамыз солардың барлығын білді. Білді де, шынайы адамды, өз елінің азаматын, болашағын тәрбиелеуге ислам дінінің барлық мүмкіндіктері мен күшін пайдалануға тырысып бақты. Діннің ол талаптар мен парыздар-ға бүгінгі күннің биігінен қарасақ та жастарды тәрбиелеуге, әр адамды тура жолдан тайдырмауға тигізер әсері мол. Соның бәрін түсінгеннен кейін Ыбырай бабамыз ел арасында тараған ислам дінінің абыройы мен күшкуатын жастарды тәрбиелеуге, ел болашағын тәрбиелеуге пай-даланды. Ол өз еңбегінде ислам дінінің түрлі мистикасы, жұмақ пен тозақ жайлы ойларын атап өткені болмаса, ешқайсын таратып айтпайды, оларға онша көңіл де бөлмейді.
Христиан дінінде де, Ислам дінінде де адамның Құдай алдында күнәһарлығына көп көңіл бөлінеді. Христиан дінінің негізгі кітабы "Библияда", адам өзінің Құдай алдындағы күнәһарлығын Құдайға сыйынып, жалбарынып, оған бас июмен, кешірім сұраумен жуатын болса, Ислам дінінде күнәны жуу мәселесіне сәл басқашалау жағынан келеді. Ыбырай айтады: "Хаж ету дегеніміз – өмірде бір рет араб улайатындағы (елі, жер) Мекке шаһарында болғушы кағбату-л-лаһи, яғни, Аллаға құлшылық ететін үй деп аталған орынға барып зиярат ету (бару, аралау). Қағбату-л-лаһиды Құдай табарак уа тағала Ибраһим пайғамбарға өзі бұйырып салдырымшы-дүр. Жәбірейіл періштені жіберіп, Құдай тағала Ибраһимге бұйырды: "Сал Қағбаны", – деп. Ибраһим алайһи-с-салам: "Құдая. Мен білмеймін Қағбаның орнының қайсы екендігін". Сол уақытында Жәбірейіл келіп бір жерден бөтен тасты көтерді, сол тастың жатқан орнына салмақ Құдай тағаланың әзәли (мәңгі құдыреті) құдыреті еді. Мұнан соң Құдай тағала бұйырды. Меккеге жақын жердегі: Тур сина, Төр Зина, Хура, Лубнан, Жуди деген бес таудан тас келтіріп, Қағбаны сол тастармен бина (салу, орнату) қыл деп. Меккенің онан жақын жерінде де тас көп болса да, Құдай табарак уа тағала әлгі бес таудан тас келтіріп, Қағбаны салмаққа бұйырмақ. Себебі, Қағбаға соңғы уақыттарда жүзін бұрып тауаф (Қағбаны айналып жүру) һәм бес намаз оқыған адамның, сол бес таудың ауыртпалығындай күнәсы болса да, күнәсын кешіремін дегенге ишарат үшін еді" (2. 41-42 б.б.), – деп айтылады. Яғни, бес рет намаз оқу, құдайға жалбарынып, бес рет кешірім сұрау, сол арқылы өзінің күнәсін жуу дсп түсінген дұрыс болар.
Одан әрі қарай Ыбырай бабамыз айтады: "...иманнан соң дін ғылымы – дүр. Дін ғылымы дегеніміз, Құдай тағала пенделеріне екі жол көрсетті: бір жолы – осылай бар деп бұйырған жолы, екіншісі – бұл жолға түспе деп тыйған жолы... Әуелгі жолдың баратын ұшы – ұжмақ, соңғы жолдың ұшы – тамұк". Әр екі жолды көрсетіп қойып, қайсысына түсудің ықтиярын бұл дүниеде Құдай тағала адамның өзіне берді. Осы екі жолдың мәнісін түсініп, үйренуді дін ғылымы деп атаймыз" (2.106.). Яғни, қай жолға түссе де адамның өз еркі. Жақсылық пен жамаңдықты таңдау да адамның өз еркі (нағыз демократияның басы осында жатқан жоқ па) Бірақ, діннің міндеті – адамның көзін ашып, үйретіп, оны дұрыс жолға, кімге болса да пайдалы, игілік жолына салу. Дін білімінің керегі, міне, осы жерде болса керек. Осыдан 130 жылдан бұрын ұлы Ыбырай осы дін ғылымының мән-жайын түсіндіріп жазды.
Діннің құдыретін түсіну үшін біз ең алдымен, "дін" деген не? Оның міндеті мен мақсаттары деген сұраққа жауап беріп алуымыз керек болар.
Сонымен "дін" деген не, оның міндеттері мен мақсаттары қандай?
Дін деген – тәрбие. Мыңдаған жылдар бойы дін адамды дұрыс жолға, ақиқат жолына, адалдық жолына жетелеп келеді. Діннің осы міндетін әбден зерттеген дүниежүзі ғалымдарынын еңбектерін қорытындылай келіп, діннің негізгі үш міндетін бөліп алып, дін:
- жоқтың орынын толтыру үшін адамға өзіне деген сенім мен қосымша күш беру үшін;
- күн көру үшін өз беттерінше жеке-жеке, шашырап жүрген адамдарды біріктіру үшін, бір ортаға бағындыру үшін;
- сол алғашқы қоғам мүшелерінің барлық іс-қимылдарын бір жүйеге келтіріп, басқару, бақылау үшін қажет болды, делінеді. (8. А.С. Васильев. История религии Востока. С-Петербург. 1997).
Осылардың барлығының басын қосып келгенде, діннің негізгі мақсаты мен міндеті – адамды тәрбилеу деп білу керек. Кешегі аңнан адамға айналғаннан бері қарай дін адамды тәрбиеледі, оның көзін ашты, жамандық пен жақсылықтың, ақ пен қараның ара жіктерін ашып берді. Адамның табиғатпен тіл табысып, күн көруіне, одан көп дүниені үйренуге, әсіресе табиғаттың заңдылықтарын, құбылмалылығын, не бір жағдайларды дұрыс қабылдап, оған төзе білуге, кездескен қиыншылықтарды бірлесе жеңе білуге үйретті. Ойын қалыптастыруға, барынша кеңейтуге, нені болса да ойлап істеуге үйретті Адамның мінезін бір жүйесі келтірді. Оған дүниедегі өзінін орынын көрсетті. Дін адамдардың ойларын биледі, адам сияқты өмір сүруге үйретті, оның рухын оятты.
Дін – адамды оқытушы, оған күш беруші ғана емес, дін – адаммен Құдайдың (Алла тағала, Жасаған, Жаратқан) өзара байланысы арқылы, адамды жақсылыққа қарай бастаушы, тіпті қажет болған жағдайда адамды Құдайдың атымен қорқытып, оны дұрыс жолға салушы да.
Діннің міндеті мен мақсатын осылай анықтап алғаннан кейін, енлі Ыбырай бабамыз айтып отырған "дін біліміне" келелік. Біздіңше, "дін білімі" дегеніміз, ол – Құдай мен Адамның арасындағы бізге белгісіз бір құдырет күші, олардың өзара байла-нысын анықтайтын білім, кімге болса да нақты жол сілтейтін, ешқашан бұзылмас, бұлтармайтын Ереже. Осылардың бәрін терең түсіну үшін, ең алдымен "Құдай деген кім, болмаса ол қандай күш иесі? Адам деген кім, оған құдырет (жасаған) қандай күш сыйлады", – деген сұрақтарға жауап беріп алайық.
Құдай. Турасына келсек, Құдай (Жаратқан, Жасаған) туралы әңгіме айтуға адам баласына әлі де болса ертерек. Адамзат ес білгеннен бері қарай не бір кемеңгерлер, данышпандар, білімнің ең бір биігіне жеткендер "Құдай бар ма?" деген сұраққа жауап іздегендері белгілі.
Қ.Т. ОРМАНОВ,
ҚМПИ Ы. Алтынсариннің мұраларын
зерттеу орталығының маманы.
(Соңы келесі санда).