Тың серпін берді
Қостанай таңы, 2017 год, 7 маусым (№ 59), Б. 3. | БОЛАШАҚҚА БАҒДАР: РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ
ПРЕЗИДЕНТІМІЗДІҢ "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" деген мақаласы өте көп мәселелердің басын ашып беріп отыр. Мақала жазылды, халқымыздың рухани жаңғырудағы міндеттері анықталды. Ал енді Президентіміздің осы тапсырмаларын қалай орындай аламыз? Бүгінгі қазақ халқының ендігі мәселесі – осы сұраққа жауап беру. Соның ішінде біздер –қостанайлықтар, осынау үлкен жұмысты қалай жұзеге асыра аламыз? Көп болып ойланғанымыз дұрыс.
Президентіміздің бұл мақаласына орай мекемелерде, оқу орындарында ауқымды жос-парлар жасалып, алуан-алуан шаралар белгіленетініне шүбә келтіре алмаймын. Шынын айту керек, ғасырлар бойы Қостанай – Торғай өңірі не бір жаңалықтардың жаршысы, бастамшыл топтың алдында болып келді. Ал енді қазір ойланатын нәрсе жеткілікті.
Жаһандану, басқа ұлттардан үлгі aлy, біздер – қостанайлықтарға кері әсерлерін тигізуде. Облыс бойынша жас отаулардың ажырасулары артып, бала туу төмендеп, аудан орталықтары мен қалалардағы зираттар тарылып барады. Біз елден шыққан ақын жазушыларды, батырларымыз бен данышпандарымызды еске де алмаймыз. Басқа облыстардың қабылдаған "Мәдени мұра" бағдарламаларынан ел тарихына, елдің өтке-ніне деген жанашырлықты айқын көруге болады. Біз болсақ, ең алғаш қазақтар туралы қазақ тілінде шығарма жазып қалдырған Орынтай қажының еңбегін алып елге таныта алмай келеміз. Бұл еңбек алыста емес, Алматыда Қазақстан ұлттық кітапханасының сирек қорлар қоймасында жатыр. Оған көп қаражат та керегі жоқ. Тек қана керегі – құнт пенен ел тарихына деген жанашырлық қана. Талай бабаларымыздың аттары ұмытылып, зираттары қараусыз жатыр. Алтынсарин ауданында Сатай батырдың зираты қараусыз қалды. Қарабалық ауданында бес баулы қыпшақтардың бабалары Алып Қара ұранның ауылы, Жітікара ауданында Есілбай батыр зираты мен Байсары батырдың бөгеті, Әулие-көл ауданында Абылай сұлтанның болған жерлері тіпті ескерусіз қалды. Аманкелді мен Арқалық жақта архитектуралық талайтарихи-мәдени ескерткіштер қараусыз, жел өтінде заманның салмағымен мүжіліп, тозып барады. Ақтабан шұбырындыдан кейін, Тайлақ батыр бастаған қазақ қолдарының жонғарларға алғаш соққы берген жері – Қарасиыр жазығының біздің облыс көлемінде жатқанын көп адам білмейді де. Кенесары ханның ел бостандығы жолындағы күрескен жерлерінің біразы біздің облыста (Көкиық, Үшбурыл, Қаратөбе, Күйік т.т.). Ұлы отан соғысы жылдарында ерлігімен көзге түсіп, Кеңестер Ода-ғының батыры атанған Естай Есжановтың атымен Қостанай қаласында не бір көше аталып, ескерткіш те қойылмады. Басқа батырлардың ерліктері құрметтелгенде Естайдың есімі мен ерлігі неге құрметтелмейді? Айта берсең, осындай жайлар өте көп.
Біздің жерлесіміз, белгілі ғалым, тарихшы Қойшығара Салғара бір еңбегінде, Қытай ғұламасының аузына:
– "Ғұндардың кұші еркіндігінде. Көрге үйренген көрге ұмтылады. Төрге үйренген төрге ұмтылады. Ғұндар еркіндікке үйренген. Жердің сонысын, судың тазасын іздеп, еркін көшіп үйренген елдің баласы үнемі ат үстінде, жұтқаны – таза ауа, жегені – ет, ішкені – қымыз. Тәні сау, жаны таза. Аңсары ерлік. Қапасқа төзбейді. Үйкүшіктікке көнбейді...", – деген сөздерді салады.
Қытай ғалымының бұл айтып отырғаны кешегі байлықтың берекесіне бөленіп, абырой биігіне көтерілген қазақ қой! Яғни, Сіз бен Біздің бабаларымыз ғой. Ал бүгінгі қазаққа не болды? Бар бәле біздің тәрбиемізде, рухымыздың төмендеп, қазақтығымызды, салт-дәстүрімізді, ұлттық намысымызды ұмытып бара жатқанымызда. Президенттің мына мақаласының көмегімен осылардың барлығын орнына келтіруіміз керек болар. Болмаса... Болмаса, ұлдарымыз көрінгенге құл, қыздарымыз көрінгенге күң болып жүре берері сөзсіз. Олар ертең құл мен күң болмас үшін, Президент айтқандай санамызды оятып, оқып, білім алып, басқалардың озық жетістіктерін қабылдап, еңбек ұйымдастыру мен жаңа технологияны игеріп, табыстың кілтіне қол жеткізу – біздің міндетіміз. Былайша айтқанда, нағыз қазақ болуға жол тартайық. Ол үшін не істеу керек?
Бұл жолы бұрынғыша жай шығарып салмай, Президент хатына шынайы, мән мен мағынасына келтіріп жауап беруіміз керек. Әдеттегідей бар салмақты жергілікті әкімшіліктер мен ұстаздар қауымына салмай, бар салмақты аға буынға, халқымыздың кешегісі мен әдет-ғұрыпын, салтымызды, ел тарихын басқаларға қарағанда жақсырақ білетін, облысымыздың кешегісін, мақтанарлық байлығын білетін, сол байлықтың негізін қалаған аталар мен әжелерге салуымыз керек болар. Себебі, ертеңіміз жақсы болсын деп көбірек ойлайтын да, бала-шағамыз бақытты болсын деп, көптің тілеуін тілейтін де со-лар. Әр үйдің иесі де, берекесі де солар. Келін де, бала да соларға қарайды, солардан үлгі алады. Кеше ғана ауылда тұрып, бір елге билік жүргізіп, айтқандарын істете білген де, қазақтың қазақшылығын, қалыптасқан дәстүр мен салт-санасын сақтата білген де солар. Неге солардың біліктерін пайдаланбасқа, өмірлік тәжибелерін үйренбеске. Олардың көрген-білгендері көп. Солар жайлы неге тыңдамасқа? Ондай көкіректері алтын сандық ақсақалдар баршылық. Анау Қайғыдан, елу жыл ұстаз болып еңбек еткен Сұңқар деген ақсақалымыз бар, Науырзымнан Тарғын деген ақсақалымыз бар. Тәуелсіздіктін алғашқы жылдары ұлттық тәрбие негіздерінің алғашкы оқулық құралын жазған Орынкүл деген ұстаз да осы Қостанай қаласында тұрып жатыр. Торғайдан, Әулиекөлден, Ұзынкөлден келген аталарымыз бен әжелеріміздің жастарға айтары көп екені шындық. Осы күштерді неге бір жерге жинамасқа. Тек соларға жағдай жасау керек болар. Бірақ, олар білгендерін, өмірлік тәжірибелерін кімге айтады, қай жерде айтады? Осы жағынан әрине, оларға көмек керек.
Қостанай қаласында басқа диаспоралардың бас қосып, әңгіме-дүкен құратын жерлері бар. Қазақтарда ол да жоқ. Содан барып, қазақтың біраз ақсақалдары орталықтағы саяжайда (скверде) жиналып, бірімен бірі кездесіп, пікір алысып, кәукіл-десіп, өткенді еске алып, көңіл көтеріп қайтады. Олар бос уақыттарын осылай далада өткізбес үшін, бізге де қазақтардың бас қосатын бір орталығын құруымыз керек болар.
Және де ол босқа көңіл көтеретін, болмаса дем алатын емес, шынтуайттап, белгілінген жоспармен, Президентіміздің еңбегіне орай руханият мәселесіне, ұлттық тәрбие мәселесіне ерекше көңіл бөлетін қазақтын ұлттық Орталығы болуы керек.
Енді ұлттық код туралы. Біздің Қостанай-Торғай өңірінін ұлттық кодына ұлы ұстаз Ыбырай Алтынсаринді айтуға болар еді...
Қостанайдағы Орталық Ыбырайдың атында, "Ыбырай Орталығы". Бұл Орталықтың жұмысын дұрыс жолға қоя білсек, оның филиалдарын облысымыздың барлық қалалары мен аудан орталықтарында, институттар мен басқа да білім ордаларында ашуымыз керек. Біз бұған дейін, Үкімет қаулы қабылдады, оны мемлекеттік органдар орындасын деп жүре беретінбіз. Бұл жолы Президент тапсырмасын орындауға өзіміз, ауылдың ақсақалдары атсалысса. Ал мемлекеттік мекемелер бізге қолдан келгенше көмектерін корсетсін. Мәселенің барлығы руханият, рухани жаңғыруға келгеннен кейін, онда ұлттық тәрбие, дін, тарих, ең бастысы елін, отанын сүйетін, иманды, мәдениетті азаматты тәрбиелеуге келіп тірелгеннен кейін "Ыбырай Орталығының" жұмысына облыстық білім басқармасы, ардагерлер кеңесі, жастар саяса-ты, ішкі саясат, діни істер жөніндегі басқарма, тағы басқа мекемелер мен ұйымдар ба-рынша атсалысуы керек болар. Орталықты, мәдениет басқармасының жанынан бюджет есебінен, болмаса бюджеттен тыс шығындар есебінен де ашуға болады. Ондай жағдайда ол жоғарыда айтылған мекемелердің жоспарлы тапсырыстарын орындау арқылы, өз шығынын өтеп отырар еді. Қайткен күнде де, Орталық қаржылай көмексіз жұмыс істей алмайтыны анық. Мақсатымыз – Президентіміз айтқандай, бұл Орталық сананы жаңғыртудың негізгі қағидаларын қоғамымызда орнықтыратын басты күшке айналса игі болар еді. Осылайша ғана біз, Ахмет Байтұрсынов айтқандай, ұлым дейтін ел, елім дейтін ұл тәрбиелей аламыз.
Мұнымен қосымша, осы "Ыбырай Орталығының" жанынан Ыбырай бабамыздың қоғамдық қорын ашсақ па деген де ойымыз бар. Қажетті құжаттарын дайындап та қойдық. Қордың мақсаты – Ыбырай Алтынсариннің энциклопедиясын шығарып, елдің көмегімен Қостанай мен Астана қалаларында ұлы ұстаз Ыбырай Алтынсариннің ес-керткішін ашу.
Қуаныш ОРМАНОВ, өлкетанушы-журналист,
ҚМПИ Ы. Алтынсариннің мұраларын
зерттеу орталығының маманы.