Археолог-ғалым В. Зайберт – 70 жаста
Қостанай таңы, 2017 жыл, 18 қазан (№ 115), Б. 7.
Адам қоғамының қалыптасып дамуы жайлы біз тарихи деректерді зерттеу арқылы танып, білеміз. Сол тарихты жасайтын – халық. Тарих – халықтын жады мен зердесі. Шынайы ел тарихын білу арқылы тарихи сана бекиді, тарихи сана арқылы ұлттық сана қалыптасады. Сондықтан, халықтың өткен өмірі мен тұрмысы, өлке, ел тарихы туралы зерттеулер жүргізіп, келешек ұрпаққа сан ғасырлық тарихтың сырын ұғындырып, құнды тарихи мұраларды жеткізуші адамдар тобын – тарихшылар құрайтыны анық. Өз елінің тарихын зерттеп, тарих ғылымы саласының дамуына үлестерін қосып жүрген тарихшы-ғалымдар жетерлік. Солардың бірі бүгінгі мақаламызға арқау болмақшы.
Жақында ғана, 30 қыркүйекте Қазақстан археологиясының қалыптасуына, Ұлы дала жылқысының ең алғаш рет Қазақстанда табылуына түрткі болған Ботай қонысы тарихын зерттеуге, тәуелсіз Қазақстаннын археологиялық ғылыми орталығын құрып, дамытуға, кәсіби мамандарды дайындауға, археология бойынша халықаралық ғылыми-тәжірибелік байланысты қалыптастыруға өз үлесін қосып келе жатқан тарих ғылым-дарының докторы, профессор, археолог-ғалым Виктор Федорович Зайберт мерейлі 70 жасқа толды.
Бүгінде археолог-ғалым есімі тек Қазақстанда ғана емес, тысқары шетелдерде де белгілі. Ол шетелдік Эдинбург, Оксфорд, Кембридж, Ньюкасл, Каир сынды қалаларында лекция оқып, Берлин қаласындағы Герман Археология институтының корреспондент-мүшесі болып табылады. Англия, Канада, Германия, Латвия, Ресейдің палеозоолог және антрополог, археолог-ғалымдарымен белсенді қарым-қатынаста байланыс жасайды. 2018 жылы Ботай археологиялық мәдениетіне арналған режиссер Найоби Томпсонның фильмі шығады.
Қазіргі таңда Виктор Федорович Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты, Қазақстан тарихы кафедрасында профессор болып қызмет атқарады және студенттерге археология ғылымы туралы үнемі лекция оқиды. Ол сонымен қатар, 100-ден астам монография мен мақалалардың авторы. Атап айтсақ, Солтүстік Қазақстанның ежелгі тарихы және археологиясына арналған "Атбасар мәдениеті" (1992), "Энеолит Урало-Иртышского междуречья" (1992), орыс және неміс тілдерінде шыққан "Большой курган Байкара" монографиясы (Берлин, 2003), А. Тюлебаев, Ю. Кулаков және А. Задорожный сынды шәкірттерімен бірлесе шығарған "Тайны древней степи" (2007), "Ботай мәдениеті" (2009), "Ботай – у истоков степной цивилизации" (2011) атты еңбектері бар.
Виктор Федорович 1947 жылы Солтүстік Қазақстан облысы, Есіл ауданы, Николаевка селосында арнайы қоныс аударып келген неміс отбасында дүниеге келген. Әкесі Федор Федорович, ән айту сабағының мұғалімі, Саратов консерваториясының бірінші курсын тәмамдап, Екінші Дүниежүзілік соғысқа қатысады. 1946 жылдың қарашасында отбасына оралады. Анасы Амалия Петровна, неміс тілі пәнінің мұғалімі, Саратов педагогикалық техникумын аяқтаған. Ал, Виктор Федоровичтің өзі Есіл ауданындағы Явленка орта мектебін, одан әрі Петропавл педагогикалық институтын (1965-1969) "тарих мұғалімі" мамандығы бойынша аяқтайды.
1969-1976 жылдары Солтүстік Қазақстан облысы аймақтық тарихи-өлкетану мұражайында археология бөлімінің ғылыми қызметкері, меңгерушісі қызметтерін атқарды. 1970-1980 жж. ол Эрмитаждан, Мемлекеттік Тарихи мұражайынан, Пушкин мұражайынан, Бүкілодақтык реставрациялық орталықтан, Кремльдік реставрациялық орталықтарынан тәжірибеден өтеді. 1976-1977 жж. Петропавл педагогикалық институтында оқытушы болып қызмет істеді. 1972 жылдан Солтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясының жетекшісі. Виктор Федорович 1977-1979 жылдары КСРО Ғылым академиясының Мәскеу археология институтында белгілі ресейлік археолог О.Н. Бадердің жетекшілігімен аспирант атанды. Оқуын сәтгі аяқтап, "Неолит Северного Казахстана" тақырыбында кандидаттық диссертациясын қорғайды. 1980 жылы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде аға оқытушы, кафедра менгерушісі, ғылыми жұмыстар және шет елдермен байланыс жөнінде проректоры болып жұмыс істейді.
В.Ф. Зайберттің археологиялық зерттеулерінін арасынан тас ғасырынан сыр шертетін Атбасар неолиттік мәдениетін (б.з.д. VI-IV мыңж.) ерекше атауға болады. Сонымен қатар, ол өзінің ең басты жаңалығы ретінде 1980 жылы Ботай археологиялық қонысы мәдениетін ашады.
1999 жылдан 2002 жылға дейін В.Ф. Зайберт Петропавл бизнес және басқару институтында ректор, 2002-2003 жж. Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің педагогикалық институтында директор, 2005-2009 жж. Солтүстік Қазақстан және Көкшетау археологиялық экспедициясының жетекшісі ретінде "Көкше" археологиялық ғылыми орталығының директоры болып қызмет етеді. 2016 жылдан бүгінгі күнге дейін Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтында археология және этнология ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі болып табылады. Ол Астана қаласындағы Қазақ ғылыми-зерттеу мәдени институтымен жоба бойынша белсенді қарым-қатынас байланысын орнатты.
1980 жылдан бергі 37 жыл аралығында В.Ф. Зайберт әлі күнге дейін құпияға толы Ботай археологиялық мәдениетін зерттеп келеді. В.Ф. Зайбертке "Ботай – ежелгі адамдар мекені" еңбегі үшін Берлин институтының корреспондент-мүшесі ғылыми атағы берілді. Тың тақырыпты одан әрі зерттеп, Ботайды айдай әлемге танытты.
В.Ф. Зайберттін 100-ге жуық ғылыми мақалалары, 4 монографиясы жарық көрген.
А. КҮЗЕМБАЙҰЛЫ, тарих ғылымдарының докторы, профессор.
З. ШАХАМАН, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор,
Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты