Алыптар және ата заң
Нұрлы таң, 2018 ж., 8 ақпан (№ 8), Б. 2. | СӨЗ. МҰРА
Ыбырай, Абай, Ахмет. Қазақтың осы үш алыбының дүниетанымы, наным-сенімі мен ұлы мақсат бірлігінен туындаған бір-біріне ұқсас пікірлері өте көп. Солардың бірі – ата заңдарымызға («Қасым ханның қасқа жолы», 16 ғ., «Есім ханның ескі жолы», 17 ғ., «Жеті жарғы», 18 ғ., «Қарамола ережесіне», 1885 ж.) деген кезқарастары.
Абайдың алғыр да әділ би болғаны туралы Мұхтар Әуезов: «Бұл кезге шейін Абай ел жұмысына араласып жүретін шешен, алғыр, әділ би болған. Әділдігі сонша Абайға досынан гөрі дұшпаны көбірек билік айтқызған. Ірі дау болғанда патша үкіметі өзі шеше алмай әуре болған. Осындай дау тұсында ел әділетшіл билік иесіне мұқтаж болатын. Сондай би де, елдің пана іздейтіні де Абай еді», – дейді.
Атасы, би Балғожа Жаңбыршыұлының тәрбиесін көрген, оның үстіне 1850 жылы Орынборда ашылған 7 жылдық мектепте орыс, татар тіддерінде тергеу және іс қағаз-дарын жүргізуді үйренген Ы. Алтынсарин де ата заңымызды да, орыс заңын да жақсы білген. Сондықтан да ол төрт рет уездік сот міндетін атқарған.
1885 жылы Шар өзені бойындағы Қарамола деген жерде жәрмеңке базарында бес уездің (Кереку, Қарқаралы, Семей, Өскемен, Зайсан) болыс, билері, белгілі бетке ұстар адамдары бас қосқан қыр қазақтарының төтенше съезі өтеді. Қазақтың ұлы ойшылы, данышпан ақыны Абай Құнанбайұлы сол съезде тебе би болып сайланып, сөз сөйлеп патша өкіметінің заңы қазақтың әдет-ғұрып, салт-дәстүрі мен тұрмысына үйлеспейтінін дәлелдейді. Сөйтіп үш күн, үш түн қыр елінің жаңа заң жобасын жазып шығады. Бұл кейін «Қарамола Ережесі» деп аталады.
Ы. Алтынсарин де «Далалық облыстарды басқару жөніндегі Уақытша ереже туралы. 1868 ж.» деген жазбасында Ережеге қарсылық білдіріп: «Жер мәселесін шешудің мұндай тәртібі ежелден қалыптасқан жерді пайдаланудың халықтық салт-дәстуріне қайшы келеді», – деп жазды.
Ыбырай 1878 жылдың 14 қаңтарында Торғай қаласында өткен «Жылқыны куып алу мен ұрлыққа қарсы шаралар туралы Торғай уезінің төтенше билер съезінің қау-лысында» да қылмыстық істерді халықтың әдет-ғұрпына, салт-дәстұріне негізделген «Қазақтардың халық сотына» сүйеніп шешуді ұсынады.
Қазақ «Ерден кетсе де, елден кетпек жоқ», «Аға өлсе, іні мұра» деп, ежелден келе жатқан салт бойынша күйеуі қайтыс болған жас әйелді әмеңгерлік жолмен күйеуінің ағасына немесе інісіне жесірдің тандауы бойынша қосқан. Сонда оның балалары туыс-туғаннан бөлінбей, жетімдік көрмей өседі.
Абай дайындаған «Қарамола ережесінің» 47-бабында «Күйеуі өлген жесір әйел сүйсе күйеуінің бір туысқан яки ағайына тиеді, сүймесе ықтияры өзінде» делінсе, «Жеті жарғының» ең соңғы жетінші тармағы түгелдей жесір дауы жайында.
Ы. Алтынсарин «Орынбор қазақтарының құда түсу, қыз ұзату, той жасау дәстүрінің очеркі» еңбегінде: «Жесір дауы деген зор дау: ол дауға правосына қол сұғылған қазақтың момындығы да, іс қозғауға оның ойының жоқтығы да бөгет бола алмайды. Шет адамның мұндай ретте қол сұғуы жәбірленген адамның бүкіл руына қорлық болып есептеледі, сондықтан бұл іске оның барлық руы жұмылады. Сонымен, қарсы жақтың мұңдай зәбір беруден бас тартпауы екі жақтың ру араздығын туғызады. Оның соңы барымтаға не тіпті ашықтан-ашық ұрысқа апарып соқтырады», – деп жазады.
«Мұндай жағдайда әйел әмеңгерлік дәстүр бойынша, өлген күйеуінің туған інісіне тиеді, ал егер оның туған аға-інісі болмаса, онда оның туысқандарының біріне күйеуге шығуы тиіс» деген жолдар, жоғарғыдағы Абай жазған «Қарамола ережесімен» үндес.
«Қарамола ережесінің» 69-бабында: «Съезге шақырылған барша қызмет иелерінің ұстаған шығындары жұрт үстінен салынады. Сол шығыңдарды ел арасында старшын жиюшы болады... Кімде-кім тиісті түскен шығынын бермесе, билердің тергеуіне беріледі» деп көрсетілген.
Ыбырай «Торғай уездік төтенше билер съезіне қатысушыларды күту үшін кететін шығындар қаулысында» ескіден келе жатқан тәртіп бойынша жергілікті билік өкілдері мен билер жиналғанда жауапкерге жақын байдың үйіне түсіп, қонақжайлылық салтымен ол үй бағып күтетінін, тіпті, не керектің бәрін ақысыз-пұлсыз қамтамасыз етуге тиіс екенін түсіндіре баяндайды. «Съезге қатысушылары істің бір болуы себепті бір үйге түсіп, орналасуы мүмкін және мүддесі қаралатын тағы басқа кісілер де осы үйге түсіп, өзгелермен теңдей дәрежеде қонақ ретінде күтілуге хақылы», – деп, бұл жеке адамдарға ауыртпалық келтіріп, шығынға батыратынын айтады. Шығынды билердің өздерінен ұстауға да болмайтынын, өйткені, олардың билік еткендері үшін алатын ақылары тым аз екенін ескертіп, сондықтан қалыптасқан әдет-ғүрыпты ескере отырып, билерді күтуге кеткен шығынды азаматтық және қылмыстық іс бойынша айыпты деп танылғандардан ендіруді ұсынады.
Ахмет Байтұрсынұлы да «Қазақ халқын билеу туралы 1868 жылы шыққан уақытша положение» деген мақаласында «Бұл положение бойынша қазақтардың болысқа, ауылға бөлінуі бұрынғы ретте қалып, әлеумет істері мұжықтардікі секілді басқарылатын болды» деп, әр болыстың өкілі болып әр ауылнайдан елубасылар (елу үйден бір кісі), әр ауылнайдың өкілі болып әр 10 үйден бір онбасы сайланатынын айтып, елубасы, онбасылардың құқықтарына да тоқталып өтеді. Бұрын қазақтың қадірлі, халық қалаған билері билік айтатынын, биге дауласушылардың екі жағы да келіп жүгінетінін, бидің билігі әділ саналып, оны ешкімнің бұзбайтынын да халыққа ұғынықты жеткізеді.
А. Байтұрсынұлының бұл айтқандары Ы. Алтынсариннің мына пікірімен үндеседі: «Халық арасында ашықтан-ашық парақорлыққа жол берген және сол жағдайларға қазақтың билік басындағыларын да итермелеген елубасы мен онбасылар арқылы қызмет иелерін сайлауға қатысты туып отыр; болыстағы маңдайалды және құрметті қызметтің соңына түскен билікке таласушылар өзінің бар мал-мүлкін бір жібі қалғанша тарту етеді, ал жылы орынға жайғасып алған соң пара алу жолымен жаңағы кеткен шығынның орнын тездетіп толтыруға тырысады. Бұған қоса, әдетте әр сайлаудың нәтижесінде болыстықты бірнеше партияларға бөлген лауазымнан үміткерлер мен олардың жақтастары арасында бітпес өшпенділік туындайды, билік тұтқасын ұстап отырғандардың қысымшылығы кү-шейеді, әділетсіз шешімдер шығарылады, жәбір көрушілер тарапынан айтылған арыз-шағымдар толастамайды, т. б.
Қазақтар дәл осындай зұлымдықты онбасылар мен елубасылардан да көріп отыр, өйткені, олардың жер дауын қараған кездегі әділетсіз шешімдері қазақ шаруашылығы үшін өмір мен өлімнің салмағына тең мәселелерді туындатады. Сондай-ақ бұл арада жауласушы жақтар бедел таластырады, құпия сауда мен астыртын бәсекелер жүреді, әрине, мұны жарлы-жақыбайлардың қалтасы көтере қоймайды».
Ұқсастық себебі – екеуі де бір Ереже туралы әңгіме қозғап отыр, тілек-мүдделері бір.
Абай:
«Болыс болдым, мінеки,
Бар малымды шығындап.
Түйеде қом, атта май
Қалмады елге тығындап.
Сөйтсе-дағы елімді
Ұстай алмадым мығымдап...».
Ахмет: «Сайлау сұмдығы, бүліншілігі осыдан шықты: сайлау үшін ақша төгу, кісі өлтіру – бәрі осыдан пайда болады. Неше түрлі жаманшылық жолмен жеңіп тұрған жағы билердің бәрін өз жағынан сайлап шығарады».
Ыбырай: «Далалық облыстар жөніндегі Уақытта Ережені халықтың салт-дәс-түрімен, тұрмыстық жағдайларымен және мұндай істерге қазақтардың көзқарасымен байланыстыра отырып, мұқият түрде қайта қарау қажет...», – десе, Абай: «Уә және назначение қылғанда тергеуі, сұрауы барлығына қарамаса өтірік арыз берушілер азаяр еді, бәлки жоғалар еді. Уә және әрбір болыс елде старшина басы бір би сайланғандық, бұл халыққа көп залал болғандығы көрініп, сыналып білінді. Бұл билік деген біздің қазақ ішінде әрбір сайланған кісінің қолынан келмейді. Бұған бұрынғы «Қасым ханның қасқа жолын, Есімханның ескі жолын», Әз Тәуке ханның Күл төбенің басыңдағы күнде кеңес болғанда «Жеті жарғысын» білмек керек», – деп жөн-жосығын айтады.
Әрине, үкімет шығарған заң қазақтар үшін өте қолайсыз. Оның астарында отаршылдық мақсат-мүдде жатқанын Ыбырай, Абай, Ахмет те білді. «Ресей империясының отарлау саясатының жолындағы үлкен кедергі – қазақ жерінің тұтастығына негіз болған билердің соттық жүйесі, сондай-ақ көшпенділердің өмір-салтына «халық билігіне», демократия мен әділ сотқа бейім әдет-ғұрып құқығы мен «жарғы» заңдары болды», – деп академик Салық Зиманов атап көрсеткендей, олардың көксегені қазақ елінің бірлігін жойып, тілінен, дінінен бездіріп, орыстаңдыру саясаты бо-латын. Соны сезген ұлт зиялылары қазақ даласының саяси өміріне Ресей зандарын енгі-зуге қарсылық білдіріп, қазақ әдет-ғұрып жүйесін қалдыруды ұсынды.
Ыбырай, Абай, Ахметтердің осы жолдағы айтқан ой-пікірлерінің бір-бірімен ас-тасып, қабысып жатуы – мақсат-мүдделерінің бірлілнен, ел тұтастығын көздеп, халыққа жанашырлықтан туындаған үндестік еді.
Серікбай ОСПАНҰЛЫ, ақын, ҚМПИ профессоры