Белестер бедері
Наш Костанай, 2018 г., 9 января (№ 3) – Біздің Қостанай | Рухани жаңғыру
Ыбырай Алтынсаринның бай мұрасы жайлы сөз
Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында жастарға патриотизмге тәрбиелеудің ең маңызды жолын атап көрсетті.
Осыған орай Павлодар мемлекеттік педагогикалық институты Ыбырай Алтынсарин асқан белестер бедеріндей бес томдық ұжымдық жинак құрастырып шығарды.
Бұл басылымның алғашқы томы «Ыбырай Алтынсарин: ғұмырнама» деп аталады. Аты айтып тұрғандай, оған ұлы ұстаздың өскен ортасы, ұстаздары, шәкірттері мен ізбасарлары, ағайын-туыстары, қызметтес достары жайындағы зерттеу мақалалар топтастырылған.
Ыбырай Алтынсариннің педагогика саласында қосқан үлесі мен еңбегі орасан зор. Қазақ даласында алғаш мектеп ашып, өзі ашқан сол мектептерде ұстаздық қызмет атқарып, сабақ берді. Ұстаздық қызметтің алғашқы кезінен – ақ өнер – білімнің рөлін жоғары бағалай білді.
Халқының болашағын жаңа үлгідегі мектептермен байланыстырды. Орыс педагогтарының еңбектерін жоғары бағалап, олардың оқу құралдарының құнды жақтарын меңгеріп, соған сәйкестендіріп, қазақ балаларының талғамына, таным-түйсігіне сай оқулық жазды.
Ол тек білім беріп қоймай, заман талабына сай, педагог – ұстаздар даярлауға да ат салысты, мұғалімдерді әдістемелік әдебиеттер мен педагогикалық журналдарды пайдалануға міндеттеді. Мектеп кітапханалары мен мұғалімдерге арнап әдістемелік құралдар, журналдар, оқушылар үшін оқу құралдарын, әдеби кітаптар алдырып тұрды.
«Ыбырай Алтынсарин – педагог, ағартушы» атты екінші томға Ыбырайдың осы ағартушылық, педагогтік қызметіне қатысты зерттеушілер мен ғалымдардың кезеңдік, дәуірлік көзқарастағы әртүрлі әдеби-сын және зерттеу мақалалары енген.
Ыбырай Алтынсарин қазақтың ағартушылық тарихы мен ұлттық мектебінің қалыптасуында терең із қалдырды. Сонымен қатар ол көрнекті ақын әрі жазушы болды. Оның қаламынан бойындағы тамаша талантын танытқан манызы зор көркем шығармалар туды.
Ол өзінің бар куш-қуатын халықты ағарту, жастарды тәрбиелеу қызметіне жұмсады. Ыбырайдың жазушылық қызметінің сол оқу-өнер, білім мәселесімен сабақтастығы анық. Оның ақындық шабытына дем беріп, жазушылық қиялына қанат бітірген зор нысана-қараңғы қазақ халқының көзін ашу, көңілін ояту, оны озық мәдениетті елдердін қатарына қосу болды.
Осы жолда Ыбырай бойындағы бар куш-қуатын, қабілеті мен білімін сарқа жұмсады. Бұл бағытта тың бастамалар жасап, соған бүкіл саналы ғұмырын арнады. Ыбырай халық ағарту ісінде қандай елеулі орын алса, әдебиет пен мәдениетіміздің тарихынан да сондай елеулі орын алады. Ол – қазақтың жазба әдебиеті мен тілінің негізін қалаушылардың бірі. Әдебиетке тың тақырыптар әкеліп, озық ойлар енгізді. Шығармаларын шиеленіскен тартыстар мен соны бейнелер негізінде жаңғыртып, бұрын болмаған жанрлар арқылы әдебиетті мазмұны жағынан ғана емес, түр жағынан да дамытты.
Оның мағынасы терең тағылымды өлеңдері, қысқа да әсерлі әңгімелері төл сөз өнеріміздің тарихында айрықша орын алды. Әсіресе, оның төл туындылары мен аударма шығармаларында балалар әдебиетіне қойылатын негізгі талаптардың барлығы да, атап айтқанда, туындының көлемінің шағындығы, құрылысынын қарапайымдылығы, тілінің таза, түсінікті әрі шұрайлылығы және оқушы ұғымы мен жасына сәйкес көркем әрі қызықты баяндалуы, тағы басқалар анық байқалады. Сайып келгенде, мұның бәрі Ыбырай Алтынсариннің қазақ әдебиеті мен мәдениетінің тарихындағы айрықша орны барын көрсетеді. Ыбырай Алтынсариннің әдеби-педагогикалық мұрасы туралы қаншама дүние жазылса да, аздық етері анық. Олай дейтініміз уақыт озған сайын, замана сазына орай ұлы ағартушы, көрнекті ақын әрі жазушы мұрасына деген ұрпақ көзқарасы да өзгермек. Бұл-өмір талабы әрі бұлтартпас заңдылық. Ыбырай шығармаларының көркемдік, тілдік ерекшеліктері туралы бұрын-соңды жазылып, жарияланған еңбектерді саралап-салмақтау бүгінгі күннің талабы десек болады. Осы жайттарды ескерген кітапты құрастырушы ғалымдар педагог-жазушының тіл-стилі жайында жазылған еңбектерді іріктеп, жинақ көлеміне сәйкестендіріп, жариялаған. Бұл мақалаларымен «Ыбырай Алтынсарин және қазақ жазба әдеби тілі» деп аталатын үшінші кітаптан оқып, таныса аласыздар.
Серікбай ОСПАНҰЛЫ, Көрнекті ақын,
Қостатай қаласының құрметті азаматы