ЫБЫРАЙ ЖӘНЕ ӘКІМШІЛІК РЕФОРМА

Нұрлы таң, 18.01.2018 (№ 53), Б. 10. | ТАРИХ.ТАНЫМ

Ospanov Serikbay

Генерал-губернатор Колпаковский 1887-1888 жылдарға берген есебінде Ақмола, Семей, Жетісу облыстарына орыс шаруаларын қоныстандырып, тілдерін, әдет-ғұрпын және православие дінін ала келгенін, оларды жаңа территорияларға ауыстыру және рубасыларын қайта сайлау – қазақтардың рухани болмы-сына, психологиясына, салт-санасына өзгерістер әкелгенін айтып: «Бұл өзгерістер дала облыстарын басқарудағы 1869 жылғы уақытша жағдайдың әсері деп білемін», – дейді [Қазақстан Орталық Мемлекеттік архиві. 64-қор, 436-іс. 9-10 беттер].

«1869 жылғы уақытша жағдай» деп генерал-губернатор қандай мәселені айтып отыр?

Қазақстан терреториясында жаңа басқару жүйесін енгізіп, отарлық үстемдік ету әдістерін жетілдіруді патшалық Ресей бірнеше кезеңге бөліп жүзеге асырған болатын. Патшалықтың сол мақсаты 1868-1869 жылдардағы қазақ даласын басқаруға қатысты жүзеге асырыла бастаған әкімшілік реформада айқын аңғарылады. Уақытша ереже бойынша жаңа басқару жуйесінің енгізілуі нәтижесінде штат көбейтіліп, барлық отарлық экімшілік құрамы ұлғайтылды. Облыстық, уездік басшылық орындарын шенді орыс офицерлері мен шенеуніктері ғана иеленетін болды. Жергілікті халыққа уезд бастығының кіші көмекшісі мен қазақтарға тек «өзін-өзі басқару» орындарының билігі ғана тиді.

Ресей әкімшілігі реформа арқылы қазақ жерін қазына меншігі деп жариялап, Қа-зақстанды отарлау ісін ашық жүргізе бастады. Үкімет қазақтар мен Ресейдін ішкі губернияларынан қоныс аударған орыс шаруаларын қазақтың қара топырақты шұрайлы жерлеріне орналастырып, жергілікті халықты шөл, шөлейт аймақтарға қарай ығыстырды. Соның салдарынан елде аштық, жалаңаштық белең адды. 1879-1880 жылдары Торғайда жұт болып, халық ашаршылыққа ұрыңды. Ыбырай халықтың ауыр жағдайын көріп, қол кусырып қарап отыра алмай, «Оренбургский листок» газетіне ел басына түскен қасіретті айтып бірнеше мақала жазды. Алайда ешкім қол ұшын созбады. Амалы таусылған ол жергілікгі ақындардың әкімшілік басқару реформаларына қарсылығы көрініс тапқан, сондай-ақ ашаршылықты суреттейтін өлеңдерін жинап, оны «Халықтың поэзиялық шығармасы» деп атап, «Қазақ қасіреті» деген өзінің алғы сөзімен 1882 жылы Әскери губернатордың атына жолдайды.

Ұлы ұстаз ұсынған өлендердің бірі «Қазақтардың зары» деп аталады, авторы көр-сетілмеген. Бұл өлен жайында Ыбырайдың шәкіргі әрі жолын куған әріптесі Ғабдолғали Балғынбаев естелігінде: «Кұдерінің 1879-1880 жылдардағы көк тақыр жұтта (қоян жылғы) торғайлық қазақтардың малдан түгелге жуық айрылып, таяқ ұстап қалғанын баяндайтын «Қазақтардың зары» атты жыры бар еді. Мұнда үйір-үйір жылқысы мен қора-қора қойдан, ірі қара малдан жұрдай болған елдің аянышты халі, жаппай аштыққа ұшыраған халыққа әкім-басшылардың жасаған әділетсіздіктері шебер сипатталады», – дейді.

Қазақ ССР Ғылым Академиясының академигі абайтанушы-ғалым М. С. Сильченко 1957 жылы жарық көрген «Абайдың творчестволық өмірбаяны» кітабында Торғай уезі Бестал (дұрысы – Бестау – СО.) болысында айтылып жүрген ән (өлең – CO.) «заман» стилінде жазылғанын, ақынның жеке қабілет-қарымын трафаретті бейнелеу басым екенін айтып: «Ұлағатқа үндейтін жырлардың түп негізі осы жанрда жазатын ақындардың халықтың патриархалдықрулық қарым-қатынастарын мүлдем қарама-қайнышықта көрсетуіне себеп болды. Бұған мысал «Қазақтың қайғысы» («Горе казахов») әні бола алады, оны жазған торғайлық ақын Күдері Жолдыбаев деп айтып жүр», – дейді. [Қазақ ССР Ғылым Академиясының баспасы. – Алматы -1957. 20 б.].

Автор Күдері ақынның айтпак ойын, мақсат-мұратын заман тынысымен астастыра баяндап, өлеңін қазақ тілінде және орыс тіліне жолма-жол аударьш беріп отырған.

Кітаптың 24 бетінде Күдерінің «Қоян жыл» деп аталатын тағы бір өлеңінен үзінді келтіреді:

«Би менен болыс ауылнайға кінә жоқ,

Айтқаныңды елулікті қылмайды.

Бір тас түссе елуліктің қолына,

Қарамайды істің нашар, зорына.

Жалғыз тастың қызуына мас болып,

Көзіне салмас оңы менен солына».

(Елулік деп автор пятидесятникті – елубасын айтып отыр – CO.).

Осы монографияның 48-бетінде «Мысалы, Күдері Жолдыбаевтың («Қазақтың қайғысы») («Горе казаха») әні халықтың бай мен патша чиновниктеріне деген ашу-ызасына тұнып тұр», – деп автор өлеңінің неден, қалай туғанына тағы да бір тоқталып өтеді.

Ыбырай «Қазақ қасіреті» жазбасын қазақ даласына енгізілген сайлау тәртібіне және елдің 1879-1880 жылдары болған аштықтан кейінгі экономикалық ахуалына жергілікті халық көзқарасы білдірілген өлендердің түпнұсқасы мен аудармасын окушылар назарына шағын алғы сөзбен бірге ұсынып отырғанын айтудан бастап, онсыз қазақ өлендеріндегі жаңа кезең мен жаңа тәртіп жөніндегі қайғы-мұңға толы ой-тұжы-рымдар түсініксіз болып қалатынын баян етеді. Одан әрі Ыбырай қазақ арасында мұндай өлеңдердің жиі ұшырасатынын, солардың ішінен жаңа жағдайға көзқарастарын мейлінше қысқа әрі айқын, ашық білдіретін өлендерді іріктеп, тандап алғанын нақтылай көрсетіп, 1869 жылы қазақ даласына Орынбор қазақтарын басқарудың бұрынғы тәртібін түбегейлі өзгерткен Далалық облыстар жөніндегі жаңа Уақытша Ереже енгізілгенін еске салады: «Сөйтіп, – дейді автор, – бұрынғы Орынбор өлкесі қазақтарына ортақ бір облыстық басқарманың орнына, енді үш – Орал, Торғай және Сырдария облыстық басқармалары құрылды. Орданың Шығыс, Орта және Батыс бөліктеріндегі қазақ хандарының ұрпақтарынан сайланған үш аға сұлтанның орнына жаңадан түзілген облыстардың әрқайсысында кемінде 4-6-дан уезд басшылықтары ұйымдастырылды.

Біз мұнда Уақытша Ереженің барлық баптарын тізбелеп бере алмаймыз, сон-дықтан тек қазақтардың өз өлендері мен ауызекі әңгімелерінде айрықша шағым білдіргендерін ғана көрсетумен шектелеміз. Ең алдымен, әрине, жұт әкелген 1879-1880 жылдар қазақтардың есінде қалды, бұл жұт олардың барлық дерлік малынан айырды, оның іздері әлі күнге дейін Торғай уезінің, әсіресе, Орал облысының Елек және Николаев уездерінің аралығында жер-жерде қаңғып жүрген қазақтардың еңсесін езеді; сондықтан, бұл ауыртпалықтар туралы есіне алмайтын бірде-бір замандас қазақ ақынын кездестіре алмаймыз.

Қазақтың екінші наразылығы – халықтың арасында жүрген ондық және елуліктер     арқылы шенді-шекпенділерді сайлау. Олардың өз сөзімен айтқанда, ашықтан-ашық парақорлық пен болыстағы басты орынға және сый-құрметке ие болуға ұмтылған қазақ билеушілерін ақырғы тұягы қалғанша сайлаушыларға беруге жұмсауға итермелейді, лауазымға ие болғаннан кейін осы шығындарының есесін парамен толтыруға тырысады. Одан бөлек, әр сайлаудың нәтижесі әдетте лауазымдарға үміткерлердің және болысты бірнеше партияға бөліп алған жақтастары арасында бітіспес дұшпандық болады; бишікештер таранынан қысымдар, істі әділетсіз шешу, жәбір көргендердің бітпейтін арыздары және т.б. Ондықтар мен елуліктер жер дауларын шешкенде де қазақтар олардан дәл сондай сұмдықты көреді, олардың алалаушылық шешімі қазақ шаруашылықтарын өмір мен өлім мәселесіне дейін апарады; мұнда да жауласушы тараптардың ықпалы араласады, жасырын саудаласу жүргізіледі, әрине, кедейлердің бұған шамасы жетпейді».

Ыбырай қазақтардың үшінші қасіреті Торғай облысының екі уезін қазақтар ме-кендейтін Орынбор губерниясына қосады екен деген қауесеттен туындаған қауіп екенін ескертіп, қазақтардың бойында қазақтарға қарсы бітпес наразылық қалыптасқанын айтады.

«Қазақ қасіреті» жазбасының соңында «Біз жақында Лютштің «Қырғыз хрестоматиясынан» осы өлендерге ұқсас бон келетін Түркістан өңірі қазақтарының «Зар заман» өлеңін кездестірдік», – деп ескерту беріпті.

Сонау Ташкенде шыққан кітапты Ыбырай бабамыздың тауып окуы таңғаларлық жайт. Бұл оның ізденімпаздығы мен білімдарлығының бір айғағы.

Жоғарыда айтқанымыздай, Ы. Алтынсарин бұл алғы сөз («Қазақ қасіреті») бен Күдері Жолдыбайұлының «Қазақтың зары» («Жалпақ қоян») өлеңін 1882 жыды Торғай облыстық әскери губернаторының атына жібереді. Әскери губернатордың міндетін атқарушы вице-губернатор В. Ильин Ы. Алтынсариннің «Қазақ қасіреті» жазбасы мен өлеңдердің сөзбе-сөз аудармасын алғаннан кейін, 1883 жылы 31 қазанда ішкі істер ми-нистріне: «1868 жылғы Уақытша Ереже негізінде құрылған жергілікті қоғамдық ме-кемелердің жұмысындағы кемшіліктерге халықтың көзкарасының нақ осы өлендерде көрініс табуы назар аудартады. Мен бұл өлендерді аудармасына қоса, сіздің мәртебелі құзырыңызға ұсынуды міндетім деп санаймын» деп мәлімдей отырып, «Уақытша Ереже бойынша қырғыздардың қоғамдық басқару құрылымы туралы» ұсыныстарын жолдайды. (25-қ., 1-т., 2022-іс, 185, 198, 207 пп.)

Сондай-ақ, Ыбырай 1883 жылы 31 қазанда осы өленді алғы сөзімен қосып «Оренбургский листок» газетіне де жібереді [Орталық Ғылыми кітапхана қолжазбалар қоры, 1165 бума]. Қалай екені белгісіз, аударма Орынбордағы П. Распоповтың қолына тиеді. 1880 жылы 7 июньде Мәскеуде А. С. Пушкинге арналған ескерткіштің ашылу салтанатына қазақ елінен өкіл болып қатысып, Мәскеудің дворяндар жиналысы залында «Қазақ хрестоматиясы» жарық көргенін, онда Ы. Алтынсарин Пушкинді қазақ тілінде сөйлеткенін айтқан осы Распопов еді.

С. ОСПАНҰЛЫ, Қостанай мемлекеттік педагогикалық
институтының профессоры.

Біздің мекен жайымыз

110000, Қостанай қаласы,
Тәуелсіздік көшесі 118

  • Тел./факс: +7 (7142) 51-11-57

Біз әлеуметтік желідеміз

Вы здесь: Главная Кітапхана БАҚ-тағы жарияланымдар ЫБЫРАЙ ЖӘНЕ ӘКІМШІЛІК РЕФОРМА