Латын әліпбиі әлемдік кеңістікке жол ашады
Наш Костанай, 2018 год, 22 мая (№ 41), Б. 8. | ҚҰНДЫ БАҒДАРЛАМА
Ол барша жұртшылық тарапынан қолдау тапты
Ұлттық жаңғыру деген ұғымның өзі ұлттық сананың кемелденуін білдіреді. Ол деген сөз – ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту ұлттық болмыстың өзегін сақтай отырып, оның бірқатар сипаттарын өзгерту.
Жаңғыру ұғымының өзі әбден көнерген, жаһандық әлеммен қабыспайтын кейбір дағдылар мен әдеттерден арылу дегенді білдіреді. Ешқашан бұлжымайтын екі ереже- ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды. Және де алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деген мақаласында 2025 жылға дейін латын әліпбиіне толығымен көшетінімізді мәлімдеген болатын. Мемлекет басшысы еліміздің өркендеп-өсуі үшін және қазақ тілінің болашағы мен латын әліпбиіне байланысты бірнеше жобаны ұсынды.
Осыған орай үстіміздегі жылы 20 ақпанда қазақ тілінің латын қарпіне негізделген бірыңғай стандартының жобасы қабылданды. Жаңа әліпбиде дәйекшелер (апострофтар) алынып тасталды. Қазақтың төл әріптерін ерекшелеп көрсету үшін алты әріп (ә, ғ, ң, ө, ү, у ноқаттармен) көрсетілген, екі ш, ч диграф арқылы беру нұсқасы қабылданды.
Заман тәжірибесі көрсеткендей, әлемдік ақпарат кеңістігіне өтудін жолы ретінде латын жазуы кеңінен пайданылады. Қай елдің ғылымы озық технолгиясы жетік болса, сол елдің мемлекеттік тілінің қолдану аясы әлемдік деңгейде болады.Өркениетке қол жеткізген әлем елдерінің 80 пайызы латын тілін қолданады.
Мемлекеттік тілді реформалау, рухани жанғыру бағдарламасы – тарих көшінде маңызды орын алатын үлкен өзгеріс. Сонымен қатар әліпби ауыстыруда саяси, қоғамдық, рухани мән жатыр. Егемендіктің белгісі – тіл, дін, діл, Әнұран, Елтаңба, Ту қалай қасиетті болса, жазу да сошалықты маңызды.
Жазу деген – ол таңба (Елтаңба деген сияқты). «Жазу – әліпби, таңба және емле-ережелерден құралады. Әліпби – тілдің дыбыс құралы, таңба – дыбыстың қауызы, ал емле-ережелер әліпби мен таңбаның ұлттық дәнекерлері», – дейді тіл маманы Әлімхан Жүнісбек.
Сондықтан да латын әліпбиін қабылдау арқылы ұлтымыздың көрінісі тілміздің әлеуеті артып, тіл тазалығы сақталады, 42 әріптің орнына 32 әріп қолданылып, басы артық әріптер саны азаяды.
Орыс жазуының ықпалымен енген кірме әріптер мен емле-ережелер қазақ тілінін ішкі айтылым (орфоэпия) дыбыс тіркес заңдылықтарына кері әсерін тигізді: ый, ій дыбыстарын «й» деп үйретіп жіңішке айтқызып, ми, жи, тиін, немесе аю, қоян деп жазылуы бойынша оқып, өрескел бұзып айту әдетке айналды.
Осы жерде ескеретін нәрсе, орыс тілін бөлектеп қарсы болып отырған мәселе емес, орыс тілінің емле-ережесінің табиғаты бөлек екенін ескеру керек. Елбасымыздың өзі айтқандай «Біз орыс тіліне қарсы емеспіз, біз оның қазақ қауымына қалай ендірілгенін құптамаймыз» дегені талай нәрсені аңғартады.
1940 жылы қазақ жазуы кириллицаға негізделген графикаға көшірілді. Бұл ауыстыру саяси жағдайға байланысты болды. Б. Әбілқасымов пен Ш. Мәжітаева бұның себебін былай түсіндіреді: «1910 жылдардан бастап А. Байтұрсынов араб жазуын қазақ халқының үндестік заңына ыңғайластырып реформалады, оның реформалаған жазуын бірден алу түркі жұрты ең озық жүйе деп таныса да, орыс жазуын бірден алу түркі тілді халықтардың қарсылығын туғызатындығын түсінген орталық уақытша латын жазуын уағыздап, түркі халықтарына алғаш латын жазуын қабылдатты.
1937-38 жылдардағы қуғын-сүргіннен кейін зиялы қауымның көрнекті өкілдері атылып, айдалып кеткен соң, латын жазуынан орыс графикасына көшу идеясы көтеріліп, 1940 жылдан бастап түркі халықтары, оның ішінде, қазақтар да орыс графикасына халықтардың тілегі бойынша деген сылтаумен көшірілді».
Сөйтіп, 42 әріптен тұратын әлемдегі әрпі көп орыс жазуына негізделген қазақ жа-зуы пайда болды.
Осыдан бастап, әріппен сөйлейтін ұрпақ қалыптаса бастады. Тілшілердің таңба басқа, дыбыс басқа болады деген есебі дұрыс болмады. Орыс жазуына негізделген қазақ жазуы қазақ фонетикасына мынадай өрескел қателіктерді әкелді:
- болашақ мұғалімдер қазақ фонетикасын қате теориялық түсінік бойынша оқы-ды;
- дауыссыз и, у дыбыстары біресе дауысты, біресе дауыссыз деген қате тұжырым пайда болды;
- кірме сөздер мен терминдер тіліміздің басты заңы сингармонизмге бағынды-рылмады, таза орыс тілінің дыбыстық заңы бойынша айтылды;
- акцент жоғала бастады;
- жуан және жіңішкелік белгі бойынша сөйлеу қалыптаса бастады, мәселен, Асель, халің қалай? (Әсел, қалың қалай?)
- сөзде екі дауысты дыбыс қатар жазылатын орфограмма енгізілді, мысалы: тиын, қиын, жиын;
- ерін үндестігі есепке алынбады, мектеп бағдарламасына енгізілмеді;
- қазақ тілінде дыбыс «сингема» емес, «фонема» деген тұжырым енгізілді;
- орфографиялық сөздікте фонетикалық ұстаным басты болмады, орфографияда ала-құлалықтар пайда болды;
- сөйлеуде орфоэпиялық норма басты болмай, орфографиялық норма басты болды;
- емлетануда шешілмес қиындықтар пайда болды, т.б..
Бұл жағдайлар соңынан қазақ фонетикасына аса ауыр соққы болып тиіп, соның за-рдабын күні бүгінге дейін тартып келеміз. Сондықтан латын әліпбиіне кешу шұбар тілден арылуға мүмкіндік береді. Тіл тазалығы мәселесі жолға қойылады. Тіліміздегі басы артық дыбыстарды таңбалайтын әріптер қысқарады. Сөздердің дұрыс жазылуын, дыбысталуын реттейміз. Орфографиялық, орфоэпиялық нормалар, тіл табиғаты дұрысталады. Осыған байланысты емле – ережелері де қысқарады.
Қазіргі заманғы технологиялар, коммуникация, ғылыми және білім беру про-цестері латын алфавитіне көшуге қолайлы деуге болады. Қазір бастауыш сыныптардан латын әріптерін үйретіп жатыр.
Елбасы тапсырмасы бойынша осы жылдан бастап жаңа әліпбиді үйрететін ма-мандар, орта мектептерге арналған оқулықтар дайындау ісі қолға алынады.
Латын әліпбиі арқылы әлемдік кеңістікке жол ашылады, жаңа ақпараттар мен технологияларға қол жеткізуге мүмкіндіктер туады. Ғаламтор желісінде ақпарат алу, ғылым, білім саласында мүмкіндіктер артады.
Ғылым мен білімнің барлық саласында, ғаламтор желісінде қазақ тілінің ха-лықаралық дәрежеге шығуына жол ашылады, әлемнің даму көшіне ілесеміз.
Түбі бір түркі әлемімен рухани, мәдени, ғылыми экономикалық қарым-қатынас орнайды, түркі дүниесімен жақындастырады. Саяси маңыздылыгы – кириллицамен сіңіп кірген отарлық санадан арылуға себепкер болады.
Өзге ұлт өкілдері қазақ тілінің төл әріптерін қиын қабылдайды. Қазақ тілі латын әріптерімен жазылса жеңіл, қолданысқа оңай, игеруге ыңғайлы болады. Болашақтың негізі білім ордаларында қалыптасатынын ескерсек, балабақшадан бастап әріп үйрету мектепте жалғасады. Оқу орындарында да оқыту үрдісін жеңілдетеді. Отандық ғылымның жаңа белестерге көтерілуіне, қазақстандық ғалымдардың шетелдік әріптестермен қарым-қатынасын жандандыруға мүмкіндік туады.
Шын мәнінде, бүгінде ғаламтор жүйесінде латын әліпбиі кеңінен тараған. Электрондық поштамыз бен автокөлік нөмірлері де латын әріптерімін берілген. Күнделікті пайдаланып жүрген жеке куәлігіміз де, төл құжатта латын әріптері бар. Тауар маркалары мен еларалық құнды қағаздарда да осы әріптер таңбаланып келді. Ол әріптерді сауаты бар кез-келген адам жеңіл түсіне алады.
Қарлығаш НҰРМҰХАМЕТОВА.
ҚМПИ-ның доценті, филология ғылымдарының кандидаты