Алыстағы ағайындар және Алтынсарин
Qostanaı tańy, 2019 жыл, 18 маусым (№ 70), Б. 5.
Вәлиди Туған 1940 жылы Түркияда түрік тілінде жарық көрген «Түркістан және оның жақын тарихы» кітабында Ыбырай Алтынсариннің 1889 жылдың 20 ақпанында В. В. Катиринскийге жазған хатындағы: «Біздің Бессонов Александр Григорьевич, сірә есінен айрылған болар деймін. Өйтпесе, оның өз оқушыларына істеген сорақылықтарын басқаша түсіне алатын емеспін. Бақсам, ол оқушылар мектебінің 3-ші және 4-кластарында, оқушылардың қарсы болуына қарамастан, бір ай бойы інжіл мен оның парыздарын уағыздай бастапты» деген жолдарды келтіріп, орыстардың бұратана халықтарды оқытудағы саясатының сырын ашып көрсетіп: «Ы. Алтынсарин қазақ халқына ислам қағидаларын үйрету үшін «Мұсылманшылықтың тұтқасы» («Шариат-ул-ислам») атты кітап жазған тұңғыш қазақ. Ол өзінің соңғы демі біткенше мұсылмандыққа берілген қалпынан таймаған жан» ( Вәлиди Ә. Түркістан және оның жақын тарихы. Түркия, 1940. – 276 б.), – деп жазады. Бұл кітаптың бірінші томы 2014 жылы (көлемі 276 б.), екінші томы «Бөгөнгө төркиле Төркөстан һәм яқын тарихы» деген атпен (көлемі 400 б.) Уфада «Китаб» баспасынан 2015 жылы башқұрт тілінде басылып шықты.
Әхметзөки Вәлиди Туған (Әхмәдзәки Әхмәтшаһұлы Валидов) – Башқұртстанда Оралдың оңтүстігіндегі Көзән ауылында 1890 жылы 10 желтоқсанда туған. Ташкенттің Түркістан Орталық съезі Валидиді Түркістан Ұлттық Кеңесінің хатшылығына және «Кенгеш» газетінің бас редакторлығына, 1917 жылы мамырда Мәскеудегі Бүкілресейлік мұсылман съезінде Ресей мұсылмандарының Орталық Кеңесінің мүшесі етіп сайлады. 1925 жылы Түрік Үкіметі Валидиді Анқараға білім Министрлігіне кеңесші лауазымына шақырып, Түрік азаматтылығын алады. 1946 жылы «Түрктің жалпы тарихы бойынша кіріспе», 1940 және 1947 жылы «Бүгінгі Түркістан және өткен тарихы» атты ірі еңбегі басылып шыққан. Философия ғылымдарының докторы, профессор. 1970 жылғы 26 шілдеде қайтыс болды, Стамбулдың Каража-Әхмәт зиратына жерленген.
А. Әбдікәрім (Монғол Халық Республикасы) «Алтынсариннің педагогикалық ілім-дерін МХР қазақ мектептерінде насихаттау барысы» деген мақаласында Монғолияда алғаш қазақтың ұлттық аймағы орнап, ұлттық қазақ мектептер қалыптаса бастаған 1940 жылдары қазақ жастарын білімге, өнерге құштар етіп тәрбиелеу мақсатын айқындауда Ы.Алтынсариннің педагогикалық көзқарастарының игі әсері тигенін, оқу жоспарын, жеке пәндердің бағдарламаларын жасап, соған сәйкес оқулықтар дайындауда да Ы.Алтынсарин ілімдеріне сүйенгендерін айтады. Ұлы ұстаз мұраларының МХР қазақ мектептерінің қалыптасуына үлкен әсер еткенін жан-жақты ашып көрсетіп, қазақ мектебінде оқитын, мектепті бітірген шәкірттердің бәрі Ыбырайды жақсы білетінін, оның «Кел, балалар, оқылық!» өлеңін жатқа айтатынын, Ыбырайдың тәлімдік-тірбиелік мәні зор әңгімелері мен өлеңдерін мектептердегі тәрбие үйірмелерінде және сыныптан тыс жүргізілетін жұмыстарда талқылайтындарын мақтанышпен жеткізеді.
Осы сияқты Қытай Халық республикасында Шәушекте тұратын қазақтар да Ыбырай мен Ахметті жақсы біледі. Оған 2012 жылы Алматының «Мектеп» баспасынан шыққан Г. Дулатованың «Шындық шырағы» кітабындағы 1970 жылдары қазақ Ғылым академиясының Тіл білімі институтында қызмет істеген Балқаш Бафиннің мына сөздері куә: «Біз өзіміз сауатымызды Байтұрсыновтың оқу құралымен ашқанбыз. Қытай қазақтары осы күнге дейін (1979 жылға дейін-С.О.) араб әрпімен жазып оқыды» (Қиысқан Қ. Ыбырай бабамызды түркі дүниесі тану керек / «Қостанай таңы», 22 шілде 2014).
Қазақ елін, тарихын, әдебиеті мен мәдениетін шет елдерге насихаттап, танытып жүрген қандастарымыздың бірі Әбдіуақап Қара. Ол Түркиядағы Мимар Синан көркемөнер университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы, түркітанушы, мұстафатанушы. Ә. Қара 2014 жылы Қостанай облысына келген сапарында Түркияда тұратын шәкірттері РҺD докторлары Жандос Құрманбаев, Ұшқын Сейдрахмандардың Мұстафа Шоқайдың саяси өмірі мен қызметін зерттеп жүргендерін, Ыбырай Алтынсарин жайында 2015 жылы түрік тілінде еңбегі жарық көретінін, еңбекті жаңа мағлұматтармен толықтыра түсу үшін Қостанайдан Ұлы бабамыз туралы тың деректер жинап алып бара жатқанын айтқан еді. Ә. Қараның осы сөздерінен-ақ оның бір мақсат-мүддесі – қазақтың ұлы тұлғаларын түрік дүниесіне таныту екенін, сол жолда ерекше атап айтарлықтай жұмыс тындырып жүргенін аңғарған болатынбыз. Ғалым сөзінде тұрды. 2015 жылы Түркияда Ә. Қараның алғысөзімен Екрем Аянның «Қазақ әдебиетінің тұңғышы Ыбырай Алтынсарин» атты кітабы жарыққа шықты. Екрем Аян 10 қарашада Йсшилисарда туып, сонда орта және жоғары білім алған. 1993 жылы Мугла университетінің өнер және ғылым факультетінде қазіргі түрік диалектілері мен әдебиеті кафедрасына оқуға түсіп, оны 1997 жылы бітіріп шығады.
2003-2004 оқу жылында түрік тілі мен либералистика кафедрасында Түрік әлемі ғылыми-зерттеу институтының Эгей университетінде оқып, 2008 жылы «Ыбырай Алтынсарин әңгімелері және поэзия тілі» деген тақырыпта диссертация қорғайды. РҺD докторы Екрем Аян бұл күнде Мугли Сытки Кочман университеті әдебиет факультетінде қазіргі түрік диалектісі және әдебиет кафедрасының Солтүстік-Батыс (Қыпшақ) бөлімінің бастығы.
Оның 2015 жылы түрік тілді басылымдар баспасынан «Абай Құнанбаев дәуір айнасы» (Абайдың қарасездері туралы), сол жылы Аsmaalti академиялық басылымдар баспасынан ( редакторы Әбдулақап Қара. 1-басылым 327 б.) «Қазақ дастандары» атты кітаптары жарық көрген.
«Қазақ әдебиетінің тұңғышы Ыбырай Алтынсарин» кітабы Ә.Қараның алғысөзімен басталады. Алғысөзде Ұлы ұстаздың қысқаша өмірбаяны беріліп, атқарған қызметі, ғылым-білімге құштар жас Ыбырайдың В.В. Григорьев кітапханасына жиі барып, білімін көтере түскені, Н.И. Ильминский екеуінің арасындағы байланыс жайында сөз болады. Одан әрі Ә. Қара Екрем Аянның кітабы жайында пікір білдіріп: Бұл Түркиядағы Ыбырай Алтынсарин өмірі мен қызметі туралы ауқымды жұмыс екенін, «Қазақ хрестоматиясы» кітабының түрік тіліне тұңғыш аударылып беріліп отырғанын, Е. Аян қазақ тілінде жазылған мәтіннен ауытқымауға, сөздік қорын, дыбысталуын сақтауға тырысқанын айтып, «нәтижесінде 800 бетке жуық жұмыс пайда болды», – дейді.
Алғысөз «Ыбырай Алтынсарин қазақ елінің ғана емес, бүкіл түркі әлеміне ортақ ұлы тұлға» деген пікірмен түйінделеді. Жинақта Ыбырайдын «Әңгімелері мен өлеңдері» делініп, «Қазақ хрестоматиясына» енген шығармалары түгел аударылып берілген. Еңбектің «Қосымшасынан» Ыбырай жазған кейбір хаттардың нұсқаларын, мәтіндерге мысалдар, ұлы ұстаздың отбасымен портреті, шәкірттерімен түскен, сондай-ақ Қостанайдағы Ыбырай Алтынсарин меомориалдық музейі мен кесенесінің, 1879 жылы алғаш Орынборда басылған «Қазақ хрестоматиясы» кітабына енген өлеңдердің түпнұсқаларының суреттерін көруге болады. Кітап шығарудағы басты мақсат – Ыбырай Алтынсаринді түрік дүниесіне таныстыру. Сол мақсат толық орындалған.
Шыңғыс жорығы кезінді Карпат қойнауындағы мадиярлар арасынан пана тапқан құман-қыпшақ жұртының тумасы Мандоки Қоңыр Иштван есімі бүкіл түркі дүниесіне таныс. Ол XIX ғасырдағы Ш. Уәлиханов, Ы. Алтынсарин, Абай сияқты ұлыларды тудырған халықтың қуатты ұлтқа айналып, нығаятынына нақ сенді. «Біз Мажарстан өз тарихымызда ұлттың әдеби тілі дегеніміз азаттықтың ең басты алғышарты екендігін бастан кешірген жұртпыз, ал дәл осы мәселені ХІХ-ХХ ғасырда А. Байтұрсынұлының «Қазақ» газеті бетінде ұран етуі кездейсоқтық емес» дейтін.
Серікбай ОСПАНҰЛЫ, Ө. Сұлтанғазин атындағы
Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетінің профессоры