Бірлігімізді нығайтқан науқан

Qostanaı tańy, 2019 ж., 10 қыркүйек (№ 106), Б. 8.

Аманжол КҮЗЕМБАЙҰЛЫ

Қасиетті Қостанай өңірі ұлы тұлғаларға кенде емес. Тәуелсіздік алғаннан бері есімдері ел есінде ғана қалып, тарих сахнасынан өшіп бара жатқан бабаларымызды қайта тірілтіп келеміз. Қобыланды, Тұрсынбай, Шақшақ Жәнібек, Мендеке, Ыбырай Алтынсарыұлы, Кейкі бастаған даңқты аталарымыз ұлықталып, оларға мүсіндер қойылды, кесенелері бой көтеріп жатыр. Бұл да Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» және «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласына халықтың қосқан зор үлесі деп білеміз.

Ал күні кеше ұлтымыздың мақтанышына айналған қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби мүсінші, Қазақстанның халық суретшісі, ұлттық кәсіби мүсін өнерінің негізін салушы жерлесіміз Хакімжан Наурызбаевқа облыс орталығында ескерткіш орнатылды. Қазақ деген халықтың атын айдай әлемге паш еткен Абай атамыз болса, сол хәкімнің Алматыдағы еңселі ескерткішін жасаған да – Хакімжан ағамыз еді. Шоқан, Жамбыл, Ахмет пен Міржақыптан бастап, арғы-бергі тарихымыздағы 200-ден астам ірі тұлғаларымыздың тас бейнесін халқымен қайта табыстырған өнер саңлағына деген кұр-метіміз арта бермек. Қостанайдың дәл орталығындағы қолөнер иесіне қойылған қола мүсін тұрғындар мен қала қонақтарының, кейінгі ұрпағымыздың тағзым ететін бір орнына айналды.

Жалпы, кез келген қалаға немесе елді мекенге ескерткіш орнату оңай шаруа емес. Оны жасаттыру, қаражаты мен орнатуын айтпағанда, үкіметтік деңгейде құжат ресім-деп, рұқсат алып, оны қоятын орын белгілеу қатарлы күрмеуі қиын жұмыстар болады. Дәл осы Хакімжан Наурызбаев ескерткішін облыс орталығында орнату науқанының алдында ақсақалдар бастап, ел азаматтары бірнеше рет бас қосып, ақылдасқан болатынбыз. Үлкен жауапкершілікке белгілі кәсіпкер Тұрсынбай Сәдуақасов жетекші болып сайланды. Тұрсынбай бауырымыз Алматыға барып, кезінде Хакімжан Наурызбаевпен өнерде де, өмірде де аға-інідей етене араласқан КСРО халық әртісі, қазақ театр және кино өнерінің майталманы Асанәлі Әшімұлымен кездесіп кайтты. Асе-кең «Қостанайда Хакімжан ағама ескерткіш орнатылса, міндетті түрде барып қатысып қайтамын» депті.

Ал бір жағынан Хакімжан ағамыздың шәкірті, белгілі мүсінші Тілеуберді Бинашев ескерткіштің құжаттарын дайындап, елордада министрлікте бекітіп келді. Оның қызы, жас қолөнер шебері Гүлфия Мелдеш бір жарым айда қола мүсіннің әзір болуына еңбек сіңірді. Жер бөліп, құжаттама әзірлеу, мүсіннің ашылу салтанатын ұйымдастыруға мұрындық болған облыс және қала басшылығының еңбегі зор.

Осылайша, халықтың ықыласымен, бірегей мүсін өнері шеберінің туыстарының және ел ақсақалдары, азаматтардың арқасында Қостанай шаһары өзінің 140 жылдық мерейтойын жағымды жаңалықпен қарсы алып отыр. Хакімжан Наурызбаев ескерткішінің тұсаукесер жиынына аймақ әкімі Архимед Мұхамбетов бастап, жергілікті ат арқасында жүрген азаматтар, елі-жұртымен қатар, Алматыдан арнайы қазақ өнерінің саңлағы Асанәлі Әшімұлы келіп, мерейімізді асырып жіберді.

Ал ескерткішті жасату, оны әкелу, салтанатты жиыннан кейінгі ас, қонақтарды күтіп алу қатарлы үлкен науқан бір адамның қолынан келмес еді. Рухани ақыл-кеңес берген ақсақалдармен қатар, қаржылай демеу жасаған азаматтардың аты-жөнін атап өткеніміз артық болмас. Орал Таңжарықов, Қуаныш Омаров, Сәлім Қайыров, Неғмет Қонақов, Сайран Бұқанов, Ұзақбай Ағайдаров, Сәбит Есмұратов, Марат Ыбыраев, Виталий Нерет, Тұрсынбай Сәдуақасов, Эсмаил Солейманидженқанлу, Бақытжан Тілеубаев, Александр Слесарь, Манас Досымов, Болат Қарабаев, Талғат Есжанов, Сырым Дөненбаев, Марат Молдашев, Ахметхан Ержанов, Валерий Вербовой, Құмар Қозыбаев бастаған елімізге, өңірімізге белгілі ел ағалары мен кәсіпкерлерге айтар алғысымыз шексіз! 21 миллион теңге шығынды мойындарына алып, жомарттық жасады.

Тәуелсіздігіміздің баянды, іргеміздің берік болуы – ел бірлігінің, мәрт азаматтардың кез келген шаруаны жұмыла көтеруінің арқасы. Облысымыздағы ақсақал-дар қауымы, ел ағалары мен халықтың атынан үнемі осындай бастамашыл істе бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратын бауырмал, мәрт азаматтардың деніне саулық, отбасына амандық, кәсібіне береке тілейміз!

Аманжол КҮЗЕМБАЙҰЛЫ,
тарих ғылымдарының
докторы, профессор.

Біздің мекен жайымыз

110000, Қостанай қаласы,
Тәуелсіздік көшесі 118

  • Тел./факс: +7 (7142) 51-11-57

Біз әлеуметтік желідеміз

Вы здесь: Главная Кітапхана БАҚ-тағы жарияланымдар Бірлігімізді нығайтқан науқан