Мұхтар Әуезов. «Абай жолы» | Ә. Әлімжанов. «Ұстаздың оралуы»
Биыл 2020 жылы «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында екі автордың шығармалары таңдалды:
Мұхтар Әуезов. «Абай жолы» – ғасырлық туынды. Төрт томды эпопеялық көлемді роман қазақ қоғамының ғасырлық, әлеуметтік, тұрмыстық, отбасылық ғұмырын мейлінше дәл, айқын бейнелейді. Мұхтар Әуезов Абайдың жеке басына түскен қиындықтан, жеке бас трагедиясынан халық трагедиясын көре білді. Данышпан Абайдың бала, жас Абайдан хәкім, дана Абайға дейінгі өмір кезеңін қамтитын бұл шығарманың қазақ әдебиетінде алар маңызы зор. «Абай жолында» қазақ қоғамының алуан түрлі топтары кең қамтылып, сан қырлы көрініс тапқан.
Ә. Әлімжанов. «Ұстаздың оралуы» романында Ә. Әлімжанов сонау X ғасырда өмір кешкен кемеңгер жерлес ғалымымыз, кезінде «Шығыстың екінші ұстазы» атанған Әбунасыр әл-Фарабидің ғибратты өмірін сөз етеді. Адамдықтың, жақсылықтың мәңгілік жауы – надандық тұманын сейілту үшін, жамағатшылыққа ең адал, таза даму, көркею жолын іздеп, ақиқатпен, біліммен қаруландыру үшін өмір бойы еңбектенген, өз басының тыныштығы мен бақытын осы мақсатта құрбан еткен, ғажайып ғалым әл-Фарабидің өшпес өнегесін айту әрі ауыр, әрі құрметті міндет еді. Бір халықтың емес, барша халықтың алдына білім шырағын жаққан, артына таусылмас мол рухани байлық қалдырған әл-Фарабидің жарқын тұлғасы романда үлгі аларлық болып шыққан. «Ұстаздың оралуы» романанда керемет бір идея бар. Ол - әл Фарабидің араб жұртына тек үйрену үшін емес, түркі әлемін, қыпшақ өркениетін таныту үшін жол тартқаны.