ҚМПИ дипломымен - жарқын болашаққа!
- Подробности
- Опубликовано: 17 мая 2013
2013 жылдың 17 мамырында Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының мәжіліс залында түлектерді жұмысқа бөлу рәсімі өткізілді.
Мемлекеттік грант негізінде және ауылдық квота бойынша білім алушы түлектерді жұмыс орындарына бөлу - міндетті іс-шаралардың бірі.
Мемлекеттік грант негізінде білім алушы түлектер жұмыспен қамтылып, мамандықтары бойынша 3 жыл қызмет атқарулары тиіс.
Ауылдық квота бойынша білім алушы түлектер және ҚР заңнамасында көзделген жұмысты өтеу міндеттемесі орындалмаған жағдайдағы артылатын жауапкершілік пен ҚР Үкіметінің 30.03.2012 жылғы № 390 каулысында бекітілген «ауыл (село) жастары арасынан шыққан азаматтарға берілетін квота шегінде оқуға түскен білім беру гранты иегерлері жоғары оқу орнын (бұдан әрі – ЖОО) аяқтағаннан кейін кемінде үш жыл ауылда (селода), кентте, ауылдық (селолық) округте (бұдан әрі – ауылдық жер) орналасқан тиісінше мемлекеттік білім беру ұйымдарында жұмысын өтеу» міндеттемесіне сай 3 жыл ауылдық жерде жұмыс атқарулары тиіс.Түлектерді жұмысқа бөлу рәсімі екі кезеңде өтті: түске дейін «Жаратылыстану-математика», «Психология және педагогика», «Шетел тілдері», «Денешынықтыру, спорт және туризм» факульттерінің түлектері, түскі үзілістен кейін қалалық және облыстық білім бөлімдерінен түскен өтініш пен сұраныс хаттарына ие «Тарих және өнер», «Филология факультетінің» студенттері жұмыс орындарына бөлінді.
Түлектерді жұмысқа бөлу рәсіміне Қостанай қаласы мен Қостанай облысының білім басқармаларының өкілдері, ҚМПИ академиялық сұрақтар жөніндегі Департаментінің бастығы, институт декандары да қатысты. Студент жастар институтымыздың оқу және әдістемелік жұмыстар жөніндегі проректоры, з.ғ.к., қауымдастырылған профессор Төлеген Мұхтар Әділбекұлына, тәжірибе және жұмыспен қамту бөлімінің бастығы Данильченко Галина Ивановнаға өздерін толғандырып жүрген сауалдарын қойып, қанағаттанарлық жауап алды.
Ауылдық квота негізінде білім алушы түлектері үшін аталмыш іс-шара әлі жалғасын табады, оларды жұмысқа бөлудің соңғы бақылау құқығын ҚР Білім және ғылым министрлігінің қарамағындағы "Қаржы орталығы" АҚ жүзеге асырады.
Жыл сайынғы тәжірибе көрсетіп отырғандай, «Бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі» және студенттерді жұмысқа бөлу іс-шараларының нәтижелері бойынша институт түлектерінің 90%-ы жұмыспен қамтылып, егеменді еліміз - Қазақстан Республикасының қарқынды дамуы мен көркеюіне өздерінің зор үлестерін қосуға деген арман-талаптарына қанат бітіреді.