Заманауи шағын комплектілі бастауыш мектеп проблемалары
- Подробности
- Опубликовано: 31 марта 2015
Шағын комплектілі мектептерді дамыту мәселелері Қазақстан Республикасындағы білім беру жүйесін жаңғыртудың өзекті проблемалары болып табылады. Бүгінде шағын комплектілі мектеп жұмыстарын жетілдірудің басты бағыты – мұғалімдердің теориялық және әдістемелік деңгейін арттыру. 2015 жылғы 31 наурызда Затобол ауылында өткен «Мұғалімнің әдістемелік құзыреттілігі шағын комплектілі бастауыш мектепте оқыту сапасын арттыру шарты ретінде» облыстық ғылыми-практикалық семинары осы проблемаларды талқылау мен оны шешудің практикалық жолдарын іздестіруге арналды. Ынтымақтастық туралы ұзақмерзімді үшжақты келісімшарттың әрекет етуі шегінде семинарды Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының мектепке дейінгі, бастауыш және арнайы білім кафедрасы «Қостанай аудандық әкімдігінің білім бөлімімен» және Қостанай облысы әкімдігі білім басқармасының «Қостанай дарыны» аймақтық ғылыми-практикалық орталығымен бірлесіп өткізді.
Семинарда ҚМПИ мектепке дейінгі, бастауыш және арнайы білім кафедрасының доценті, педагогика ғылымдарының кандидаты Т.Н.Олейникова «Білім берудегі құзыреттілік тәсіл», Қостанай облысы әкімдігі білім басқармасының шағын комплектілі мектептерді дамыту бөлімінің аға әдіскері С.О.Ержанова «Шағын комплектілі бастауыш мектептегі әдістемелік жұмыстардың ерекшеліктері», ҚМПИ мектепке дейінгі, бастауыш және арнайы білім кафедрасының оқытушысы А.Б.Саламатова «Мүмкіндігі шектеулі балаларды оқытудың психологиялық ерекшеліктері» тақырыптарында баяндама оқыды.
Ал Александровский ОМ бастауыш мектеп мұғалімі Г.Л.Айтжанова (2 сыныпта дүниетану бойынша бейне сабақ), Майкөл ОМ бастауыш сынып мұғалімі С.И.Балтабаева (біріктірілген сыныптардағы орыс тілі бойынша панорамалық сабақ), Майкөл ОМ бастауыш сынып мұғалімі К.С.Жүнісова (математикадан панорамалық сабақ) шағын комплектілі бастауыш мектептердегі оқушыларды оқыту мен тәрбиелеу тәжірибелеріндегі кәсіби-шығармашылық жетістіктерімен бөлісті. Семинар жұмысына ҚМПИ мектепке дейінгі, бастауыш және арнайы білім кафедрасының доценті, аға оқытушы Г.В.Шевченко, аға оқытушы Б.Х.Мукалиева, аға оқытушы И.П.Борщевская, «Қостанай дарыны» аймақтық ғылыми-практикалық орталығының әдіскері В.С.Рассохина қатысты. Ғылыми-әдістемелік семинарға қатысушылар облыстық шағын комплектілі мектептерді дамыту проблемалары жайлы пікір алмасып, әріптестеріне мектептеріндегі педагогтердің жетістіктері мен қазіргі таңда қазақстандық орта білімді жаңғырту аясында шағын комплектілі бастауыш мектеп міндеттері туралы әңгімеледі. Семинар жұмысының қорытындысы бойынша әдістемелік ұсынымдар әзірленді.