«Өндірістік практика – құзіреттілікті арттыру негізі»
- Подробности
- Опубликовано: 29 марта 2018
2018 жылдың 29 наурыз күні Филология факультеті Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасы 5В011700 «Қазақ тілі мен әдебиеті», 5В012100 «Қазақ тілінде оқытпайтын мектептердегі қазақ тілі мен әдебиеті» мамандықтары 4 курс студенттерінің өндірістік практикасы бойынша «Өндірістік практика – құзіреттілікті арттыру негізі» тақырыбындағы қорытынды конференциясын өткізді.
Конференцияның басты мақсаты студенттердің өндірістік (педагогикалық) практикасының нәтижесін қорытындылау, оның ұйымдастырылу және өткізілу сапасын анықтау, машықтану барысындағы қиындықтарды шешудің жолдарын қарастыру.
Қостанай қаласының М.Хакімжанова атындағы №20, Ғ.Қайырбеков атындағы №9, Б.Момышұлы атындағы №5, №17, №115 орта мектептерінен, Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернаты мен С.Мәуленов атындағы гимназияда, Қостанай гуманитарлық колледжінде машықтанған студенттер кәсіби іс-тәжірибе нәтижесін әдістемелік, тәрбиелік бағыттарға сәйкес талқылап, практиканың өтілу барысы жөнінде ой бөлісіп, практика сапасын арттыру жөніндегі өз ұсыныстары мен пікірлерін ортаға салды. Оқытудың жаңашыл әдіс-тәсілдерін қолдану тәжірибелерімен өтілген сабақтардың, тәрбиелік іс-шаралардың видео нұсқаларын, фото суреттерін көрсете отырып таныстырды.
Сондай-ақ өндірістік практика есептік құжаттарының көрмесі дайындалып, 3 курс студенттерінің назарына ұсынылды.
Конференцияға қатысқан мектеп мұғалімдері А.А.Альдикенова, Ж.А.Ілиясова, М.Н.Искендирова студенттердің машықтану барысындағы жеткен жетістіктерін айтып, мектеп тарапынан берілген алғыс хаттарды табыс етті.