Бейімбет Майлиннің 125 жылдығына арналған «Бейімбет мұрасы – дәуір шежіресі» атты көркемсөз шеберлерінің байқауы
- Подробности
- Опубликовано: 04 декабря 2019
Халқымыздың Тәуелсіздікке жету жолында құрбан болған батырларымызды, шешен жырауларымызды, қоғам қайраткерлерін, өз заманының шындығын шынайы суреттеген ақын-жазушыларымыздың мұраларын қастерлеу – біздің перзенттік парызымыз. Солардың бірі қазақ әдебиетінің арғы-бергі тарихындағы ең көрнекті, таңдаулы сөз зергері – Бейімбет Жармағанбетұлы Майлин.
2019 жылдың 4 желтоқсан күні филология департаментінің «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының апталығы аясында Бейімбет Майлиннің 125 жылдығына арналған «Бейімбет мұрасы – дәуір шежіресі» атты көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы өтті. Байқаудың мақсаты:мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, тіл мәдениетін көтеру, көркем әдебиетті насихаттауды жандандыру, ұлтымыздың көрнекті қайраткерінің өмірі мен шығармашылығын, әдебиетімізге сіңірген еңбегін жастардың санасына сіңіру. Үміткерлерге Б.Майлин шығармашылығынан мәнерлеп өлең оқу, прозалық және драмалық шығармалардан сахналық қойылым қою міндеттелді. «Поэзия» номинациясы бойынша үздік 10 студент іріктеліп шығып, «Сахналық қойылым» номинациясы бойынша әр курс өнерлерін паш етті. Жазушының шығармашылығынан «Талақ», «Шұғаның белгісі», «Күлпәш» атты қойылымдарын көрерменге ұсынды. Бұл студенттердің көркемсөз оқу шеберлігіне деген қызығушылығын байқатады.
Сахналық қойылымда 1-курс студенттері 3-орынға, 2-курс студенттері 1-орынға ие болса, 3-курс студенттері жүлделі 2-орынды қанжығаларына байлады. Көркем сөз оқуда 1-орынды Қасымова Асемгүл иеленді. 2-орынға Сабыржан Нұрсұлтан мен Кенжебай Лаура жайғасса, 3-орын 1-курс студенті Бекетаева Амина және 2-курс студенттері Шайхығали Талғат пен Сәлембек Кенжегүлге бұйырды.
Өмірінде өшпес із қалдырған әйгілі жазушы Бейімбет Майлиннің қаламынан қалқып шыққан құнды дүниелер бүгінде әдебиет пен тарих беттерінде сақталмақ.