Мектеп пен ЖОО байланысы
- Подробности
- Опубликовано: 18 марта 2019
Мектеп пен ЖОО-ның байланысын дамытудың бір жолы студенттердің педагогикалық практикасы болып табылады. Педагогика кафедрасы бекіткен өндірістік тәжірибесіне арналған бағдарламада сынақтық ашық тәрбиелік іс-шара өткізу тапсырмасы берілген болатын. Педагогика кафедрасының оқытушысы, гуманитарлық ғылымдар магистрі Ермаганбетова Акбота Жаналыковна қаламыздағы физика-математикалық бағыттағы «Назарбаев зияткерлік мектебі» ДББҰ-дағы тәжірибеден өтіп жатқан болашақ педагогтардың сынақтық кураторлық сағатына қатысты.
7 «А» сынып оқушыларына топ кураторы Қазман Ратбек Қажыханұлымен бірге «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының 4-курс студенті Жақсылықова Сара оқушылардың зияткерлік деңгейін арттыру мен өз уақыттарын дұрыс ұйымдастыруға үйрету мақсатында «Демалудың дұрыс әдіс-тәсілдері» тақырыбында кураторлық сабақ ұйымдастырды.
Сабақ топтық және жұптық жұмысқа негізделді. Топтық жұмыста оқушылар өмірмен байланысты мәтіндерді талқылап, табысқа жетудің ережелерін анықтаса, жұптық жұмыста бейнероликті көру арқылы Эйзенхауэр матрицасының тапсырмасы бойынша келесі аптадағы өз істерімен кестені толықтырды. Сабақ соңында «Менің жетістіктерімнің сағаты» тақырыбында рефлексия жүргізді. Кураторлық сағат жоғары дәрежеде ұйымдастырылды. Назарбаев зияткерлік мектебінен тәжірибеден өтіп жатқан болашақ педагогтар мол тәжірибе жинақтағанына сенімдіміз.
Бұдан өзге, Ақбота Жаңалыққызы өзіне бекітілген басқа да қала мектептеріндегі тәрбие сағаттарына, атап айтсақ №115, № 11 орта мектепте «Дарынды балаларға арналған БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ лицей-интернаты» КММ-де тәжірибеден өтіп жатқан студенттердің тәрбие сағаттарына қатысты.