Академикке арналды

Тарихшы Манаш Қозыбаевтың туғанына биыл 85 жыл толып отыр. Еліміздің тарихын зерттеуде зор еңбек сіңірген ғұлама ғалымның мерейтойын жоғары деңгейде атап өту үшін 2016 жылдың 16 қарашасы күні Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының бір топ ұстаздары ғалым дүниеге келген Меңдіқара ауданына арнайы сапармен барды. Мерейтойлық іс-шараның бастауы алдымен Красная Пресня ауылындағы Қозыбай ұрпақтары жерленген зиратқа құран бағыштаудан басталып, одан әрі Краснопреснен орта мектебінде жергілікті тұрғындардың, мұғалімдер мен оқушылардың қатысуымен өткен тарихи тағылымы мол кешпен жалғасын тапты. Кеш соңы ғылыми конференциямен аяқталды.
Топты бастап барған тарих ғылымдарының докторы, профессор Аманжол Күзембайұлы конференция барысында тарихшы-ғалымның өскен жері, оқытушылық қызметінің бастау алуы және ғылыми мұрасының келер ұрпаққа берер пайдасы жөнінде баяндады. Манаш Қабашұлының ақындық қырын белгілі ақын Серікбай Оспанұлы қызықты етіп айтты. Өз кезегінде сөз алған тарихшылар Өтеген Ихсанұлы Исенов, Рауан Жомартұлы Байдалы тарихшының еңбектерінде тархандар институтының көрініс табуы және қоғам қайраткерлігі туралы баяндамаларын оқыды.

Кешке келген ғалымның қарындасы, қарт ұстаз, сол ауылдың тұрғыны Сәулеш Қабашқызы аталған іс-шараның жастарға берер тәрбиесі мол екенін айтып, арнайы ұйымдастыра келген бір топ ұстаздарға және мектеп әкімшілігіне өз ризашылығын білдірді.

Біздің мекен жайымыз

110000, Қостанай қаласы,
Тәуелсіздік көшесі 118

  • Тел./факс: +7 (7142) 51-11-57

Біз әлеуметтік желідеміз