«Заманауи білім берудің басым бағыттарының бірі – көпмәдениетті тұлғаны тәрбиелеу» онлайн-конференциясы
- Подробности
- Опубликовано: 31 января 2017
2017 жылғы 31 қаңтарда ҚМПИ Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының доценті, PhD докторы Махаббат Маликовна Козыбаева «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамының филиалы Қостанай облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты» базасында өткен халықаралық практикалық «Заманауи білім берудің басым бағыттарының бірі – көпмәдениетті тұлғаны тәрбиелеу» онлайн-конференциясына қатысты. Онлайн-конференцияның мақсаты: көпмәдениетті білім жағдайында білім сапасын қамтамасыз ету бойынша үздік педагогикалық идеялар мен озық педагогикалық тәжірибелерді, педагогикалық қызметкерлердің кәсіби шеберліктерін насихаттау. Онлайн-конференцияға «Өрлеу» біліктілікті артыру ұлттық орталығы» АҚ филиалының оқытушылары, білім басқармасы қызметкерлері, ғылыми қызметкерлер, білім беру ұйымдарының педагогикалық қызметкерлері қатысты. Сонымен қатар шетелден Ресей Федерациясының Ғылыми-зерттеу институты (Мәскеу, Челябі, Архангельск), Қырғыз Республикасы, ДХР (Донецк Халық Республикасы) жоо оқытушылары мен біліктілікті арттыру орталығының қызметкерлері де қатысты.
ҚМПИ Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының доценті, PhD докторы Махаббат Маликовна Козыбаева «Қазақстан халқы Ассамблеясының білім беру жүйесіндегі басты міндеті – этномәдени толеранттылықты қалыптастыру» тақырыбында баяндама оқып, кафедра қызметін мысалға ала отырып, білім саласындағы отандық этносаясаттың негізгі мақсаттарын ерекше атап өтті.
Баяндама барысында 2016 жылы қыркүйек айында құрылған ҚМПИ кафедрасының рөлі айрықша аталып өтті. Кафедра мақсаты – студент жастарды толеранттылық, патриоттық, қазақстандық сәйкестік рухында тәрбиелеу, сонымен қатар қоғамдағы этносаралық және конфессияаралық келісім мен тұрақтылықты сақтау аясында мемлекеттік ұлттық саясатты жүзеге асырудағы Қазақстан халқы ассамблеясының қызметін насихаттау. 2016 жылғы 21 қазанда Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай кафедраның салтанатты түрде ашылуы өтті және ҚМПИ мен Қазақстан халқы ассамблеясы өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Қазақстан халқы ассамблеясы кафедрасының жұмысы оқу-әдістемелік, ғылыми-зерттеу және тәрбие бағыттарына негізделген.
Қазақстан халқы ассамблеясы көпмәдени білім мен мәдениаралық қарым-қатынасты дамыту, педагогтер мен білім алушыларды ұлтаралық келісімде тәрбиелеуге ерекше көңіл бөледі. Қазіргі уақытта Қазақстан халқы ассамблеясы жұмысын ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету, оның ішінде «Мәңгілік ел» гуманистік тұжырымдамасын әзірлеу жұмыстары белсене жүргізілуде.
Жалпы алғанда, онлайн конференция жұмысы екі бағытта жүргізілді: көпмәдени білім беру үдерісі жағдайында креативті тұлғаны тәрбиелеу және мектеп оқушыларының көпэтностық мәдениетін дамытудың инновациялық технологиялары. Баяндамалар қызу талқыланып, нәтижелері шығарылды және одан әрі өзара ынтымақтастықтың басымдылықтары айқындалып, конференция материалдары жинағын жариялау жоспарланды.