1 наурыз – Алғыс айту күні, Рухани жаңғыру бағдарламасы және Астананың 20 жылдығы мерекесіне арналған интеллектуалды ойын
- Подробности
- Опубликовано: 01 марта 2018
2018 жылдың 1 наурызы күні Қазақстан тарихы кафедрасының апталығы аясында қалалық мектеп оқушыларының интеллектуалды ойыны өткізілді. Сайыс 1 наурыз – Алғыс айту күні, Рухани жаңғыру бағдарламасы және Астананың 20 жылдығы мерекесіне арналды. Аталған сайысты кафедра оқытушылары Елкей Н.Н., Дастан Мұратұлы ұйымдастырды.
Интеллектуалды ойынды тамашалауға оқу-әдістемелік бөлімінен маман-әдіскерлер шақырылды. Ойынға үш топ қатысты – «Алғырлар» №15 орта мектебінен, «Достық» №115 орта мектебінен, «Алтын қанат – Ақ Орда» №17 орта мектебінен.
Ойын қатысушыларды карсы алудан басталып, әділ-қазылар мүшелерімен таныстырумен жалғасты. Оның құрамына Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі – т.ғ.к., профессор М.Ж. Бекмагамбетова, т.ғ.к., доцент Ө.И. Исенов және жас тарихшы ғалым педагогика ғылымының магистрі Д.Е. Абенов кірді.
Содан соң, интеллектуалды ойынның ұйымдастырушылары дайындаған, Алғыс айту күнінің тарихи маңызы және 1930-1940 жылдардағы бүтін халықтардың Қазақстанға жер аударылуы туралы бейнебаян көрсетілді.
Интеллектуалды ойын 4 айналымнан тұрды. Бірінші айналым өз-өзін таныстыру, екінші айналым – викториналық сұрақтар, үшінші айналым – «Алтын сандық», төртінші айналым – видеороликтерді қорғау болды.
Бірінші айналым еркін түрде өткізілген болса, екінші айналымда әр топқа Астана қаласының тарихы мен көрікті орындары туралы бірнеше сұрақ қойылды. «Алтын сандық» сайысында қатысушылар берілген мақалдардағы жетіспеген сөзді анықтап, оны орыс және ағылшын тілдеріне аударуға тиіс еді. Соңғы айналым барысында әр топтың өкілі берілген тақырып бойынша алдын ала дайындаған бейнебаянын қорғады.
Ойын қорытындысында әділ-қазылардың шешімімен І орынға №17 орта мектебінен мм тобы, ІІ орынға №115 орта мектебінен «Достық» тобы және ІІІ орынға №15 орта мектебінен «Алғырлар» тобы қол жеткізді. Жеңімпаз топтарға І, ІІ, ІІІ дәрежелі марапаттаулар, т.ғ.д., профессор А. Күзембайұлы және Е.А. Әбіл жазған «Қазақстан тарихы» оқулығы, сонымен қатар, басқа да арнайы сыйлықтар табысталды.