Төл тарихын білмеу – адами қасиеттің жойылуына әкеледі
- Подробности
- Опубликовано: 23 ноября 2018
Ел басының «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласы жарық көрген сәттен бастап Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетінің қоғамдық пәндер, құқық және экономика негіздері кафедрасының профессор- оқытушылар қауымы мақалада көтерілген өзекті мәселелер мен міндеттерді студент жастар арасында талқылап түсіндіруге бағытталған біршама іс-шараларды жүзеге асыруда. Президенттің мақаласын талқылауға арналған шараға әлеуметтік-гуманитарлық, жаратылыстану – математика және педагогика-психология факультеттерінің студенттері қатысты. Кездесу барысында оқытушылармен қатар аталған факультеттердің студенттері де өте жоғары белсенділіктер танытты.
Кездесуде Н.А.Назарбаевтың мақаласының өзектілігі, оның «Рухани жаңғыру» мақаласымен жалғастылығы, дер кезінде көтерілген мәселелердің маңыздылығы, алда тұрған мідеттер жан-жақты талқыланды. Шындығында тарихымызды түгендеуге қажетті дүниелерді тануға, табуға, түбегейлі зерттеуге мейлінше мән берілген. Елімізде енді ұлтымыздың болмысын, дәстүрін, ділі мен тілін, тарихтағы тұлғаларымыздың жүріп өткен жолын терең де жан-жақты зерттеуге, нақты деректер табуға жол ашылды. Әлем өркениетіне Ұлы Даланың қосқан үлесі, жаһандық тарихтағы орны жаңаша бағалану мүмкіндігіне ие болды. Оған дәлел ретінде Президент Н.А.Назарбаевтың: «Бүгінде төл тарихымызға оң көзқарас керек. Бірақ қандай да бір тарихи оқиғаны таңдамалы және конъюнктуралық тұрғыдан ғана сипаттаумен шектелуге болмайды. Ақ пен қара – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Бұлар өзара бірлескенде жеке адамдардың да, тұтас халықтардың да өміріне қайталанбас реңк береді. Біздің тарихымызда қасіретті сәттер мен қайғылы оқиғалар, сұрапыл соғыстар мен қақтығыстар, әлеуметтік тұрғыдан қауіпті сынақтар мен саяси қуғын-сүргіндер аз болмады. Мұны ұмытуға хақымыз жоқ. Көпқырлы әрі ауқымды тарихымызды дұрыс түсініп, қабылдай білуіміз керек. Біз басқа халықтардың рөлін төмендетіп, өзіміздің ұлылығымызды көрсетейін деп отырғанымыз жоқ. Ең бастысы, біз нақты ғылыми деректерге сүйене отырып, жаһандық тарихтағы өз рөлімізді байыппен әрі дұрыс пайымдауға тиіспіз» - деген пікірі алға тартылды. Төл тарихын білмеу – адами қасиеттің жойылуына әкеледі. Өткенді білмей қазіргіні де, болашақты да бағалай алмайтынымызға баса назар аударылды.
Ұлы Даланың тарихи тұлғалары тек елімізде ғана емес әлем деңгейінде еліктеуге тұратын ұлы тұлғалар. Ұлы Далада ғасырлар бойы қалыптасқан мәдени мұраны ашу, әлемге оның маңызын паш ету біздің алдымызда тұрған зор міндет.
А.Б. Амантаева