«Латын графикасындағы қазақ тілі емлесін оқыту әдістемесі» пәнінен ашық сабақ өтті
- Подробности
- Опубликовано: 06 декабря 2019
2019 жылы 6 желтоқсанда филология департаменті қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерін даярлау білім бағдарламасының «Тіл мен әдебиет – рухани мұра» атты әдістемелік апталығының аясында аға оқытушы, гуманитарлық ғылымдар магистрі Сейсембай Талғат Тұрарбекұлы «Латын графикасындағы қазақ тілі емлесін оқыту әдістемесі» пәні бойынша қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының 4 курс студенттеріне «Шеттілдік сөздердің орфоэпиясы мен орфографиясы» тақырыбында ашық семинар сабағын өткізді.
Сабақ мақсаты – студенттерге жаңа әліпбиге негізделген емле ережесіндегі шеттілдік сөздердің орфоэпиясы мен орфографиясын меңгерту, жазылым, коммуникативтік, тілдік дағдыларын жетілдіру.
Сабақ барысында студенттер топтық, жұптық, жеке жұмыс түрлерімен тақырыпты ғылыми тұрғыдан терең талдады. Оқытушы семинар тақырыбын талдауда диалогтік оқыту, сын тұрғысынан ойлау, ақпараттық-коммуникациялық технология сияқты оқытудың белсенді әрі тиімді әдістерін ұтымды қолданды. Студенттердің шеттілдік сөздердің жазылуы, айтылуы бойынша тапсырмаларды орындауында бүгінгі күнмен, өмірмен байланыстыру да назарға алынды.
Сабақ нәтижесінде кері байланыс жасалып, студенттер өздерінің тақырыпты меңгеру деңгейлеріне әртүрлі тәсілдер арқылы өзіндік баға берді.
Сабақ қатысушы оқытушылар тарапынан ғылыми, әдістемелік тұрғыдан жоғары деңгейде өтті деген қорытынды жасалып, Талғат Тұрарбекұлына сабағын жас мамандарға үлгі ретінде көрсетсе деген ұсыныс айтылды.