Біздің жоғары оқу орнында қазақ жазушысы, қоғам қайраткері, аудармашы, педагог Спандияр Көбеевтің атаулы аудиториясы ашылды
- Подробности
- Опубликовано: 02 ноября 2018
2018 жылғы 2 қарашада Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетінде психология-педагогика факультеті ұжымының ұйымдастырылуымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қазақ жазушысы, қоғам қайраткері, аудармашы, педагог Спандияр Көбеевтің туғанына 140 жыл толуына орай атаулы аудитория ашылды.
Ыбырай Алтынсарин ашқан қазақ-орыс мектебінде сауат ашып, ұлт ұстазының ізін қуып, жолын жалғастырған Спандияр Көбеевтің бастауыш сынып балаларына арналған «Үлгілі тәржіма», «Үлгілі бала» оқулықтары мен қазақ даласындағы алғашқы романдардың бірі «Қалың мал», одан кейінгі «Орындалған арман» ғұмырнамалық еңбегін білмейтін жан кемде-кем. Ол өзінің «Оқытушының беделді болуының маңызы», «Балаларды мәдениеттілікке тәрбиелеу», «Балаларды оқуға ынталандыру туралы» ғылыми мақалаларында педагогикалық көзқарасын, ұстанымын танытты.Оқу-ағарту саласындағы ұзақ жылғы еңбегі үшін екі мәрте Ленин орденімен марапатталып, «Қазақ КСР-не еңбек сіңірген мүғалім» атағын алған әрі Жоғарғы Кеңес депутаты болған тұлға қандай құрметке де лайық.
Аудиторияның ашылу салтанатына университет оқытушылары мен студенттері, есімі елге белгілі ұстаздар мен ғалымдар, Спандияр Көбеевтің көзін көрген, алдынан тәлім алған шәкірттері, білім саласының ардагерлері қатысты. Аудитория лентасын ҚМПУ ректоры, профессор Еркін Әбіл мен Спандияр Көбеевтің немересі Мағыш Ғаріпқызы қиды. Бір айта кетерлігі, дәрісхананың ұлағатты ұстаз есімі таңбаланған маңдайша жазуынан бастап, қабырғаға ілінген өмірбаяны, еңбектері түгелдей латын әріпінде басылды. Сонымен қатар іс-шараға Ы.Алтынсарин атындағы музей қызметкерлері және өзіміздің электронды кітапхана қызметкелерімен бірлесе көрме ұйымдастырылды.
Салтанатты іс-шарада Спандияр Көбеевтің немересі Мағыш Ғаріпқызы:
«Атамның соңынан үш мың шәкірт оқыды. Сол үш мың адам қаншама ұрпаққа тәлім берді. Мен есбілгелі атаммен бірге тұрдым. Ол кісі өле-өлгенше маған оқудың керек екендігін ұқтырып кеткен адам. Жалпы, біздің Көбей, Тебей, Сәрсен аталарымыздың тұқымында оқымаған адам жоқ. Әулетімізде бір бала жеті жасқа толысымен, атам ол баланың оқусыз қалмау керектігін ескертіп, өзі қадағалап жүретін. Спандияр атам белгілі академик Манаш Қозыбаев пен өзінің ұлы Шәмелді Алматыға оқуға ертіп барған. Содан кейін осындай үлкен тұлғаның атына қалай кір келтірсін. Өз басым өткенін ұлықтап, тұлғаларына мейлінше құрмет көрсетіп отырған университет басшылығына, ұжымына айтар алғысым зор. Ал атайдың дәрісханасынан тәрбие-білім алған шәкірт озат жүруге тиіс», — деді.
Аудитория ашылуына тарих ғылымының докторы, профессор Аманжол Күзембайұлы, белгілі ақын, ғалымдар Ақылбек Шаяхмет және Серікбай Оспанұлы және т.б. қатысып өздерінің пікірлерімен бөлісті.