«Ұлттық ойын – халық мұрасы»
- Подробности
- Опубликовано: 14 марта 2017
Ұлы даланың ұлттық мәдениетін өрлетіп, оқушы жастар бойында рухани байлықты арттыру, салауатты өмір салтын сақтау мақсатында ҚМПИ әлеуметтік тәрбие жұмысы жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен №1 Затобол орта мектебінің қабырғасында ұлттық ойын «Асық атудан» ҚМПИ ректоры Әбіл Еркін Аманжолұлының кубогы сарапқа салынды. Тартысты өткен ойынға Қостанай ауданының мектептері белсенді ат салысты. Атап айтар болсақ, Мичурин орта мектебі, №1 Затобол орта мектебі және Н. Наушабаев атындағы мектеп-гимназиясы. Сайысқа қатысқан оқушылар жарыс басталмас бұрын, ұлттық мұра – ұлттық ойындарымыз жайлы арнайы ақпараттарға қанық болып, ұлттық ойындар жайлы өз ойларымен, өз пікірлерімен бөлісті. Қыздар мен ер-жігіттер болып бөлек сайысқа түскен оқушылар ҚМПИ ректорының кубогын қанжығаларына байлау үшін, алдарына жан салмады.
Сайыс қорытындысы бойынша, жігіттер арасында Тимарканов А. 1-орын иеленсе, қыздар арасында 1-орынмен Мальцева Я. марапатталды. Институтымыздың атынан аталмыш сайыста қазылық қылған дене шынықтыру, спорт және туризм факультетінің аға оқытушысы, республикалық дәрежедегі төреші Какашев Қаршал Төлегенұлы барлық қатысушыларды құттықтап, ҚМПИ атынан тағайындалған сыйлықтарды табыс етті. Сонымен қатар, тартысты өткен сайыс болашақта өзінің жалғасын табатынын және ҚМПИ осы дәстүрді дәріптеп дамытатынын және басқа да ұлттық ойындарын өткізетінін жоспарлап отырғанын тілге тиек етті.