Жайдарлы жайдарман ҚМПИ төрінде
- Подробности
- Опубликовано: 30 марта 2017
2017 жылдың 29-30-наурыз күндері Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты қабырғасында «Торғай» Республикалық-аймақтық лигасының 1/8 финал ойындары өтті. Республиканың түкпір-түкпірінен жиналған әзілкештер жиналған қалың қауымға өткір әрі қызықты әзілдерімен, сүбелі ойларымен, шалқып тасып жатқан импровизацияларымен керемет кеш сыйлай білді.
Екі күнге созылған әзіл бәйгесі ҚМПИ-ды жақсы көңіл-күйге бөледі. Қазақстан КВН одағының шақыртуымен институт ректоры Әбіл Еркін Аманжолұлы әділ-қазылар алқасының құрамынан табылды. Жастарға жанашыр болып, қолынан келген қолдауды аямай жүрген институт басшылығына ұйымдастырушылар алқасы алғысын білдіріп, жайдарлы жайдарман сайыстары қара шаңырақта әлі жалғасын табатынын тілге тиек етті. Өз кезегінде Еркін Аманжолұлы жайдарманшыларға сәттілік тілеп, сахнаның киелілігі, мәдениеті жайлы ағалық ақылын айтып өтті.
Сондай-ақ, аталмыш лиганың аламан бәйгесіне «ҚМПИ құрамасы» жайдарман тобы да қатысты. Студенттік өмірдің қызығы мен шыжығын, еліміздегі өзекті деген мәселелерді, өздерін толғандырған жүрек сөздерін әзілге қосқан ҚМПИ жайдарманшылары көпшіліктің көңілінен шыға білді. Сайыс қорытындысы бойынша институтымыздың көңілді тапқырлары жүлделі орынға ие болып, келесі ¼ финал ойындарына жолдама алды.
Аталмыш жайдарман ойындарында Қостанай қалалық студенттер альянсы белсенділік танытып, студенттер альянсының қалалық көшбасшысы, ҚМПИ студенті Асылгүл Бексұлтанова үздік жайдарманшыларды марапаттады.