Жалынды жігіттер «Жігіт сұлтанында» жарқырады!
- Подробности
- Опубликовано: 27 апреля 2017
«Жаңбыр жауса жерге сый, Жігіт туса елге сый» деп көреген қазағым қалып айтпағаны анық. Басына не келіп, не кетпеген ер-жігіттер әрқашан да, елдің қорғаны, шаңырақтың иесі, ағайынның арқасүйері болған. Қандай қайғы келсе де қасқайып қарсы тұрып, ар-намысын аяққа таптатпай, дегеніне жеткенінше тынбай талаптанған. Шалыс басса, шыңыраудан шыға білген де – жігіттер. «Ел мақтаған жігітті, қыз жақтаған» деген сөз де ер-жігіттің батырлығына, батылдығына, көркіне, сымбатына, өнеріне қарап айтылған секілді.
Өнерімен баурап, жалынымен өртеп, батырлығымен талай аруды тәнті еткен ер-жігіттер 2017 жылдың, сәуір айының 27 жұлдызы күні, ҚМПИ акт залында «Жігіт сұлтаны» үздіктер байқауында бақ сынасқан болатын. Әр факультеттен қатысқан арыстандай арлан жігіттер байқау барысында барын салғаны сахнада көрініп-ақ тұрды. Біреуі, өнерімен тәнті етсе, екіншісі, күш сынасу тұрғысында басымдау болды. Енді бірі, керемет шоумен таңғалдырса, бірі, күтпеген тосын жайттармен жиналған жұртшылықты баурап ала білді. Байқау шарты бойынша бас жүлде, жүлделі орынмен қатар, бірнеше номинациялар ұсынылып, қатысушылар бағалы сыйлықтармен, демеушілердің арнайы сертификаттарымен және ҚМПИ ректоры Еркін Аманжолұлы атынан Астана қаласында өтетін «ЕХРО-2017» халықаралық көрмесіне тағайындалған жолдамамен марапатталды. Байқау қорытындысы бойынша, ІІІ орынды тарих және өнер факультетінің 3 курс студенті Қуанышбаев Мағжан иеленді. ІІ орынды дене шынықтыру, спорт және туризм факультетінің жалынды жігіті Кабиев Темірлан місе тұтса, «Жігіт сұлтаны-2017» бас жүлдесін филология факультетінің 4 курс студенті Таңатқанов Табиғат жеңіп алды. Тартысты өткен аламанда дара шауып дарабоз атануға жігіттердің қай қайсысы болмасын лайық болды. Айтып кеткеніміздей, қалған қатысушылар жүлдеден құр қалған жоқ. Олар арнайы номинациялар мен бағалы сыйлықтарға ие болды:
- Лескенов Ырысхан, педагогика және психология факультеті – «Халық таңдауы»
- Байкалов Андрей, жаратылыстану-математика факультеті – «Ғаламтор жұлдызы»
- Закарин Темирлан, дене шынықтыру, спорт және туризм факультеті– «Жалынды жігіт»
- Камелов Серікболсын, жаратылыстану-математика факультеті – «Батыр жігіт»
- Нурманов Казбек, тарих және өнер факультеті – «Жаңа есім»
- Жанжігітов Сырым, филология факультеті – «Актерлік шеберлік»
- Жақсыбаев Ернар, тарих және өнер факультеті – «Сегіз қырлы, бір сырлы»
- Даруш Сахи, дене шынықтыру, спорт және туризм факультеті – «Жасампаз жігіт»