«Оқушыларға білім берудегі және білімін бағалаудағы заманауи көзқарастар: Назарбаев Зияткерлік мектептерінің жұмыс тәжірибесі»
- Подробности
- Опубликовано: 25 октября 2018
2018 жылдың 25-ші қазан күні жаратылыстану-математика факультетінің жаратылыстану ғылымдары кафедрасында «Назарбаев зияткерлік мектептері» автономды білім беру ұйымының «Қостанай қаласындағы физика-математикалық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебі» филиалының химия пәні мұғалімдерінің қатысуымен «Оқушыларға білім берудегі және білімін бағалаудағы заманауи көзқарастар: Назарбаев Зияткерлік мектептерінің жұмыс тәжірибесі» атты әдістемелік семинар өткізілді. Семинарға шақырылған мұғалімдердің барлығы ҚМПИ түлектері болып табылады (Антаева Г.Т., Нурушева А.Б., Мұхтарұлы Е., Кинжекеева Г.М., Тулубаев Н.Б., Нурсултанова К.А., Дарибаева С.А.). Семинарды 5В011200-Химия мамандығының әдістемелік комиссиясы ұйымдастырып, өткізді.
Семинар мақсаты: Педагогикалық практика алдында 3,4 курс студенттерін, сонымен қатар кафедра оқытушыларын Назарбаев Зияткерлік мектептеріндегі оқу бағдарламаларының, оқушылар білімін бағалау жүйесінің, оқытудың заманауи технологияларын қолданудың ерекшеліктерімен таныстыру. Семинар аудиториясы: 5В011200-Химия мамандығының 3,4 курс студенттері, ҚМПУ жаратылыстану ғылымдары кафедрасының оқытушылары.
Семинарға қатысқан мұғалімдер қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде баяндама жасады. Қостанай қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің мұғалімдері жаңартылған білім берудің мазмұнды ерекшеліктері (пән мазмұнын құрастырудағы спиральділік принципі, Блум таксономиясы бойынша оқыту мақсаттарының иерархиясы және т.б.), білімді бағалаудың, оқыту әдістерін қолданудың жаңа стратегиялары туралы айтып, презентация жасады.
Оқытушылар (Абдыкаликова К.А., Таурбаева Г.У., Важева Н.В., Чернявская О.М.) сұрақтарды талдауға қатысып, өз пікірлерімен бөлісті. Оқытуда ағылшын тілін білудің маңыздылығын, өз тәжірибесімен бөліскен жас мұғалімдердің құзіреттілік деңгейін, Назарбаев Зияткерлік мектептеріндегі оқу бағдарламаларының артықшылықтарын атап көрсетті. Аталған мектептердің оқу бағдарламалары сыныптан сыныпқа оқу материалдарының арасындағы байланысты айқын көрсетеді және олар күрделене түсе отырып, оқушылар білімінің тереңдей түсуіне ықпал жасайды (спиральділік принцип). Жалпы химия курсы химия ғылымының маңызды бөлімдерін қамтитын бірнеше негізгі тақырыптарға бөлінген. Сол тақырыптар бойынша оқу материалын түсіну оқушыларды ғылымның неғұрлым жоғары деңгейлерін меңгеруге жетелейді.
Төртінші курс студенттері «Мұғалімнің кәсіби бағыттары» атты пәнді оқитыны және бұл пән болашақ мұғалімдерде қазіргі заман талаптарына сай құзіреттіліктерді қалыптастыруға бағытталғаны туралы да айтылды.
Сөз алған студенттер (Бахаева К., 4 курс, Чапаксин И., 3 курс) семинар өздерінің болашақ мамандығына деген жақсы көзқарастың нығаюына әсер еткенін, мектептен келген мұғалімдерге қарап өздері де сондай дәрежеге жетуге тырысатыны туралы айтты. Рефлексия этапында қатысқандарға анкета толтыру ұсынылды.