Ұлыларды ұлықтаушы ұстаз

09.04.2020 күні сағат 15.00-де ҚР Президентінің жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның тапсырмасына сәйкес Филология департаменті, қазақ тілі мен әдебиеті білім беру бағдарламасының ұйымдастыруымен «Ұлыларды ұлықтаушы ұстаз» ақын, ғалым Серікбай Оспановпен онлайн кездесу өтті. Кездесуге қазақ тілі мен әдебиеті білім беру бағдарламасының оқытушылары мен студенттері қатысты.

Ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Ө. Сұлтанғазин атындағы ҚМПУ профессоры Серікбай Оспанов кездесу барысында студенттерге тіл мәселесі, ұлтты сүю, әдебиет тақырыбында әңгіме қозғап, жастарға адами асыл қасиеттерді насихаттады. Ұлт Ұстазы Ы. Алтынсариннің өмірі мен шығармашылығын зерттеудегі Серікбай Оспановтың еңбегі зор. Алтынсарин шығармашылығынан тың деректер келтірген зерттеуші болашақ жас ұстаздарға өмірлік ақыл-кеңес берді. Ақындығымен қоса композиторлық қабілетімен талайдың жүрегін жаулаған ұстазымыз көптің сұрауымен «Тобыл ағады», «Бес саусақ» әндерін қазақтың қасиетті қара домбырасымен тамылжыта орындап берді.

Онлайн конференция соңында ББ жетекшісі Талғат Тұрарбекұлы да ой-пікірімен бөлісіп, Серікбай Оспановқа өз алғысын білдірді. Әдебиет пен өнерді ұштастырған онлайн конференция жоғары деңгейде өтіп, көптің көңілінен шықты!

Біздің мекен жайымыз

110000, Қостанай қаласы,
Тәуелсіздік көшесі 118

  • Тел./факс: +7 (7142) 51-11-57

Біз әлеуметтік желідеміз