Қазақ филологиясы факультетіндегі Әз Наурыз
- Подробности
- Опубликовано: 19 марта 2013
Жер Ана үш ай бойы жамылған қалың тонын шешіп, күннің шуағына шомылған табиғаттың көрінісі, көктемнің ескен самал желі адам жанына шуақ сыйлайды. Дархан дала қалың ұйқыдан оянып жаңа тіршілік басталды. Осындай көктемнің жайма шуақ күнінде барша мұсылман қауымның тойлайтын Наурыз мейрамы біздің қара шаңырағымызда да тойланып өтті.
Жыл басында өз еншісін алып қара шаңырақ болған Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтытының қазақ және орыс филологиясы факультеті құрылғалы біршама игі іс-шаралар аталып өтті.Аталмыш факультеттің деканы филология ғылымдарының кандидаты, доцент Есіркепова Кенжегүл Қабылғазықызы мен қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі Иісова Эльмира Әділханқызы бастап, кафедра оқытушылары қостап қазақ тіліміз бен мәдениетімізді, салт-дәстүрімізді студенттердің бойына сіңіру мақсатында көптеген білім жарыстары мен көптеген мәдени іс-шаралар атқарылып, қажырлы еңбек етуде. Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының басқа мамандықтардан айырмашылығы мұнда тек ғылыммен айналысып қана қоймай, студенттер қазақ халқына тән ерекшеліктерді, әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерді дәріптеуге ұмтылып, ұлттық тәрбиені бойларына сіңіруде. Осындай ниетпен наурыз мейрамын біздің мамандық оқытушылары мен студенттері жылда дүркіретіп өткізеді. Биылғы жылы да қазақтың бар болмысын, тұрмыс-жайын суреттейтін бұл мейрам өз дәрежесінде атқарылды. Тәрбие ісінің меңгерушісі аға оқытушы, қазақ тілі мен әдебиетінің магистрі Шошақова Жанар Қарасынқызы барлық курстың басын біріктірді. Топ кураторларымен тығыз байланыста болған студенттер мейрамның өту барысында бөлінген міндеттерді жауапкершілікпен атқарды.
Сонымен қатар, наурыз мерекесі қарсаңында институтымызда өткен қазақша күрес сайысында 2-курс студенттері Әділханов Азиатхат мен Серікбаев Нұрмұхаммед 1-орынды иеленсе, Берікқара Заманбек 3 жүлделі орынға ие болды.
Міне осылай қазақ филологиясы факультеті қазақша жаңа жылды үлкен жетістіктермен қарсы алды.
Есмағанбетова Жанерке
ҚМПИ қазақ және орыс
филологиясы факультетінің
ІІІ курс студенті