Өндірістік практика – кәсіптік-педагогикалық қызметке даярлық
- Подробности
- Опубликовано: 27 марта 2019
Өндірістік практика – оқу үрдісінің студенттердің кейінгі кәсіптік-педагогикалық қызметтеріне қажетті тәжірибелер мен дағдыларды алуға бағытталған бөлігі. Сондықтан өндірістік практика студенттердің жоғары оқу орнында алған теориялық білімдерін бекітуге, тәжірибелік дағдылар мен негізгі құзыреттіліктерді меңгеруге, сондай-ақ мектептерде озық педагогикалық тәжірибені меңгеруге негізделген «Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі» мамандығының білім беру бағдарламасының құрамдас бөлігі болып табылады.
Осының негізінде университеттің «Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі» мамандығының 4 курс студенттері биылғы 2018-19 оқу жылында Қостанай қаласының №20, 10 орта мектептерінде және №24 бастауыш мектеп-гимназиясында өздерінің оқу мамандықтарына сәйкес тәжірибелік білімдер мен жұмыс дағдыларына әдеттену мақсатында 2019 жылдың 14 қаңтарынан 23 наурызы аралығында (10 апта) өндірістік практикаларынан өтті. Онда студенттер әр сыныпқа (1-4 сынып) біреуден бекітілді. Өндірістік практиканың әдіскерлері: «МД және ББ» кафедрасының аға оқытушылары Кушмурзина Д.Х., Мукалиева Б.Х., Султанбекова Ж.Х., Бисембаева Ж.К., Султанбекова А.Ж.
Практика барысында сынып жетекшілерімен тығыз педагогикалық байланыс орната алды. Практика бағдарламасында көрсетіліп бекітілген жұмыс жоспарына сәйкес өздерінің кәсіби-педагогикалық қызметтеріне даярлық іс-әрекеттерін талапқа сәйкес орындап шықты. Күнделікті өткізуге тиіс сабақтарына аса жауапкершілікпен қарап, қазіргі білім беруде қолданылып жүрген педагогикалық технологиялардың әдіс-тәсілдерін де өз деңгейінде қолдана білді. Өткізетін сабақтарына дайындалуда пән мұғалімдерінің ақыл-кеңестерін алып, олардың озық тәжірибелерін қолдануда жақсы нәтиже көрсетіп, мектеп мұғалімдері мен кафедра әдіскерлерінің назарына іліккен студенттер де болды. Олар: Балтабаева Гульнур, Оспаналиева Ұлдана, Есеналы Арайлым, Үкібай Ақтоты, Аскарова Снежанна, Ашимова Ұлжалғас, Шаисламова Азиза, Салқын Ақерке. Бұл студенттер практика қорытындысы бойынша «өте жақсы» деген бағада бағаланды.
Студенттердің көбі өздерінің дипломдық жұмыстарының тақырыптарына сәйкес ғылыми-зерттеу жұмыстарын да мектептегі оқу-тәрбие үрдісінде кеңінен қолданып, белгілі нәтижелерге қол жеткізе білді. Солардың бірі, Балтабаева Гульнур «Көптілділік жағдайдағы пәндік кіріктірілу кіші мектеп жасындағы оқушылардың тілдік іскерліктерін дамыту құралы ретінде» атты диплом жұмысы бойынша оқу үрдісінде пәндерді кіріктіру арқылы көптілділік саясатын жақсы қолдана алды. Онда қазақ тілі, орыс тілі және ағылшын тілдерінің, тіпті кейде математика, дүниетану сабақтарының да ортақ тақырыптарын кіріктіре отырып, оқушылардың үш тілде білім алуымен қатар сабақтарға деген қызығушылықтарын да арттыра білді. Және де практика барысында осы көптілділік жағдайда пәндерді кіріктіре өткізген өзінің іс-тәжірибесін «Мектепке дейінгі және бастауыш білім беру» кафедрасының апталығы аясында ұйымдастырылып өткізілген «Инновациялық идеялар Аукционы» атты іс-шарада өте жақсы баяндап бере білді, соңынан сертификатпен марапатталды.
Сонымен, өндірістік практикадан барлығы 22 студент (4 курс – 21 студент, 3 курс, қысқартылған бөлім – 1 студент) өтті.
Практика мерзімі аяқталғаннан кейін студенттер өз практикаларын қорғау үшін бекіту конференциясына қатысты. Бекіту конференциясы 27 наурыз күні өткізілді. Онда студенттер өздерінің практикада қолданған көрнекі құрал-жабдықтарынан көрме ұйымдастырып, жалпы практика барысында атқарған іс-әрекеттеріне қорытынды жасады. Практикадан өту барысында кездескен қиыншылықтар мен қызықты шақтарына да тоқталып өтті.
Жалпы, өндірістік практика оларға өздерінің алдағы кәсіби-педагогикалық қызметтеріне даярлықтарына үлкен педагогикалық тұрғыдан көмек бергенін, болашақ педагог ретінде педагогикалық шеберліктерін жетілдіруге зор ықпалын тигізгенін аса қуанышпен жеткізіп, мектеп мұғалімдері мен кафедра әдіскерлеріне өздерінің алғыстарын білдірді. Өндірістік практика өз мақсатына толығымен жетті.